• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Желтоқсан, 2012

Сталинмен қоштасу

670 рет
көрсетілді

Сталинмен қоштасу

Дүйсенбі, 10 желтоқсан 2012 11:39

Көктемнің келе жатқанын ең алдымен кәдімгі майда құстар сезеді. Шымшықтар шықылықтап, секеңдей бастайды. Бірлі-жарым наурызкөк көрініп қалады. Жәудіреген көздері моншақтай мөлдіреп, адамдармен ықыластана амандасқандай, шымшықтар сияқты секеңдемей, шошаңдамай, жорғалай басып, жаныңа жақындап:

 

Дүйсенбі, 10 желтоқсан 2012 11:39

Көктемнің келе жатқанын ең алдымен кәдімгі майда құстар сезеді. Шымшықтар шықылықтап, секеңдей бастайды. Бірлі-жарым наурызкөк көрініп қалады. Жәудіреген көздері моншақтай мөлдіреп, адамдармен ықыластана амандасқандай, шымшықтар сияқты секеңдемей, шошаңдамай, жорғалай басып, жаныңа жақындап:

– Көктем келді, көзайым болыңыз! – дегендей ишара білдіреді.

Оны көп адамдар түсіне бермейді. Адам­дар­дан құстар тілін білген тек Сүлеймен пай­ғамбар ғана болған. Ал бірақ, өкінішке орай, адамдардың бәрі Сүлеймен пайғамбар емес.

Ал бүгін кәдімгі шошақай шымшықтар да шықылықтамайды. Наурызкөк те көрінбейді. Шымшықтар мамық жүнін жел қобыратып, бұтақтарда бүрісіп-бүрісіп отыр. Олар да қалың қайғыдан қабырғалары қайысып, қара жамылып қалғандай.

Бүгін Сталинмен қоштасу күні.

Борис Фардзинов екеуміз бірге баруға ке­лістік. Әсіресе бүгін жалғыз-жарым жүру өте қиын. Баратын жеріміз – Колонна залы. Мәскеудің дәл төрінде. Кремльден алыс емес.

Бірақ бүгін метромен жүріп болмайды. Трамвай, троллейбустан қайыр жоқ. Такси жалдауға біз сияқты студенттің қалтасы көтермейді. Бүгін, сірә, такси де жүрмейді.

Жаяу тарттық. Мәскеудің таңы түнеріп тұрды.

Көшелерде адамдар сеңдей соғысады. Мәскеудің көшелері қыс бойы тоң болып сіресіп жатып, бүгін кенеттен сең жүріп, таудай-таудай тасқын толқындары тулағандай.

Байқасаң, адамдардың бәрі бір бағытқа, шаһардың ортасына беттеген сияқты.

Біз Борис Фардзинов екеуміз сол тол­қын­ға душар болып, топан судың бетінде секеңдеген жаңқадаймыз. Көшеге қалай шықтық болды – толқын бізді қақпақылдап, іліп алып кете барды.

Борис Фардзинов менің курстасым. Ұлты – осетин. Солтүстік Кавказдан. Дәлірегі – Солтүстік Осетиядан. Оңтүстік Осетия дейтіні тағы бар. Ол, сірә, Грузияның құрамында.

Рас-өтірігін кім білсін, біреулер сыбыр­лап, Сталин грузин емес, осетин екен, о баста фамилиясы Джугашвили емес, Джугаев екен деп жүрді.

Осетин дейтін бір-ақ халық. Бірақ, екі бөлек. Бір жартысы Грузия құрамында, екінші жартысы – автономиялық республика. Ресей құрамында. Орталығын бұрын Дзауджикау деуші еді, енді Орджоникидзе дейді.

Орджоникидзе атақты большевик, Сталиннің серігі болған. Кавказда совет өкі­метін орнатар кезде грузин меньше­вик­терімен төбелесіп қалып, сонысы үшін кейін Лениннен таяқ жеген.

