• RUB:
    4.93
  • USD:
    523.17
  • EUR:
    550.06
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Қаңтар, 2019

Жаңа емле – сындарлы қадам

2292 рет
көрсетілді

Жыл басынан бері А.Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімі институтында әзірленген Емле ережесін ғылы­ми орта мен жап­­пай көп­шілік­тің талқысына сал­ған, түзету, толық­тыру, стандарт­тау жұмыстарын атқарған Мәде­ниет және спорт министр­лігіне қарас­ты Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-прак­тикалық орталығы Жаңа ереженің алғашқы жобасын көпшілік назарына ұсынды. Кешеге дейін еліміздің түкпір-түкпіріне насихатталған Емле жобасынан қалың көпшілік құлағ­дар болды. 14 қазан күні өт­кен жалпыхалықтық диктантта жұрт­­шылық өз тілінің жаңа жазуы­мен бетпе-бет «ұшырасты». Жазу рефор­масының мәнін түсінді.  

Емле ережесі – жазба тіл­дің ор­фо­графиялық норма­ла­рын ұсына­тын және тұрақтан­ды­ра­тын, жаңа жазу мәдениетін қалып­тас­ты­ратын ортологиялық еңбек­тер­дің ғылы­ми негіздері мен басты қағи­дат­тарын айқындайтын негізгі құжат болып табылады. Базалық нормаларды қалыптандырады. 

Емле ережесі қалай жасалды? Алдымен төл сөздердің емлесіне қатысты орфографиялық ереженің ұстанатын басты ғылыми принципі айқындалды. Ол дыбыстың негізгі реңкі бойынша орфографияланатын қазақ жазуының фонемати­ка­лық ерекшелігінен шықты. Бұл А.Байтұрсынұлы анықтап берген жүйеге – дыбыстың мағына ажырататын реңкін таңбалайтын фонемалық ұстанымға (принципке) – табан тірейді. Бұл ұстаным қазіргі жазу тәжірибемізден ауытқымауға, тілдік санада жатталған жазу дәстүрінен қол үзбеуге көмектеседі. Сондықтан емле ережесінің 70-80 пайызы қазіргі жазумен сәйкес келеді. Бұл жалпыхалықтық сауаттылықтан айрылмау үшін әлемдік жазу жүйесінде қолданылатын әдіс.  

Емледе тілдің басты заңдылығы – тіл үндесімі. Ал ауызша сөздегі дыбыс­тық үндесімдер мен үйлесім­дер, сөйлеу тіліне тән айтылымдар таңбаланбайды. 

Сонымен, әуелі жазылуы әртүрлі болып жүрген төл сөздер бір формаға түсірілді, мысалы, бірде ы, бірде і әрпі жазылып шатастыратын ақырет, құдірет, қазірет, тауқімет, құзырет сөздері тек і әрпімен ғана жазылатын болады: aqіret, qudiret, qaziret, taýqimet, quzіret. Оның себебі бұлар толық игерілмей кірген шеттілдік сөздер, әрі бұлардың түбірлері ақыр, құзыр болуы сөз мағынасына әсер етіп тұрған жоқ. Сонымен бірге сөз аяғындағы е әрпі сөзді басынан бас­тап, жіңішке әуезде дыбыстата бас­тайды, яғни сөздің орфоэпиясы жіңішке үндесіммен айтылады. Ал дауысы/даусы, ауылы /аулы деген орфограммалар қалай жазылса да, daýsy, aýly деп ы әрпі көмескі естіліп, әнтек айтылатын болғандықтан және сөз мағынасына әсер етпейтіндіктен енді жазуда түсіріліп, ықшам және үнемді жазылатын болады. Өйткені ы фонемасы қазақ сөзінде а, е әріптерінен кейін жиі қолданылатын әріп болып табылады. Әрі бұл фонеманың қазіргі қазақ әліпбиіндегі таңбасы у болғандықтан сөз тұрпаттарын ұсынақты көрсете алмайды. 

