Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Армения Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Гагик Галачянмен кездесті.
Г.Әбдіқалықова кездесу барысында Қазақстан мен Арменияны тарихи және мәдени қарым-қатынастар тығыз байланыстыратынын атап өтті. Оның ішінде жемісті ынтымақтастық ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ, ТМД және басқа да интеграциялық бірлестіктер аясында жүзеге асып келеді.
Мемлекеттік хатшы елшіні Қазақстандағы қызметіне тағайындалуымен және Армениядағы парламенттік сайлаудың өтуімен құттықтап, жаңадан сайланған заң шығарушы органның белсенді қызметі Қазақстан-Армения серіктестігінің одан әрі нығая түсуіне оң ықпал ететініне сенім білдірді.
Г.Әбдіқалықова екі елдің еуразиялық интеграция аясындағы өзара іс-әрекеті тауар айналымының өсу қарқынына септігін тигізіп отырғанын айтты. 2018 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша, Қазақстан мен Армения арасындағы тауар айналымы 10,4 млн АҚШ долларын құрап, 2017 жылмен салыстырғандағы өсім 19,5 пайызға жеткен. Оның ішінде экспорттың үлесі 4,9 млн доллар болса, импорт 5,5 млн долларды құраған.
– Біздің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығымыздың Қазақстан мен Армения қарым-қатынасында ерекше маңызы бар. Тұрақты түрде мәдени, ғылыми және спорттық іс-шаралар өткізіліп, жастар мен білім мекемелері арасында тығыз байланыс жолға қойылуда. Қазақстанда тұрып жатқан армян диаспорасы – біздің мәдени-гуманитарлық қатынасымыздың маңызды дәнекері, – дей келе, Мемлекеттік хатшы еліміздің әрбір облыс орталығында Армян ұлттық-мәдени бірлестіктерінің табысты жұмыс істеп жатқандығын атап өтті.
Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Арменияның Төтенше және өкілетті елшісі Гагик Галачянға екіжақты өзара әрекеттестікті одан әрі нығайту ісінде табыс тіледі.
Г.Галачян бұл қызметіне өткен жылдың қараша айында Армения президентінің жарлығымен тағайындалған болатын.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»