Мені осы жолға жүр-жүрлеп алып шыққан да осы Борис Фард­зинов. Қою қара шашы дүлей ормандай, бойы мен құралпы болған­мен, денесі шомбал, тып-тығыз, нағыз палуан тұлға. Кеше факуль­тетте шолақ қол декан қаралы митинг өткізгенде, осы Фардзинов дап-дардай болып, көзінің жасын пора-пора қылып жылады. Жанымда тұрған курс парторгы Борис Силкин мені түртіп қалып:

– Жыла, жыласаңшы, – деп еңкілдеді.

Бірақ менің көзімнен жас шықпады. Безірейдім де қалдым. Мылқау сияқтымын.

Анам Айшаның айтуына қарағанда, мен туған әкем Мұртазаның қазасын естірткенде де жы­ла­маппын. Атақты Отыз Жетінші жылы Халық Жауы атанып, сотталып кеткен әкем Мұртаза шамада 1940 жылы құлақ есітіп, көз көрмеген “Дәлній босток” деген жақта, Зея деген өзеннің бойында, ну орманда ағаш кесіп жатқанда үстіне қарағай құлап кетіп, басып қалып, содан ажалы жеткен.

Сол суық хабарды жұрт жиналып келіп, анам Айшаға естіртеді ғой. Бейшара Айша аш беліне түсетін бұрымын тарқатып, қалың қо­лаң шашын жайып жіберіп, қызылшы­райлы, ай дидарлы бетіне тырнақ салып жыртып жі­бе­ріп қанатқанда, мен оның бетін сүртіп тұрып­пын. Бірақ безірейіп, көзімнен жас шықпапты.

Жатақханадан құлқынсәріде шығып едік, Колон­ный залға жетер түріміз жоқ. “Тайфун” дейтін дүлей дауыл болады деуші еді. Сірә, бұл сөз біздің “топан суы” деген ұғымнан шыққан болар. Баяғыда-баяғыда, Нұх пайғамбар зама­нын­да, Алла тағала о басында күнәсіз жаратылған адам­дардың келе-келе әбден бұзылғанын, иманнан жұрдай болғанын көріп, жер-дүниені ластан, былапыттан тазартпақ болып, Нұх пайғамбарға парман берген ғой.

– Бір кеме жаса, — деген. – Сол кемеге адамзат, жан-жануар, ұшқан құс, жүгірген аң, күллі өсімдік атаулыдан бір-бір жұптан ең тазасын алып, кемеңе сал, – деген.

– Мен жер бетіне топан суын қаптатамын. Сөйтіп дүн-дүниені жуып-шайып, былапыттан тазартамын. Сонда сен, Нұх пайғамбар, кеме­мен топан судан аман қалып, топан тартылған жерде кемеңдегі жан-жануарды, адамдарды, ұшқан құс, жүгірген аңды босатып қоя бере­сің. Солардан таза ұрпақ өсіп-өнеді, — деген ғой.

Біреулер сол кеме Синай тауының қырқа­сына тоқтаған дейді. Біреулер Нұх пайғам­бардың кемесі Арарат тауында қалған дейді. Ал енді біздің ата-бабаларымыз Нұх кемесі Қазығұрт тауының басында қалған дейді.

Осы соңғы әфсананы растайтын куә ретінде халық ежелден бері қарай:

Басында Қазығұрттың кеме қалған,

Болмаса кереметі неге қалған?! – деп жырға қосып, той-томалақ жиындарда осы әнді әлі күнге дейін айтып келе жатыр.

Мен осыны ойлап болғанша, орасан тол­қын арт жағымнан соққан кезде Борис Фар­дзи­новтен ажырап қала жаздадым. Артыма бұ­рылып қарауға мұршам келмей, қолымды созай­ын десем, өз қолымды өзім босата алмай, ай, енді кеттім-ау, деген кезде палуан осетин­нің әлуетті қолы менің иығымнан тартып ұстап қалды.

Енді бір заманда шыңғырған, ыңырсыған дауыс­тар естіле бастады. Мына қияметтің қыл көпірінде тұрған шақта әйтеуір құлай көрме. Құладың – бітті, қайтып тұру жоқ, қу тіршілікпен қоштаса бер. Топан судың түбінде, мыңдаған тұяқ-табанның астында қаласың! Ұлы көсемнің құрбандығы боласың.

Аспанның жүзі ақ будан көрінбейді. Кешке қа­рай аяз қысқан соң ауыздан шыққан леп ақ буға айналып, аспан дидарынан адасқан жұрт күн­нің қай мезгіл екенін де ажырата алмай қалды.

Ажал құрығына ілініп, сансыз аяқ астында қалған адамдардың жан айқайы; әлі табан астына түсе қоймаған, бірақ ары-бері толқынның қатты соққысынан есеңгіреген жүрегі нашарлардың шыңғырғаны; бақырғаны – әлемнің еш шарасыз күйзеліске ұшырағанының анық айғағы еді.

Оның үстіне мұхитқа айналған көшенің қос қапталындағы биік-биік үйлердің төбесінен бажылдаған мысықтардың ащы даусы қосылады. Ол рас, мысықтар орасан қыспаққа түсіп, өкпе­лері өшіп, жүректері жарылып бара жатқандықтан бажылдамайды. О, олардың бақырысы басқа!

Күн көсемнің өлімі мысықтар үшін – пішту! Мы­сықтар оған бо­ла қайғырмайды. Пенделер үшін қайғылы басталған март – нау­рыз мысықтар үшін махаббат маусымы. Әне, мәселе қайда жатыр.

Адамдар ақырзаман орнағандай күйзеліп, қайғырса, мысықтар махаббат қызығына батып, үйлердің төбесіне шығып алып, ойнақ салып жүр. Мұндайды Батыстағы жұрт: “Пир во время чумы”, — дейді. Яғни: “Оба жайлаған жердегі той”, деген ғой.

– Ұста мені, Борис бауырым, мықтап ұста, құлап қалмайын. Құласам – тұрмаймын! Мен құласам, мына сұм дүниенің несі кетер дейсің. Ешкімнің де ешнәрсесі кетпейді. Бірақ елдегі жалғыз анам Айшаға обал да! Әне, сол жылайды ғой, соры арылмаған сорлы. Мені Мәскеуге оқуға жібергісі келмеп еді, жарықтық. Жылап еді. Мен станцияға пойызға мінейін деп бара жатқанымда Мұса бригәт атпенен артымнан қуып жетіп:

– Қайт, жүгәрмек, өлейін демесең, қайт! – деп басыма қамшысын үйіріп еді. – Туған жерден шалғай-шалғай айдауда жүріп әкең Мұртазаның сүйегі жат жерде қалғаны аз ба еді?! А? Ана шешең мен іні-қарындасыңды кім асырайды? А? Олар құдайдан сен өссін, Әулие-Атадағы оқуын бітірсін, содан кейін бізге көмек­теседі деп үміттенді. Әулие-Атадағы оқуың бітті, құдайға шүкір. Енді жер түбіндегі Мәскеуде сенің қай нағашың бар еді?! А?

Бұл Мұса жарықтық отыз жетінші жылы менің әкем Мұртазамен бірге Халық Жауы болып ұсталып кетіп еді, бір-екі жылдан кейін “көкірек ауру” деп қайтып келді. Енді колхозда бригәт! Билеп тұр.

Бірақ бригәт болса да мен көнбедім.

Енді дәл қазір сол Мұса шалдың тілін алмағаныма, анам Айшаның, қарындасым мен інімнің қасында қалмағаныма өкінгендеймін. Ә дегенде мына теңселіс қақпақыл ойыны сияқты көрінгенмен, бара-бара өршіп, арсыз ажалдың ауылы жақындап қалғандай жан қысылып барады.

