Павлодар облысы көлік бақылау инспекциясының мәліметінше, өткен жылы 2 мыңнан астам ауыр жүк көлігінің жүргізушілері жол ережелерін бұзған. Жүк артқан 700-дей көліктің салмағы рұқсат етілген көрсеткіштен артық болып шыққан.
Қазір өңірдегі көлік инспекциясының өкілдері жүк тасымалдауға қатысты заңнаманың қатаң сақталуын қолға алуда. Сол үшін көмір тасымалдаушыларды Көлік бақылау инспекциясымен қатар, жергілікті полицейлер де тексере бастапты. Енді ірі кәсіпорындардың көліктері де, жеке тасымалдаушылар да артық жүкпен жүре алмайды.
Алайда үнемі қара жолда жүретін жүргізушілердің айтуынша, кейбір ірі кәсіпорындарға қарайтын ауыр көліктер көмірді асыра тиеп алады екен. Тіпті осы көріністерді бейнетаспаға түсіріп, «заң талаптары бәрімізге бірдей болса, кейбіреулер неге орындамайды?» деп наразылық білдіре бастады.
Таяуда тасымалдаушылардың наразы топ өкілдерін облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек қабылдады. Кездесуде жүк тасымалдаушылар, көлік бақылау инспекциясы, жергілікті полиция өкілдері ауыр жүк тасымалдаудың заңдылықтарын, кеніштерден көмірді шығарып, оны тұтынушыға жеткізу мәселелерін талқылады.
– Бізде 12 мың тонна көмір қоры дайын. Қазір «Майкөбе» кеніші темір жол арқылы тасымалданатын көмірдің бағасын арзандатты – тоннасы 6260 теңге. Көмір темір жол тұйығындағы қоймаға жеткізіледі. Ол жерде көмірдің тоннасы 8,5-9,5 мың теңгеден сатылады. Сондықтан тасымалдаушыларға «Майкөбеге» барып, тәуліктеп кезекке тұру да қажет емес, – дейді Ұ.Жазылбек.
Яғни, тасымалдау ережесіне сәйкес, көмірді көлікке сыйғанынша тиеп алуға болады. Ол үшін көлік бақылау инспекциясынан 6 ай мерзімге берілетін анықтама сатып алу қажет. Жол бойында көмір шашылмауы керек. Апатты жағдайды болдырмас үшін көлікке жабынды қажет.
Машина техникалық талаптарға сай болса, ешкім жүргізушіге кедергі жасай алмайды.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, мәселе өңірдегі республикалық, облыстық маңыздағы жолдарды сақтап қалу ісіне келіп тіреледі. Көмірді асыра тиеп алатындар заңға сай тасымалдауға көшкен. Ал ірі компаниялардың көмірді көлікке артық тиеу үшін рұқсат құжаттары бар көрінеді.
Алайда бұл жағдай еліміздің «Автомобиль көлігі туралы» заңына қайшы келеді. Өйткені ауыр жүк таситын көліктердің басым бөлігі тиісті мөлшерден артық жүк тиеп алса, бұл жолдардың тез тозуына әкеледі. Заңда тиісті салмақ параметрін сақтамағандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 571-бабының 6-9-тармақтары бойынша жауапкершілік қарастырылған. Жүк тасымалдау қағидаларына сәйкес, еліміздің автомобиль жолдарында рұқсат етілген салмақтан асатын ауыр жүктерді тасымалдауға болмайды. Көлік бақылау инспекторлары осындай фактілерді анықтаған жағдайда кодекстің 571-бабы 2-1-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтыратыны туралы айтылған.
Өңірдегі прокуратура өкілдерінің пікірінше де шектен тыс артық жүкпен жүруге арнайы рұқсат қағаз беруге тыйым салынуы керек. Жол бойында шетелдік тасымалдаушылар да аз емес. Сондықтан еліміздің Инвестициялар және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті, өңірлік бөлімдер ауыр жүк тасымалдайтын шетелдік, отандық көліктерге тұрақты бақылау жүргізеді. Ал көліктерді бақылау алдымен отандық тасымалдаушылардың мүддесін қорғауы қажет.
Жергілікті көмір тасымалдаушылардың жанайқайлары да себепсіз емес секілді. Өткен жылы Мәжілісте «Көлік саласын реформалау туралы» заң жобасы таныстырылған-ды. Құжатта саладағы әкімшілік тосқауылдарды жоюға, жұмыс сапасын арттыруға, тағы басқаларына бағытталған мәселелер қарастырылған. Еліміздің автомобиль жолдарында көліктерді жаппай тоқтату тәжірибесінен бас тарту, тексеріс жүргізу үшін арнайы автоматтандырылған құралдарды қолдану мәселесі де күн тәртібінде тұр. Бұл жаңашылдық 100 мың ауыр жүк көлігін тоқтатудың алдын алуға, көліктің жүру жылдамдығын арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік бермек. Сандық жүйеден алынған мәліметтер тасымалдаушыда рұқсаттама құжаттарының бар-жоғын, техникалық байқаудан өткен-өтпегенін білуге және төленбеген айыппұлдарды анықтауға мүмкіндік береді.
