Агроөнеркәсіп кешені алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – бес жыл ішінде еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2,5 есеге арттыру. Былтыр өңір бойынша 464 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, 64,2 миллиард теңге инвестиция құйылды. Соңғы бес жылда бір АӨК қызметкеріне шаққанда еңбек өнімділігі 1,2 миллион теңгеден 2,4 миллион теңгеге жетті.
Бәзбіреулер үшін жалаң дерек, құрғақ цифр болып көрінгенімен, астарында қаншама қажырлы еңбек, маңдай тер жатқанын, ұйымдастыра білгеннің ісі өнікті, жұмысы берекелі екенін аңғару қиын емес. Қызылжар – топырақ құнарлығының бонитеті 50-55 пайызды құрағанымен, жазы қысқа әрі құбылмалы келетіндіктен ауа райына тәуелділік ықтималдығы жоғары өңір. Өкінішке қарай, кей шаруашылық жетекшілері теріскейдің қатал табиғи-климаттың жағдайына мойынсұнғандай өсімді молайтудың, өнімділікті еселеудің орнына қолда барды ғана қанағат тұтумен шектеліп жүр. Замана талаптарын ескермеудің, іргелі ізденістерге бармаудың ақыры банкротқа ұшырататын жайттар аз кездеспейді. Егіншілік мәдениетін жетілдірумен жүйелі айналыспау, ауыспалы егіс жүйесін сақтамау, астық саласын әртараптандырмау салдарынан бір миллион гектарға жуық егістік жерлерге иелік еткен «Богби», «Трансавто» секілді алпауыт фирмаларда жалақыны кешіктіру, жұмыс орындарын қысқарту секілді көптеген әлеуметтік теңгерімсіздік қалыптасқан. Әлі күнге дейін еңбекақыларын даулап жүрген тұрғындар аз емес.
Тайынша ауданында «Терновское» серіктестігі әр гектардан небәрі 6 центнер өнім алса, «Тайынша Астық» ЖШС 20 центнерден айналдырған. Сондықтан да бүгінгідей жаһандану үрдісінде ғылым жетістіктеріне, озық агротехнологияларға арқа сүйемей өндірісті алға бастырамын, жетістікке жетемін деу бос сөз шырмауында қалу екенін жергілікті тәжірибелер анық ұқтырып отыр. Заман талабы ұсынған осындай маңызды қағидаттардың бірі − ауыл шаруашылығын цифрландыру. Агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытудың зор мүмкіндіктерін айқындап берген «ақылды технологияларды» егіншілікте, мал шаруашылығында қолдану өз жемісін бере бастады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «цифрландыру дегеніміз Қазақстанның озық ел атану жолындағы мақсат емес, құрал. Бәсекеге қабілетті болу, өсімді, өнімді арттыру, міне, осы мақсат», деген талаптарын басшылыққа алған өңірдің тауар өндірушілері агроөнеркәсіп кешенін технологиялық тұрғыдан жаңғыртудың игілігін көріп келеді.
– Солтүстік Қазақстанның қол жетпес байлығы – ауылшаруашылық жерлері, оны тиімді игеру, дұрыс пайдалану өте маңызды. Облыс тұрғындарының жартысынан астамы елді мекендерде тұрады, 100 мыңға жуығы аграрлық салада еңбек етеді. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде ауыл шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары түзіліп, шығындарды азайтудың, уақыт, қаржы үнемдеудің, жедел ақпараттар мен қызметтер алмасудың, құжат ресімдеудің, жұмыс күшін тиімді пайдаланудың жетілдірілген, оңтайландырылған жолдары қарастырылған. Бүгінде егіс алқаптарының электронды картасы құрылып, оған 1,9 миллион гектар егістік, 4,6 миллион гектар шабындық жер енгізілген. 107 шаруашылық егін егу мен астық жинаудың, уақытын болжаудың, «ақылды суарудың», минералды тыңайтқыш себудің, өсімдік зиянкестерімен күресудің жолдарын күні бұрын анықтап, тиісті шаралар қабылдап отырады. Сөйтіп жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде атқарылуы дұрыс жолға қойылды. Сондай-ақ дәлме-дәл егіншілік жүйесі де еңбек өнімділігін арттыруға айтарлықтай әсер етіп отыр. Егіс кешендері арнайы бағдарламалар арқылы жанар-жағармай шығынын, бастырылған астықтың көлемі мен сапасын нақты есептей алады. Мал шаруашылығына да басымдық берілуде. 17 цифрлы ферма жұмыс істейді. Келешекте олардың саны 200-ге дейін көбейеді, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров. Оның айтуынша, цифрлы жүйені қолданудың арқасында биыл еңбек өнімділігі – 7, астық түсімі 5 пайызға артқан. Ет өндіру − 10,3, сүт − 3,2, жұмыртқа 27,9 пайызға молайған. Алда экспортқа өңделіп шығарылатын азық-түлік өнімдерінің мөлшері 142,4 миллион долларды құрамақ. Бір адамға есептегенде еңбек өнімділігі 6 миллион теңгеге дейін арттырылмақ.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орайлас өткен салтанатты жиында ауыл шаруашылығы саласына цифрлы технологияларды жүйелі енгізгені үшін «Атамекен Агро» АҚ арнайы аталымға ие болды. Акционерлік қоғамның бас директоры Кентал Есләмовпен сөйлескенімізде, ол егіншілікпен, мал шаруашылығымен, құс өсірумен айналысатындарын, 3 мыңға жуық адам еңбек ететінін, жер өңдеп, астық сапасын арттырудың тиімді тәсілдері жетік меңгерілгенін жеткізді. Соңғы үш жылда астық жинау техникасы паркі 45 пайызға жаңарған. Биыл 7 миллиард теңгеге 36 трактор, 17 дән себу кешені, 45 комбайн сатып алынды. Техникалардың электронды есебі жасалған және компьютер арқылы басқарылады. Элеваторларда астық қабылдау құжаттары осы үлгіде толтырылады. Алқаптардың электронды карталары, нақты метеодеректер, сенсорлар мен датчиктер пайдаланылады. «Астықты аймақтың әлеуеті мен мүмкіндіктері орасан. Шетелге тәуелділіктен құтылу үшін алдымен ішкі нарықтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беруіміз керек. Бұл орайда кез келген бағдарламаның, бизнес жоспардың технологиялық тұрғыдан жетілдірілген нұсқаларын цифрлы жүйемен тығыз ұштастыру бірден-бір дұрыс қадам саналады», дей келіп, тәжірибелі басшы «ақылды технологиялардың» басқа да жетістіктерімен бөлісті.
