• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Қаңтар, 2019

Қызылшадан екпе қорғайды

1250 рет
көрсетілді

Бүгінге дейін қызылша ауруының асқынуы әлемнің көптеген елінде тіркелген. Соның ішінде Үндістанда қызылшаның асқынуы 70 мыңнан аса адамға жеткен. Украинада 38 мыңнан астам адам қызылшамен ауы­р­ып жатса, Қытайда 29 мыңнан астам, көршілес Қырғызстанда 1238, Ресейде 4185 адам қызылша жұқ­тыр­ған. Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының дерегі бойын­ша, қызылшадан 68 өлім жағ­дайы тіркелген. Қызылшамен сыр­қат­танудың өсуін аталған ұйым қызыл­шаға қарсы вакцинацияның аз қам­тыл­уымен байланыстырады.

Елімізде 2019 жылдың басынан бастап қызылшаның 323 жағдайы тіркеліп, оның 228-і, яғни 70 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған. Денсаулық сақтау министрлігінің 2018 жылғы көр­сет­­кіштеріне көз жүгіртер болсақ, қы­з­­­­ыл­ша ауруының таралуы 100 мың тұрғынға шаққанда 2,8 адамды құраған.

Жалпы, қызылшаның елімізде бұлай тара­луы­ның бірнеше себебін атап өтуге бола­ды. Қаз­ақстанға ин­фек­ция­ның тарал­уын сыртқы көші-қонмен, 90-шы жыл­дар­дағы вакци­на­ция­лаудың салғырттығымен, вак­цина жеткізудің бұзылуымен, егіл­меген адамдардың, оның ішінде болашақ аналардың көп болуы – елімізде қызылша сырқат­тану­шы­лы­ғы­ның өсуіне алып келген.

Дегенмен, былтырғыға қарағанда биыл қызылшамен ауырғандардың саны едәуір азайған. 2018 жылы қызылшаның 576 жағдайы тіркелсе, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 484 болды.

Бұл ретте инфекция ошақтарында қызылшаға қарсы егілмеген балаларды анықтауға және вакцинациялауға бағытталған эпидемияға қарсы іс-шаралар ұйымдастырылып жатқан­ды­ғын айта кеткен жөн. Соның өзінде биыл Ақмола облысында қызылша жұқ­тырған 77 адам тіркеліп, оның алтауы медицина қызметкері болып шыққан. Қостанайда жыл басынан бері 6 бала қызылша ауруын жұқтырса, Ақтөбеде 7 бала қызылша жұқтырып, ем қабылдап жатыр. «Жалпы, Ақмола облысы бойынша 2018 жылдың 1 қарашасы мен 2019 жылдың 14 қаңтары аралығында қызылша дертін жұқтырған 77 адам тіркелді. Оның 26-сы – 1 жас, 26-сы – 1-14 жас аралығындағылар, жасөспірімдер арасында 2 және ересектер арасында 23 оқиға тіркелді. Ересектер арасында 6 жағдайда медицина қызметкерлерінің, атап айтқанда Ақмола облысының көпбейінді ауруханасынан – 2, Көкшетау қалалық аурханасынан – 1, Көкшетау қалалық №1 емханасында 3 медицина қызметкері қызылша жұқтырған», деп хабарлайды Ақмола облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің баспасөз қызметі. Олардың дерегі бойынша, қызылшамен ауырып жатқандардың 91 пайызы – екпе аламағандар. 

Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық көрсеткіштер бо­йынша 30 жасқа дейінгі егілмеген және қызылшаға қарсы егілгендігі туралы деректері жоқ 1878 адам егіл­ген­дігін айтады.

Бұл жағдайға қатысты Қоғамдық ден­сау­лық қорғау комитетінің тө­р­ағасы, бас мем­лекеттік санитар дәрі­гер Жандар­бек Бекшин биыл қы­­зылша Ас­танада кең тарап, Алматы облысында біршама артып отыр­ған­ды­ғын айтады. «Биыл негізінен балалар арасында қызылша өршіп тұр. Науқастанғандардың 60-70 пайызын балалар құрайды. Қызылша қаупі сейілмей отырған өңір тұрғындарына ауруға қарсы екпе 9 ай кейін салынатын болады. Қажетті вакцина көлемі бар. Қазір 100 мың тұрғынға жететін вакцинаға қосымша тапсырыс бердік. Бұл қызылшаға қарсы моновакцина. Сонымен қатар Дүниежүзілік сауда ұйымы тарапынан қызылшаға қарсы дивакциналарды тегін алу мәселесін қарастырып жатырмыз. 1990 жылдарда және 2000 жылдардың басында вакцина алған ересек адамдар ішінде де қызылшамен ауырғандар бар», дейді Ж.Бекшин.

Бүгінде қызылшамен әлем бойынша күрес жүріп жатыр деуге болады. Айталық, биыл Ресейде алғаш рет «Вактривир» біріктірілген вакцинасын тіркеу жоспарланған. Аталған вакцина үш ауруға қарсы, яғни  қы­з­ыл­ша, қызамық және паротиттен қорғайды деп күтілуде. Вакцинаны ресейлік «Microgen» компаниясы жасап шығар­ған. 

Жалпы, кез келген аурудан емделуден гөрі, оның алдын алу әлдеқайда жеңіл. Сондықтан балаңыздың не өзіңіздің дене қызуыңыз жоғарылап, жөтеліп, белгісіз бөртпе белгілері байқалса, дереу дәрігерге жүгінген жөн. Қызылша асқынып кеткен жағ­дай­да өкпенің қабынуы, бронхит, энцефалит, ми қабығының қабынуы сияқты қауіпті ауруларға ұласып кетуі мүмкін. 

Бүгінде мамандар атап көрсет­кендей, қызылшадан жалғыз тиімді қорғану тәсілі – вакцинация. Қазақ­стан­да қызыл­­шаға қарсы егу екі рет жүр­гі­зі­ле­ді, яғни біріншісі – 1 жаста және екіншісі – 6 жаста. 

Мирас АСАН,

«Egemen Qazaqstan»