Батыс Қазақстан облысында 450 мемлекеттік орган бар. Оларда 4149 адам қызмет атқарып жүр. Ал 256 мемлекеттік қызметкердің орны бос тұр. Бұл жөнінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің БҚО бойынша департаменті Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Венера Масимова хабарлады.
2018 жылы облыста мемлекеттік органдар 2065 бос лауазымға байқау жариялаған. Осы конкурстарға 2170 үміткер қатысып, олардың ішінен 1156-і жеңімпаз болып шығыпты.
- Конкурстың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету үшін облыстағы барлық мемлекеттік органдардың конкурстық комиссияларына байқаушылар қатыстырылды, - дейді Венера Нұрахметқызы.
2018 жылы өңірде әкімшілік мемлекеттік қызметтің «Б» корпусына түсу үшін заңнамаларды білуге арналған сынаққа 2404 адам қатысып, 57%-ы тестілеуден өте алмаған. Ал құқық қорғау қызметіне түсуші 1743 адамның 39,4% ғана тест сынағынан сүрінбепті.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан