Елбасы Жолдауында «мектептің жаны» (А.Байтұрсынұлы), «мектептің жүрегі» (Ы.Алтынсарин) саналатын мұғалімнің айлығын өсіріп, мәртебесін көтеруге пәрмен берілді. Енді осы тапсырманы сөзбен емес, іспен орындау міндеті мінсіз атқарылса, қане.
Иә, мұғалім беделі тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаң шағында, біреуді-біреу білмей кеткен тұста құлдырады. Білім саласын қағаз жүзінде көтере айтқанымен, көп жағдайда нәтижесі көңіл көншітпейтінін жасыруға болмас. Бір өкініштісі, білім реформаларының дұрысы мен бұрысы сарапқа салынбай келеді. Қарапайым халықтан бастап, халық қалаулыларына дейін «бұл қалай?» дейді. Еститіндері – сырғытпа жауап. Ең сорақысы, біріне дағдылана бергенде екіншісі киіп кетіп, оның азабын оқушы, ата-ана, мұғалім көреді.
Оқулық оңбаған жерде білім оңала ма? Сауатты делінетін елдің баласына «Сауат ашу» деген кітап ұстатып қойдық. Уәж – балабақшадан әріп танып, дайын келген ұл мен қызды енді осы оқулықпен оқытуға болады дейді. Барлық бала балабақшадан хат танып, сан санап мектепке келіп жатыр ма?
Жаңартылған білім мазмұнына сәйкес балабақшадан «бәрін меңгеріп келген» ұрпаққа мұғалім тек бағыт беруші болып есептеледі. Бірақ, бәрі әсіресе әріп танымайтындар, сөйлей алмайтындар мұғалім берген бағытты қабылдай қояр ма екен? Қаладағы 30-40 балаға мұғалім санаулы минутта әріпті үйретіп, санды саната ала ма? Осыдан келіп бастауыштағы білім сапасы төмендейді. Жалған бағалау пайда болады. Кейін ол жарға жықпай қоймайды. Ала-құла ұрпақ тағдыры деген осы. Ата-аналар баламызды оқытпадың деп мұғалімге дүрсе қоя береді. Мұғалім болып жатқан жайды айтады, қосымша сабақ оқытыңыздар деп кеңес береді. «Ақша төлесең, қысқа мерзімде оқытамыз» деген орталықтар елімізде жеткілікті. Жарнамасы да жер жарады. Тіпті кей мұғалімдер сабақтан кейін ақылы оқытуға көшті. Әлгіндей әралуан орталықтар талапқа сай ашылған ба, беретін білімдері тиянақты ма, мұғалімдері білікті ме, оқу базасы жеткілікті ме деген сансыз сұрақ ойдан кетер емес. Мұндай нәрсе қалтасы қалыңдар үшін ауырлық түсірмейді. Ал қалтасы жұқаларды қалтыратуда.
Елімізде басты білім беретін орын – мектеп. Тек ондағы кейбір жүйесіз көріністер жұртты алаң күйге енгізуде. Оны қатаң сарапқа сала алсақ, ұлтқа да, ұрпаққа да, әсіресе бүкіл саналы ғұмырын білім саласына арнаған ұстаздарға тиімді болар еді. Ондай жағдайда ақшаға негізделген орталықтар бірте-бірте өз жолын табары сөзсіз.
Мектепке мемлекет ақша бөледі. Орталықтарды ата-аналар қаржыландырады. Бұл да ойлануды қажет етеді. «Мектептің міндеті – баланы ата-ананың үміті мен мемлекеттің көздеген мақсатындағы үдеден табылатын адам қылып шығару.
Бес күндік оқытудың мәселесі аз емес. Бар сағатты бес күнге сығымдап оқытқан мұғалім, алтыншы күні қайда болады дейсіз ғой. Әртүрлі тапсырмалармен мектепте жүруі тиіс. Ел жағдайын, бала дайындығын ескеріп, Елбасы жете мән беріп отырған үш ауысымдық оқуды жойғанша, екі ауысымды сиретіп, толық бір ауысымға көшкенше, артық бағдарламалар мен бастамаларды ысыра тұру артық болмас еді.
Сәтсіз реформалардың бірі – 2019 жылдан бастап 4 пәнді, яғни физика, химия, информатика, биология пәндерін ағылшын тілінде оқыту жайы. Мұғалім 9 айда дайындықтан өтетін көрінеді. 9 айда мұғалім ағылшын тілін меңгеріп, сабақ беріп кете ала ма? Төрт-бес жылдап оқығандардың өзі толық меңгере алмай жатқанын неге естен шығарып отырмыз? Бұл аз десеңіз, жалпы тарих орыс тілінде оқытылмақ. «Қазақ тілі ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналады. Енді оны ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз «Мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болады», деген Елбасы сөзін неге ескермейміз деген ой келеді.
Ал сенатор Мұрат Бақтиярұлы «Әлемнің ең мықты 30 елінің бастауыш сыныптарында қанша тіл оқытылатынын зерттеп қарасақ, 4 елде екі тіл бірінші сыныпта, 5 елде екінші сыныпта, 12 елде төртінші сыныпта оқытыла бастайды екен. Әлемнің бірде-бір елінде үш тіл мүлдем оқытылмайды» депті. Әлемді аузына қаратқан Жапония жұрты 12 жасқа дейін ұл-қызын өзге тілге жолатпайтын көрінеді. Енді Елбасы тапсырмасына орай, мұғалім беделін көтеру жолындағы талпыныс, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, нақтылай түссек, айлығын көтеру болып отыр. Бұл үшін мұғалім өзін танытуы тиіс. Арнайы тест сынағынан өтуі керек. Сабақ бере жүріп дайындалып, тестілеуден өткен ұстаздарға одан кейін қойылатын талап алған марапаттары мен түрлі мекемелерде семинар-тренингілерде тапсырылатын сертификатын көрсетуі. Бұл да мұғалімдердің жүйкесін жұқартатын іс. Себебі мұғалімнің білім мен білігі бір сәттік тестілеумен өлшене ме? Түрлі жолмен алған бір жапырақ қағазға мән беру көңілге сыймайды. Одан да мұғалімнің өмірлік тәжірибесін, әдістемесін, шығармашылық жұмысын алға шығарсақ, тиімді болар еді. Оны жетік білетін мектеп ұжымының, ата-аналарының пікірін ескеру де қажет тәрізді. Әрине сертификатты мүлде жоққа шығаруға болмайды. Дамыған елдерде үлкен рөл атқарады. Бүкіл жұмысыңның нәтижесі сонымен бағаланады. Біз маңызы бар сертификатқа ие болуға бәріміз бірдей жете қойдық па?
Қазіргі айлықты өсіру науқаны дүрбелең туғызып тұр. Тестілеуден мыңдаған мұғалім өте алмай қалуда. Ал олар өз мамандығына сай емес деп кім айта алады? Бүкіл өмірін осы жолға арнаған тәлімгерді бір сәттік тестілеуден өтпеді деп айыптаудың өзі қиянат секілді.
Мына бір нәрсені де айта кетсек артық болмас. Еліміздегі лауазым иелері мен қалталы азаматтар ақшасы қыруар ақылы мектептер мен балабақшаларда ұрпағын оқытып, өсіріп жатқаны белгілі. Бұл еліміздің келешегі делінетін ұл мен қызды қарғадайынан қақ жару болмай ма? Ұлттың ұрпағы бала кезінен бір-бірін түсініп, түйсініп, жұдырықтай жұмылуына ертең кедергі келтіріп, алакөздестіріп, жаңа заманның Асаны мен Үсенін қалыптастырып жүрмей ме?
Жас мұғалімдер үшін жатақхана салу қолға алынса, олардың пәтерден пәтерге көшіп жүруіне тыйым болып, тұрақталуына жол ашылар еді. Қаржысы да үнемделіп, тұрмысы түзелер еді. Мұғалім деген биік мәртебенің биігінде тұрар еді. Әлгіндей жатақхана үлгісі кешегі Кеңес дәуірінде кең қанат жайды. Қазіргі біраз алдыңғы толқын сол жатақхананың «түлектері» екені белгілі. «Түлектер түлеп» кеткен соң оның орнын жастар басатын әдет-ғұрпы қалыптасады. Еліміздің бүгінгі қарқынына қарай бүкіл халық үйге қол жеткізгенде бұл үрдіс тоқтары белгілі.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Egemen Qazaqstan»