Қой, олай бола қоймас деп өзімді-өзім жұбатайын десем, айнала жан айқай. Шыңғырып жатыр. Құлап қалған. Жүрегі талған. Амалсыз құлап қалған. Қайта тұруға қауқар жоқ. Құладың, сорлы, қор болдың. Ақырғы әрекеті – шыңғыру. Шыңғырып өлген жаман-ау. Ондайды құдай қаламас.

Баяғыдан қалған аңыз бар: Ыбырайым пайғамбарға Алла тағала бұйрық етті:

– Ана Ысмайыл деген балаңды бауызда! – деп.

Пайғамбар Алланың айтқанын екі етпес болар. Өзінің Ажар атты тоқалынан туған Ысмайылды шақырып алып:

– Осылай да осылай, Алланың бұйрығы. Орындамасқа амал жоқ, – деп баласын бауыздамақ болып, алқымына пышақ сала бергенде, Алладан бұйрық келді:

– Баланы босат. Орнына көк қошқар сой! – деді.

Сол сәтте көктен көк қошқар түсті.

Пышаққа түскен көк қошқар сонда дыбыс шығарған жоқ, жануар.

Ал мыналар шыңғырады, бақырады байғұстар.

Сөйткен Ысмайылдан жарты әлемді жайлаған араб жұрты тарады.

Осындайда кеудеңде бір сұрақ қалады. Бұлай ой­лаудың өзі пендешілік, күнәкарлық болуы да мүм­кін. Әйтпесе сол Ыбырайым пайғамбардың бәй­бішесі Сарадан туған Ысырайыл бар емес пе еді?

Алла тағала құрбандыққа неге Ысырайылды қаламай, неге Ысмайылды таңдады? Жауабы жоқ сұрақ. Ысырайылдан еврей                әулеті тарады.

Е, байғұс, баяғы-баяғыда өтіп кеткен ұлы әруақтарда нең бар? Онанда мына мың болғыр осетин жігіті Борис Фардзиновтің жуан белдігінен мықтап ұста! Табанға түсіп қалмас үшін. Алыста, Талас Алатауының бауырында сенің амандығыңды Құдайдан күндіз-түні тілеп жүрген анаң Айшаны аңыратпас үшін.

– Убери руки! Тарт қолыңды, оңбаған! – деп ай­қайлайды қатарымызда ары-бері теңселіп жүр­ген жуан әйел. Бұл енді өзі өртеніп жатқан үйдің отына қойдың басын үйтіп алмақшы болған адам­ның әрекетіне ұқсайды. Жуан әйелдің қалтасына, әлде бір ұятты жеріне қол сұққан сұмырай мына ақырзаман кезінде де сұмпайылығын істеп жүр.

Ал биік үйлердің төбесіндегі мысықтардың ба­жыл­даған, бақырған дауыстары өршімесе, тыйы­лар емес. Мысықтардың махаббат маусымы. Бұл өзі Жаратылыс белгілеп берген қысқа мерзім. Осы мерзімде ойна да күл. Содан кейін сап тыйыл! Адамдар сияқты жыл он екі ай: қыс де­мей, жаз демей; көктем демей; күз демей; күн­діз де­мей, түн демей, адамдар сияқты аймаласып, ай­қаса берме! Махаббатсымақ батпаққа бата берме!

Жалпы, мысыққа көзқарас әр елде әртүрлі. Ба­тыста алдынан мысық өтіп кеткен адам: “Жо­лым болмайтын болды-ау”, — деп көңіліне алады.

Ал біздің Мұхаммед пайғамбарымыз ұзын түйе жүн шекпенінің ете­гінде жатып ұйықтап қалған мысықты оятпай-ақ, шекпенінің мы­сық жатқан жерін қайшымен қиып тастап, түрегеліп, намазға тұр­ған ғой. Мысықтың әлдеқандай қасиеті болмаса, пайғамбар сөйте ме?

Осы мен қателеспесем, мысықтың бейне­сін бұдан бес мың жыл бұрын өтіп кеткен пер­ғауындардың пирамидаларына өмірі өш­пес­тей етіп суреттерін салып тастаған дейді. Неге?

