Ішкі істер министрі инспектор Ерлан Нұрғалиевтің өліміне қатысты түсініктеме берді.
Қалмұханбет Қасымов күдіктілер арасында Қызылорда облысының тұрғындары бар екенін, сондай-ақ олар оқиға орнынан жасырынғанын айтты.
«Ерлан Нұрғалиевтің өліміне күдіктілер арасында Қызылорда тұрғындары бар. Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері бағыттама мәлімет таратты. Көлік пен адамдардың кім екені анықталды. Куәгерлер бар, ол жерде екі көлік болған. Қазір іздеу жарияланды», деді Қ.Қасымов.
Сондай-ақ министр жарақат алған инспекторды ауруханаға жеткізуге көп уақыт кетті деген ақпаратқа қатысты жауап берді.
«Қорықшы неге көлікпен жеткізілмеді десек, қылмыскерлер қылмыс орнынан кетер алдында көлік кілтін алып, навигаторды жұлып тастаған. Сондықтан екінші көлік оларды бірден таба алмаған. Әрине, сол себептен оны ауруханаға жеткізу үшін уақыт жоғалтып алдық. Біз таңертеңнен бері жеткізгіміз келген, бірақ түске дейін ауа райының қолайсыздығына байланысты тікұшақпен бара алмадық. Біз төтенше жағдайларға арналған тікұшақты пайдалана алмадық, әуеге көтерілуге рұқсат бермеді. Біз «адам өлтіру» бабымен іс қозғадық. Бұл адамдар әлі ұсталған жоқ. Олар екі көлікте болған. Бірақ қылмысқа бір көліктегі үш адам барған. Кейбіреулерін анықтадық, солар арқылы негізгі қылмыскерлердің кім екенін білдік. Мәліметтер болған жағдайда бірден хабарлаймыз», деді Қ.Қасымов.
Еске салсақ, Қарағанды облысының Нұра ауданында браконьерлер инспекторларға қарулы қарсылық танытып, оларды соққыға жыққан болатын. Салдарынан екі инспектор ауыр жарақат алып, бірі көз жұмды.