Осыған сәйкес, жергілікті көмір тасымалдаушылар тарапынан туған наразылықтың заңнамалық тұрғыдан ғана шешім табатынын көрсетіп отыр. Бұл кеніштердің қожайындарына да қатысты. Өткен жылдың жазында облыстық әкімдікте Инвестициялар және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті төрағасының орынбасары Самат Ғылымовтың қатысуымен жиын өткені есімізде. Сол жиында облыс әкімі Болат Бақауов жол жабындысын бұзатын ауыр жүктерді тасымалдауға рұқсат құжаттарын бермес бұрын, тасымал барысына сараптама жүргізуді ұсынған-ды. Әкім кеніштерден көмір тиеу кезінде құқық бұзушылықтарға жол бермеуін қадағалауды, артық көмір тиегендері үшін кеніштерді жауапкершілікке тартуды тапсырған еді. Кейін әкімдік тарапынан қаржы бөлініп, артық жүкті бақылау үшін арнайы жабдықталған көлік те сатып алынды. Бұл көліктер көмір, ұсақ тас тасымалданатын Екібастұз, Баянауыл, Майқайың мен Қалқаман арасындағы тас жолға бақылау жүргізеді.
Көлік комитетінің мәліметінше, елімізде көлікті бақылау рәсімдерін автоматтандыру мақсатында арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарын қолданысқа енгізу жалғасуда. Бұл салмақ параметрлеріне қатысты заң бұзушылықтарды азайтуға мүмкіндік береді. Автомобиль жолдарының сақталуына оң әсер етеді.
Жалпы, облыстық көлік бақылау инспекциясының мәліметінше, өңірде 1300-ге жуық ауыр жүк көлігі тіркелген. Былтыр салмақ пен көлем параметрлерін асырғаны үшін жүргізушілерге қатысты 612 әкімшілік іс толтырылып, 39 миллион 270 мың теңгеден астам айыппұл салынған. Көлік бақылау инспекциясы өкілдерінің айтуынша, ел аумағында ірі габаритті және ауыр салмақты жүктерді тасымалдауға қатысты тиісті заңнамада барлық талап егжей-тегжейлі жазылған. Соған қарамастан заң бұзушылықтар азаяр емес. Облыс әкімдігі тарапынан шара қолданыла бастағаннан кейін ғана өткен жылғы қателіктерін қайталамай, арнайы рұқсат қағаз алуға асыққандар да көбейіпті. Мысалы, былтыр бақылау бекеттерінде жүк тасымалымен айналысатын 15 мың көлік тексеріліп, 2933 жүргізуші ереже бұзғаны анықталған, айыппұл көлемі 90,4 миллион теңгеге жеткен.
Көлік инспекциясының өкілі Самат Ғылымов:
– Кен орындарында жүктің салмағын өлшейтін құрылғы болуы керек, көлікке сыйғанша тиеп жөнелте беретін кен орындары жауапқа тартылып, тіпті лицензиясынан да айырылуы мүмкін, – дейді.
Жалпы, еліміздегі тасымалдау қызметіне тапсырыс берушілердің шарттарына орай, оларға тек темір жол қызметін пайдалану да ұсынылады. Бірақ өңірдегі кеніштерден шыққан көліктер ауылдарға, аудандарға көмірді, басқа да жүктерді жол арқылы ғана жеткізе алады. Ал республикалық, облыстық, аудандық маңыздағы жолдардың тез бұзылмауы үшін мәселе ауыр жүк тасымалына арналған айналма жолдар салуға келіп тіреледі.
Сонымен, кінәні кімнен іздейміз? Облыста «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жолдарды жөндеу үшін былтыр жергілікті бюджеттен – 9,5 млрд теңге, 2017 жылы – 12,4 млрд теңге бөлінген. Жөндеу жүргізілгеннен кейін аз уақыт ішінде жолдардың ойдым-ойдым шұңқырға айналуына ауыр жүк тасымалы әсер етуде. Тасымалға тапсырыс беруші мен жүк тиеуші компания өкілдері жүк салмағына шектеу қойды делік. Мәселе сонымен шешіле қала ма?! Жолдардың сапасыз салынуы сынды өзекті мәселе онымен шешімін таппайтыны түсінікті. Бұл үшін жол құрылысымен айналысатын мердігерлердің жұмысын қатаң қадағалап, жауапкершілікті арттыру керек.
Екіншіден, кен өндірумен және тасымалдаумен айналысатын кәсіпорындардың өздеріне қосымша жол салып алуы, не болмаса ақылы жол жүйесін енгізу арқылы да мәселенің түйінін тарқатуға болады. Қазіргі қалыптасқан ахуалға көз жүгіртсек, табиғи ресурстарды пайдалануды реттеуші мекемелердің, экологиялық ұйымдардың тарапынан қатаң талаптар қолға алынса ғана автомобиль жолдарын сақтап қалуға мүмкіндік бар.
Фарида БЫҚАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Павлодар облысы