Мен осындай оймен әлек боп жүргенде, Борис Фардзинов мені оңға қарай ойыст­ы­рып, қолымнан тартып, жағалау жаққа бір сүйем, сынық сүйеммен жақындай берді. Шет­ке жете бергенде долы толқын қайтадан көшенің ортасына қарай лақтырып жібереді.

Әне, сонда шын үрей бойды билей бас­та­ды. Бұл адам-айуан тұтқынынан құ­тыла алмастай әсер шырмап алды.

Бұдан гөрі тас түрме тәуір шы­ғар. Мына адамдар абақтысы сені ты­ныш тұрғызбай жан-жағыңа аяу­сыз лақтырады. Әр лақтырған сайын қабырғаларың күйреп кете жаздайды.

Менің осы уақытқа дейін құлап қалмай, табан астында тапталмай, сүлдемді сүйретіп, ары-бері әткеншек тепкендей, сеңмен бірге серпіліп қа­лып жүргенім, бала кезімнен еріксіз шынық­қанымнан шығар. Әкей алысқа айдалып кетіп, жат өлкеде жер жастанып қалғаннан кейін, мені Тасбет бригәт тоғыз жасымнан қамшының астына алып, жұмысқа салған жоқ па?

Бір жамандықтың бір жақсылығы бар, егер еңбекте шыңдалмаған шінжәу болсам, мына жерде әлдеқашан сүйегім қақырап қала­тын еді. Әрі десе Құдай мені осетин Борис Фардзиновке жолдас қылғанын көрмейсің бе? Ол болмаса, мен мына дүлей қыспаққа шы­дай алмай, құлап қалуым әбден мүмкін еді. Алла тағала алыстағы Айшаны аяған шығар…

Мысықтар баж-баж ете қалады. Оларға мына түксиген биік үйлердің төбесінде тө­мен­дегі мың-мың, а бәлкім, миллион адамдардың күңіренген күрсінісі, жан айқайы, шырқырап шыңғырғаны ешқандай әсер етпейтін сияқты. Олар өз шаруа­сымен әуре.

Ал адамдар баяғы-баяғыдағы Вавилон (Бабыл) аласапыранын­дағы сияқты бірін-бірі түсін­бе­ген­діктен алдыңғы жағы тұйықталып, артқы жағы мұхиттың лоқсыға­нын­дай күшене итеріп, жарға соққан толқын кейін шегініп, адам­дарды суша сапырғанда, пен­делердің бір ақылға келмеуі, бірін-бірі ұқпауы мылқау сұмдыққа айналды.

Баяғы-баяғыда Бабыл тұрғын­дары Күнге дейін мұнара тұр­ғызбақшы болыпты ғой. Сан түрлі тілде сөйлейтін, бірінің тілін екіншісі ұқпайтын, сан тараптан жиналған тобыр екен. Мұнара биіктей беріпті, биіктей беріпті. Ақыры адамдар бірін-бірі түсінбегеннің кесірінен, есіл еңбек еш болып, зая кетіпті.

Мынау да соның бір түрі. Не көшедегі адамдардың алдын қатар-қатар автобустармен бөгеп тастамай, тас тоған салмай, жолды ашу керек. Не арттан адамдардың ағылған лек-легі тежелу керек. Ап-анық нәрсе. Бірақ адамдар біле тұра бүлінді.

Құдай төтеннен ешқандай кесапат жіберген жоқ. Найзағай шатырлаған жоқ. Жер сілкінген жоқ. Таулар теңселіп, сел тасқын қаптаған жоқ.

Адамдардың бірін-бірі түсінбеген мақаулығынан енді бірін-бірі жаншып, бірін-бірі таптап, өзіне-өзі ақырзаман тілеп алды.

Рас, Сталин қайтыс болды. Ол да Құдайдан кем емес деп жүрсек, кәдімгідей пенде екен, ажал жетті – өлді.

Ал енді соған бола, соның жолында мына жерде жүздеген адамның аяқ астында қалып, тапталатын не жөні бар? Үйінде отырып та қайғыруға болады ғой.

Баяғы-баяғы адамзаттың әлі де тағылау бір кезінде патша өлсе, оның жанына құлы мен күңін, қару-жарақ, ереуіл атын бірге көметін салт бар екен. Ол заманның патшалары нысапты екен ғой. Ал мына Сталиннің жолында жүздегендер құрбан болып барады.

Жарықтық өлгенде де құрбандыққа тояр емес. Ал тірісінде ше? О! Тірісінде оның жолына құрбандыққа мына қазіргідей шінжәу, әлсіз, жабырқаулар емес, тірісінде оның жолында құрбандыққа кілең марқасқалар, кілең ай мүйізді арқарлар шалынды емес пе?! “Халық жаулары”!

Бір кезде өте пәрменді қатты толқын бізді алға қарай емес, оң жақ қапталға қарай лақтырып жіберді. Бұл енді Құдайдың бізге оң көзі түскенінің нышаны ма деп ішім жылып қалды. Өйткені бұл сұрапыл ағысты өзеннің бір қолтық-қойнауы сияқты жер екен. Бізді қайтып қатты ағыстың арнасына тартқан жоқ.

Қалтарыста қалып қойдық.

– Енді өлмейміз, – деді ақкөңіл Борис Фардзинов.

– Құдай біледі де, – деймін әлі тозақтан шыққанымызға сеніңкіремей.

Жонарқамыз қарақошқыл кірпіштен қаланған қабырғаға тірелді. “Бізді сақтай гөр” демесем де, соған ұқсас іштей бір тілекпен әлгі кіршеңдеу кірпіш қабырғаны алақаныммен сипап қойдым.

Әйтеуір аз жасамаған. Бәлкім, Иван Грозныйдың заманынан бері тұрған қабырға шығар. Бәлкім, бұл түрменің қабырғасы ма? Өте көне көрінеді, кіршең. Кім біледі, Иван Грозный баяғыда Қазанды алғанда, Қазанның Сүйімбике есімді қатын патшасын тұтқындап, Мәскеуге алып кеткенде, осы абақтының ішіне әкеліп қамады ма – қайдан білейік. Қай-қайдағы ойға келеді. Жаңа ғана көпе-көрнеу ажалмен арпалысқан сияқты едім, енді қайдағы-жайдағы тарих есіме түсе береді.

Бұған да шүкір. Бұл тірі екеніңнің белгісі.

*  *  *

Арада бір апта өткенде ауылдан хат келді. Хат жазған жалғыз қарындасым мен жалғыз інім ғой.

“Апам (Айшаны айтады – автор) жеті шелпек пісіріп, құдайы нан таратты. Түс көріпті. Түсінде сен шетсіз-шексіз теңізде малтып жүр екенсің.

– Жағалауға шық, – деп сені шақырыпты.

Сен:

– Жәкеме бара жатырмын, — депсің. (Мұртазаны айтады – автор).

Апам:

– Жәкең алыста ғой, жете алмайсың, жағаға қайт, – деп айқайлапты. Сөйтіп жатып оянып кетіпті. Ертесіне апам жеті шелпек пісіріп, құдайы нан үлестірді. Балаларға”, деп жазыпты.

Хатты оқып, көз алдыма анам Айша, қарындасым мен інім келді. Ауылды қатты сағынғанымды сонда сездім. Оқуды тастап кетсем бе екен дедім.

Алыста, алыста, Талас Алатауының бауы­рын­да, Мың-Бұлақта жатқан ауылымды сағы­нып, тамағыма бір түйін тығылып, жылағым келді.

Сталин қайтыс болғанда қасарысып шықпаған жас енді көзімнен парлап ақты. Тыя алсамшы…

Шерхан МҰРТАЗА.

АСТАНА.

11 наурыз 2005 жыл.