Емле жобасын құрастыру, талдау, сараптау, талқылау барысында келісе алмаған бір пікір – и, у әріптерінің емлесі болған еді. И мен у-ды бір әріппен таңбалап дағ­ды­ланып кеткен қазіргі жазуды өзгер­тіп, жаңа емле ұсынуда үлкен себеп болуы қажет. Сауаттылықты төмен­детсе немесе оқу мен жазуда қиын болса, оқытуда ауыр болса, тіл таби­ғатына сай келмесе, айтылым сазына кереғар болса, сөз жоқ, жазу реформасын пайдаланып, мұндай ережені қайта қарау қажеттігі бар. Оқу-оқытуда мәселе тудырып отыр ма деп, мысалы, Астана қаласы №54 мектеп-лицейінің 1-4 сынып оқушыларының жазба жұмыстарын тексеріп көрдік. Сонда 102 оқушының 9-ы сиыр сөзін – сыйр, сыйыр; тиін сөзін – тіийін және т.б. түрде таңбалап, қате жібергені байқалды. Мұғалімдер «қате негізінен нашар оқитын оқушыларда жиі, бірақ «и» емлесі оқушыларға аса қиындық туғызбайды» дегенді айтты. Ал Қ.Жұбанов болса, керісінше өзі өмір сүрген кезеңдегі оқушы қатесінің көбі ый, ій әріптері болып отыр деген екен. Сондықтан сауат ашуда аса қиындық тудырмаса, жазуда кісінің уақытын үнемдесе, бір таңбамен жазатын қазіргі жазу дағдымыздан айрылмағанымыз жөн дедік. 

И, у таңбалары сөздің айтылу жүйесіне кереғар болған жоқ. Бір ми сөзінің айтылу нормасы өзгерді деп қазақ сөзінің бүкіл айтылым нормасынан айырылып барамыз деп байбалам салудың қисыны жоқ. Ми сөзі түбір күйінде жиі қолданылмайды. Ол миыма, миың, мидай тұлғасында жазылып, [мійімә], [мійіңә], [мійдәй] түрінде айтылып көрген емес. Сөз, қосымша құрамындағы дауысты әріп арқылы алдыңғы буындағы дыбыстың жуан не жіңішке екенін тілтұтынушы аңғарып келеді. Сон­дықтан қазақ тілі емлесінің жаңа ережесінде қазіргі кирилнегізді жазу дәстүрінен қол үзбей ı (й), ý (у) әріптері дауыссызды (aı, úı, demeýshi, qaýyn) және уı (ый), іı (ій), uý (ұу), úý (үу) дыбыс тіркестерін таңбалайтын болды (ıgilik, ınelik, ınabat, ıman; kıim, tıin, álipbı, tarıhı; ýyldyryq, ýyz, ýildeý; týys). Бұл емле ережесі бастауыш, орта мектеп мұғалімдері, студенттер және жалпы көпшіліктен алынған сауалдама нәтижелері және ЖОО оқыту­шылары пікірлері негізінде бекіді. 

Шеттілдік сөздерді (жазба тұр­паты түпнұсқасынан үлкен айырмасы болмайтын өзге тілден енген сөздер) таңбалауда бүгінгі кирилл жазу санасында жатталып қалған ұр­пақ пен кирилл жазуын білмейтін келе­шек ұрпақты тоғыстыратын емле жасау басты назарда болды. Шет­тілдік сөздер негізінен әліпби шегін­дегі әріптермен қазіргі донор тіл – орыс тілінің орфографиясымен таң­ба­ланады: akvarel, stil, lager, artıkl, kegl, fılm; moderator, marker, vaýcher, sýpervaızer, blokbaster. Бірақ қай әріп жазылса, сол әріптің білдіретін фонемасы дыбысталатын қазақ орфоэпиясына сай оқытуы қажет, яғни модератор сөзі мадератыр емес, модератыр немесе модератор түрінде айтылуы қажет. 