«Тайынша Астық» агрофирмасының бас директоры Анатолий Рафальскийдің пікірінше, жерге қатысты тұтынушылық көзқарасты жоюда, қарым-қатынасты өзгертуде инновациялық сипатқа ие бағдарламалардың тиімділігін, ауыл шаруашылығына берер зор пайдасын айтпағанда әлі күнге дейін мән-мағынасы мен қадір-қасиетін жете сезінбей жүрген тәріздіміз. Бәзбіреулердің мемлекет тарапынан берілетін субсидиялық жеңілдіктерді тегін келген олжадай санайтынын, ұтқыр уақытпен ілесе келген жаңалықтарды ескере бермейтінін жасырмайды. «Цифрландырудың адами факторға, ауа райына тәуелділікті азайтатын артықшылықтарын білгенімізбен, кей әріптестеріміздің әрекеті Кеңес Одағын еске түсіреді. Әлі күнге дейін әбден тозған, ескірген техникаларды пайдалануы, алға қарай ұмтылмауы, экстенсивті шаруашылық жүргізуден аса алмауы еш ақылға сыймайды. Ондайлар «балапанды күзде санар» шақта өзін емес, ауа райын, басқаларды кінәлап шыға келеді. Біздің агрофирмада алқаптарға спутник арқылы мониторинг жүргізу, малға чип тағу, фотобейне есептер енгізілген. Дәлме-дәл мал шаруашылығы элементтерін қолдану арқылы азықтандырудың, сауылатын сүттің мөлшерін анықтасақ, әуе дрондары, квадрокоптерлер, жер серігі арқылы жердің құнарлығы, тыңайтқыштарды қанша мөлшерде сіңіру, өсіп кеткен арамшөп түрлері бойынша толық сипаттамалар алынады. «GPS» құрылғылары орнатылған егіс кешендерінде, комбайндарда бидайдың салмағы мен сапасы монитор арқылы көрсетіледі. Зығыр, рапс секілді пайдасы мол майлы дақылдардың өзіндік құнын анықтау жұмыстарын автоматтандыратын модульді енгізу бойынша қанатқақты жоба іске қосылды», – дейді А.Рафальский.
Анатолий Брониславович шетелде білімін шыңдап, көп нәрсені көкейге түйіп қайтыпты. Ол «Қазақстанмен табиғат жағдайы ұқсас елдердің жетістіктеріне таңырқап, тамсана бергенше озық дәстүрлерінен үйренген абзал. Өндіріске енгізу үшін алдымен техникаларды жаңалап алу керек. Сонда ғана ауыл шаруашылығы саласы жаңа сапаға көтеріледі. Заманауи техникалардың «тілін» білетін мамандар даярлау да − өзекті мәселелердің бірі. Осы жағына жете көңіл бөлген жөн» деген пікірін алға тартты.
Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры, биология ғылымдарының докторы Әйіп Ысқақ болса, аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру бағытында мемлекеттік бағдарламалар қабылданғанын, оның бір бағыты өндірісте сұранысқа ие аграрлық ғылыми-зерттеулерге салынатын инвестиция көлемін арттыруға негізделгенін айтады. Ет, сүт өнімдерін экспорттайтын елге айналудың басты бір шарты – сапалы жемазық әзірлеу. Мал азығы негізінен жайылым-шабындықтардан дайындалады. Олар жаңартылмағандықтан, күтім жасалмағандықтан өнімділігі, қоректік қасиеті төмен, ақуыз тапшы. Пішен, пішендеме, сүрлем сияқты жемшөп қорының аздығы салдарынан каротин, қант, тағы басқа биологиялық белсенді заттар жетісе бермейді. Өңірде біржылдық және көпжылдық мал азығына деген қажеттіліктің 15 пайызы ғана өтеледі. Арнайы егіліп, баптап өсірілетін мал азығының сапасы мен көлемін ұлғайтуда табиғи-климаттық жағдайға бейімделген тұқым шаруашылығын қалыптастырудың, бұл салаға да цифрландыру бағдарламасы енгізудің, бірлескен жобаларды жүзеге асырудың мәні айрықша. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде ауыл шаруашылығын цифрландыру тақырыбында өткен халықаралық алқалы басқосу ғалымның суармалы жерлерді үдемелі игеру цифрландырумен тікелей байланысты деген ойының өзектілігін дәлелдей түседі.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Солтүстік Қазақстан облысы