Батыс Қазақстан облысында биылғы қыс боранды-қарлы болып тұр. Өңірдегі Төтенше жағдайлар департаменті жыл басынан бері боранды алдын ала ескерту және автокөлік жолдарының жабылғанын тұрғындарға жеткізу үшін 43 мәрте SMS-хабарлама таратқан.
«Қазгидромет» РМК БҚ филиалынан түскен ақпараты бойынша қардың орташа қалыңдығы былтырғымен салыстырғанда әжептәуір жоғары. Әсіресе, әдетте қысы жайлы өтетін оңтүстіктегі Бөкей ордасы, Жәнібек аудандары биыл қыс қиындығын, жол азабын тартып жатыр. Мысалы, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарында былтыр қар болмаса, биыл оның қалыңдығы 28-36 см-ге жеткен.
- Қыс мезгілінде республикалық және жергілікті маңыздағы жолдарды күтуге қажетті жанар жағар-май қоры 850 тоннаға жуық көлемде жасақталды. Тайғақ жолға қолдану үшін 20 мың тоннаға жуық құм, 3 мыңға жуық тұз және 8 мың тоннадан астам құм-тұз аралас қоспа дайындаған едік. Қазір халық игіліне асып жатыр. Қыс мезгілінде республикалық және жергілікті маңыздағы жолдарды күтуге 357 жол техникасын жұмылдырып, 17 жылыту пункті ұйымдастырылды, - дейді Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Марс Отаров.
Алайда осы шараларға қарамастан жыл сайын республикалық және жергілікті маңыздағы жолдарда қар құрсауында қалып қоятын автокөлік көп. Мысалы, осы қыста ТЖ департаменті, жол қызметі мен полиция қызметкерлері және жергілікті әкімдіктер күшімен жолда қалған 94 техника мен 173 адам құтқарылған. Мұның себебі арнайы жоғары өтімді техникалар жетіспейді. «ҚазАвтоЖор» РМК филиалының арнайы техникамен қамтылуы небәрі 50% шамасында ғана екен. «Аталған қызметте фуралар мен үлкен жүк көліктерін сүйрейтін арнайы техникалар жоқтың қасы» дейді Марс Отаров.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан