• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Қаңтар, 2019

Өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланды

602 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Зимбабве Республикасының Президенті Эммерсон Мнангагвамен кездесті.

Қазақстанға ресми сапармен келген Зим­­баб­­ве Республикасының Президенті Эм­мер­­сон Мнангагваны салтанатты қарсы алу рә­сі­мі­нен кейін кеңейтілген құрамдағы келіссөз өтті.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынастарды тереңдетудің маңыз­ды­лы­ғын атап өтіп, ықпалдастықты одан әрі да­мы­тудың негізгі бағыттарына арнайы тоқталды.

– Біз сыртқы саясатымызда, соның ішін­де Африка бағытында кең ауқымды сауда қарым-қатынастарын дамытуға және ха­лық­аралық бастамаларды өзара қолдауға ұмты­латын боламыз, – деді Қазақстан Президенті.

Зимбабве Республикасының Президенті Қазақстанға ресми сапармен келуге мүм­кін­дік туғызып, Зимбабве делегациясына қонақ­жай­лық көрсеткені үшін Мемлекет басшы­сына алғыс айтты.

Кездесу барысында тараптар ауыл шаруа­шылығы мен тау-кен өнеркәсібі салалары бо­йынша екіжақты ынтымақтастық орнату, сондай-ақ Зимбабвенің көлік-логистика же­лісін жаңғырту және қайта өңдеу ісінде бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Зимбабве Республикасының Президенті Эммерсон Мнангагваның ресми сапарының қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін брифинг өткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев БАҚ өкілдері алдында сөйлеген сөзінде бұл сапардың 1992 жылы Қазақстан мен Зимбабве арасында дипломатиялық байланыстар орнатылғаннан бері алғаш рет жүзеге асырылғанын атап өтті.

– Бүгінгі кездесудің екі ел арасындағы, сондай-ақ Орталық Азия мен Оңтүстік Африка өңірлерінің өзара қатынастарын нығайту үдерісіндегі тарихи маңызы зор, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті екіжақты кездесу барысында саяси диалогты қолдау және сауда ынтымақтастығын кеңейту жөніндегі уағдаластықтарға қол жеткізілгенін айтты.

– Жекелеген бағыттар бойынша өзара қарым-қатынас орнатуға мүмкіндіктер мол. Біздің елдеріміз арасында кейбір ұқсастықтар бар. Зимбабве де Қазақстан сияқты пайдалы қазбаларға өте бай. Ауыл шаруашылығы салаларымыз да бірдей дамуда. Қазақстан тау-кен өнеркәсібінде ынтымақтастық орнату және тәжірибе алмасу, Зимбабвеге ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу мәселелерін қарастыруға әзір, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Зимбабве аума­ғын­да пайдалы қазбалар өндіру саласын­да өзара ықпалдастық орнатудың мүм­кін­діктеріне тоқталды.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті Зим­бабвенің көлік-логистика желісін жаң­ғырту және қайта өңдеу ісінде бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі ын­тымақтастықтың әлеуеті зор екенін атап өтті.

– Жаһандық күн тәртібіндегі көптеген басты мәселе бойынша ой-пікірлеріміз сәйкес келеді. Біз Қазақстанның халық­ара­лық бастамаларына Хараренің қолдау білдіргенін жоғары бағалаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы келіссөздер нәтижесінде тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында бірлескен жұмыстар мен өзара қолдау жөніндегі қалыптасқан тәжірибені жалғастыруға байланысты ниеттерін мақұлдағанын айтты.

– Біз Қазақстан бақылаушы ел болып саналатын Африка одағы аясындағы тығыз ынтымақтастықты ілгерілету жө­нін­де уағдаластық. Жалпы, Эммерсон Мнан­гаг­ваның Астанаға алғашқы ресми сапары екі мемлекеттің түрлі салалардағы тығыз қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға мүдделі екенін көрсетіп отыр, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтар түрлі бағыттағы өзара ынтымақтастықты дамытуға оң серпін беретініне сенім білдірді.

Зимбабве Республикасының Прези­денті Қазақстанның ұлттық экономика­ны дамыту және жаңғырту жөніндегі тәжі­рибесін қолдануға мүдделі екенін атап өтті.

– Зимбабвенің қазіргі дамуы Қазақ­стан­ның осыдан 20 жыл бұрынғы дең­гейіне сәйкес келеді. Біз достас елдің 27 жыл бойы өз экономикасын қалай өркен­деткені жөнінде үйренуіміз керек. Қа­зақ­станның мұндай жетістікке жеткеніне сүй­сінеміз әрі осындай даму жолымен жү­руге ұмтыламыз, – деді Эммерсон Мнангагва.

Зимбабве Республикасының Прези­денті Қазақстанның Ұлттық әл-ауқат қо­рын дамыту және «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру жөніндегі тәжі­рибесін атап өтті.

Сонымен қатар Эммерсон Мнан­гагва Зимбабвені Қазақстанның үлгі­сі­мен Оңтүстік Африкадағы көлік-логис­ти­калық хаб ретінде дамытудың маңыз­дылығына тоқталды.

Соңында Зимбабве Президенті қауіп­сіз­дікті сақтау және ядролық қарусыз әлем құру жөніндегі Қазақстанның халық­аралық бастамаларын қолдайтынын айтты.

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»