Жаңа жазу ықшам, үнемді, оқуға оңтайлы болуы қажет. Қазақ тілінің жалғамалы сипаты, яғни сөздің түбір­г­е қосымша жалғану арқылы түр­­лену, жасалу сипаты сөз тұрпатын ұзар­­­татыны белгілі. Сондықтан жинақы жазу мақсатында артық әріп­тер­­дің біреуі қысқартылады. Нақ­­ты­ласақ, сөз соңы мен ортасын­да қай­та­ла­натын қосар әріптің біреуі түсі­ріле­ді: klas, hol, profesor, gra­matıka, kardıogram; metalýrgıa, sılabýs. Бұл қазір­гі емлемізде бар тәжі­ри­бе­нің жал­ғасы ғана (класы, кластың). 

Ю, я, щ әріптері бар кию, күю, сия, ащы сөздері kıý, kúıý, sıa, ashshy түрін­де жазылады. Сөз соңы мен ортасын­да и әрпінен кейін тұрған ю әрпі у әр­пі­не ауысады. Себебі екі и (ı) қатар ке­ле­тіндіктен, біреуі түсіріледі. Мы­са­лы, кию - kıý, қию - qıý, ию-ıý. Ал дауыс­­тыдан кейін немесе бірбуынды сөз­­д­ерде ю әрпі и мен у әрпінің тір­ке­­сін таңбалағандықтан, әрине, ıý жазы­лады. Мысалы, ою - оıý, аю - аıý. Ю әрпінің 3 түрлі таңба­лануын бағ­дар­ланбаған автоматты техника ғана бір таңбамен, мысалы, не ү, не иу, не у түрінде таңбалауы мүм­кін. Ал тіл, жазу адам санасы арқылы ғана жүзе­ге асатындықтан қара­пайым тілдік білім, тілдік сана, интуиция болса жет­кілікті. Бұл орфограммаларды тү­сін­діру қазіргі кирилл жазуымен дағ­ды­ланып қалған буын үшін ғана уа­қыт­ша қиындық болуы мүмкін. Мысалы, үш позиция­да кездесетін ою, қию, абсолют сөздерін таңбалағанда бірін­шісін ойу деп жазылуға тиіс еке­нін кирилдағды­мен де жүріп бі­лесіз. Ал қию сөзін жазғанда тілдік, фо­не­тикалық сауаты орта не төмен жазар­мандар ю әрпінің орнына иу жазып, и әрпін және жазып қояды (қииу). Бұл шындығында қазіргі кирил-қазақ емлесін жасарда кеткен қателік еді: қыйыу деп айтылатын сөздің түбірі [қый], қи-ға тұйық етістік жұрнағы жалғанда қиу болады, бірақ иу орнына ю жазылса, қю тұрпаты шығады, сон­­дық­тан екі әріпті и арқылы бай­ла­ныс­тыр­ған. Сол себепті екі и әрпін жазу­ға бол­май­тынын біле­тін тілдік білім болуы керек. Ал абсолют сияқты көп­­­теген шеттілдік термин сөздер ú әрпі­мен таңбаланады: parashút, absolút. Оның себебін ашсақ: 1) ú таң­басы ағылшын әліпбиіндегі u таң­басынан шығарылғандықтан ағыл­шын түпнұсқасына сай келеді; бұл parashýt, absolýt деген тұрпаттан әл­де­қайда ұсынақты; 2) қосымшаны пара­шут­тың, парашутқа, абсолуттың, аб­солут­қа деп жуан түрде емес, para­shút­ке, absolútter түрінде, соңғы буын­ның әуеніне қарай, жіңішке тембр­мен қосымша жалғай аласыз; 3) бұл әзер­­бай­жан, түрік емлесіне де сәйкес келеді. 

Ю әрпін ү әрпімен таңбалауға әзербайжан емлесі 2004 жылдан бері 2 рет реформалап барып, әрең қол жеткізсе, біз бұл дұрыс емлені бірден қалыптандыра аламыз. Ал ономастикалық атаулар өзге әлем тілдері сияқты транслитерацияланып жазылады. Бұл – әліпби­дегі әріптер шегінде түпнұсқадан айнытпай таңбалау дегенді білдіреді, сондықтан мысалы, Федор, Петр, Юра, Юрмала деген сөздер әліпби шегінде былай жазылады: Fiodr, Piotr, Iyrmala, Iyra, Iypiter. Ономастикалық атаулардың емлесі 2019 жылы жеке ереже түрінде жарық көреді. 

