Бюджет қаржысының әр теңгесі тиімді жұмсалса, басы артық шығынға жол берілмесе, жергілікті бюджеттердің бүйірі қабыса қоймасы кәміл. Істі осылайша жүргізудің жолдары мен тәсілдері де бар.
Соның бірі – бюджет қаражаты есебінен әзірленетін жобалық-сметалық құжаттардың, яғни ЖСҚ-ның тиімділігі мен пайдалы әсер коэффициентін көтере білу. Өндірісті өңірде осы мәселенің соңғы үш-төрт жыл аралығындағы жай-күйіне жан-жақты сараптама мен терең талдау жасалды. Айталық, Ақтөбе облыстық экономика және бюджеттік жобалау басқармасында әзірленген деректерге сүйенсек, жаңадан тұрғызылатын нысандар үшін 1120 ЖСҚ жасалған. Бүгінге дейін оның 486-сы толық жүзеге асырылған. Бұған дейін жасалған талдаулар мен мониторингтік зерттеулер 12 ЖСҚ-ның мерзімі өтіп кеткенін айғақтады. Бұл қаржыны тиімді жұмсауға нұқсан келтіргені сөзсіз.
Тиісті басқарма мамандары мен сарапшылары ЖСҚ-ның тиімсіз жасалуының бірнеше себебін алға тартады. Біріншіден, басты басымдықтар ескерілмейді. Сонымен қатар нысан бой көтеретін елді мекендердің мүмкіндіктері мен болашағы, нысанның сол жерге қажеттілігі немесе қажетсіздігі ойластырылмауы жиі кездесетін кемшілік. Айталық, 2016 жылы Әйтеке би ауданының Сарыбұлақ ауылында 60 оқушыға арналған мектептің жобасы жасалған екен. Алайда ауылда осынша балаға арналған мектеп бар екені ескерілмеген. Қазіргі таңда Сарыбұлақта барлығы
29-ақ оқушы бар. Ауылдағы барлық тұрғынның саны 200 шамалы екенін ескерсек, жаңа мектептің қажет емес екені түсінікті емес пе?
Бюджетті жоспарлауға немкетті қарау мысалын Қобда ауданынан да келтіруге болады. 2017 жылы осы ауданға қарасты Қаракемер ауылында мектеп құрылысының жобалау-сметалық құжаттары жасалған. Жобалаушылар ауылда 120 орындық мектеп бар екеніне мән бермеген. Бұл ғимарат тарлық етсе бір жөн, керісінше жоба жасалған уақытта небәрі 22 оқушы болыпты.
Жасалған талдаулар бюджет қаражаты есебінен ЖСҚ жасау кезінде оған негізсіз шығындардың қосылғанын көрсетеді. Бұл кей жағдайда құрылыс-монтаж жұмыстарының қымбаттауына әкеліп соқтыратыны түсінікті. Мәселен, қазір аудандардың орталықтарында 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр, әрқайсысы 160 адамға шақталған. Алайда кешендердің құрылыс жүргізу құны 250 мен 430 миллионның аралығын құрайды. Баға алшақтығының мәнісіне үңіле келгенде, оның басты себебі ғимарат жанындағы алаңдардың айырмашылығына, атап айтқанда оны жабдықтау мен абаттандыруға жұмсалатын шығындар мен қазандықтар құрылысы бағаларының әртүрлі екендігіне байланысты болып шықты.
Қазіргі таңда өңірде жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеудің тиімділігін көтеру жөнінде нақты шаралар қолға алынуда. Соған сәйкес жергілікті мемлекеттік органдар ЖСҚ жасауға өтініш беру процесін қатаң бақылауды ұйғарып отыр. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы жанынан жобалау бөлімінің ашылғаны да қаржының тиімді әрі үнемді жұмсалуына септігін тигізбек. Салалық басқармалардың келісімін алмаған және бюджет комиссиясының сүзгісінен өтпеген жобаларды қабылдамау тәртіптері де қарастырылған. Бұған қоса жаңа бөлімнің құзыретіне жобаның басты басымдықтары мен елді мекендердің әлеуетін және бюджет мүмкіндіктерін анықтау жұмыстары да енгізілмек.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Egemen Qazaqstan»
АҚТӨБЕ