Я әрпі төл, кірме сөздерде (Ясауи, япыр-ау, яғни, ядро, яһуди т.б. сөздерде) ıа – әріп тіркесінің таңбасы екені белгілі. Тағы да көзі қарақты, санасы сауатты тіл тұтынушы жаңа әліп­бимен ıа түрінде таңбалауы тиіс. Бірақ зияткер, қиямет, ал­дияр тәрізді сөздерді жазғанда тілдік, фоне­ти­калық сауаты орта не төмен жа­зар­мандар я әрпінің орнына иа жазып, и әрпін және жазып қояды (зииаткер). Шындығында, бұл орфограмма да, жоғарыдағыдай, кирилл емлесін қабылдағанда болған нормадан ауытқу еді. Сондықтан жаңа емледе бір ı (и) түсіріліп жазылады. Мысалы, zıatker, qıamet, aldıar, mıa, avtonomıa, химия - hımıa, Ásıa (Әсиа). 

Кирилл әліпбиі орыс тілі үшін, оның дыбыстық құрылымына, грам­матикалық ерекшеліктеріне адек­ватты ең озық фонологиялық әліп­би болды. Алайда қазақ-кирилл әліп­биіндегі өлі әріптердің (ь,ъ), екі-үш дыбыс­қа ортақ теліме әріптердің (ю, я) және ц, щ, ё, э-лардың ұлттық тілі­м­із үшін графемалық жүктемесі болған жоқ. Бұлар орыс тілінен енген сөздерді орыс тілінің орфографиясы бойынша жазу үшін қолданылды. Сөйтіп, кирилше қазақ әліпбиі гете­­рогенді сипаттағы қосамжар ор­фо­­графияны жасады. Тіліміздегі тер­­миндердің барлығы орыс тілі ем­лесімен бірдей болды. 

Осы орайда айта кететін өзге түркі тілдеріндегі кірме әріптер жай­лы қосымша бір ақпарат бар: кирилл-әзербайжан әліпбиінен 1947 жылы Цц әрпі алынып тасталған. 1958 жылы Ээ, Юю, Яя әріптері ығыстырылып, Йй әрпі Јј-мен ауыс­тырылады. Яғни әзербайжан әліпбиінде қазақ әліпбиі сияқты 42 әріп емес, 32 әріп болған. Бұл әліпби ресми түрде 90-жылдардың аяғына дейін қолданыста болды. Қазір Ресей аумағындағы әзербайжан жазуында да қолданылады. Яғни әзербайжан жазуында 50-жылдардың аяғынан бері ю орнына ү әрпі таңбаланып келген. Алайда латын әліпбиіне көшерде ю әрпін у әрпімен жазып, ү графемасын таңбалауға енді ғана көшіп отыр. Сондықтан жоғарыда айтқандай, ю әрпін ү әрпімен таңбалауға әзер­байжан емлесі 2004 жылдан бері 2 рет реформалап барып, әрең қол жеткізсе, біз бұл дұрыс емлені бірден қалыптандыра аламыз деп ойлаймыз.

Ереже жалпы қазақ мәтінінің (төл сөздердің де, термин сөздердің де) емлесін қамтиды. Сөздердің жаңа әліпби негізіндегі тұрпаты алғашында мүлде бөтен, оғаш болып көрінгенмен, көре-көре көзге жатталады, қолға үйренеді, сөйтіп санада орнығады, жазу мен оқу автоматтанады. Емле ережелерінің негізінде орфографиялық сөздік және анықтағыштар құрастырылады. Сөйтіп, жазуға ықшам, оқуға оңтайлы ұлттық жазудың негізі қаланады. 

Құралай КҮДЕРИНОВА, 

 филология ғылымдарының докторы, профессор