Кеншілер астанасындағы Октябрь ауданының №3 аудандық сотында өңірдегі тұңғыш мамандандырылған фронт-офис келушілерге есік ашты.
Сот жүйесін жаңғырту мақсатында құрылған фронт-офис үш аумақтан тұрады. Ақпараттандыру орталығында тұрғындар кеңес беруші қызметкерлердің көмегіне жүгіне алады. Сонымен қатар бұл жерде келіп түсетін кеңсе құжаттар аумағы мен өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы бар. Сотқа келушілер «Сот бөлмесі» ақпараттық жүйе қызметін, wi-fi желісін және гаджеттерге арналған қуаттандыру құралдарын қолдана алады. Сондай-ақ медиаторлар мен адвокаттар үшін арнайы бөлмелер де қарастырылған.
– Бұрын мұнда аядай күту залы мен құжаттар беретін екі терезе ғана болған. Өте ыңғайсыз еді. Енді бұл жер кеңейтілді, кеңесшілер бар, келіп түсетін және берілетін корреспонденцияны қабылдап-беріп тұратын қызметкерлер жұмыс істейді. Сонымен қатар фронт-офисте адвокаттар мен медиаторлар қызмет көрсетеді. Осының барлығы тұрғындарға ыңғайлы болу үшін жасалған, – дейді Октябрь ауданының №3 аудандық сотының төрағасы Ерлан Шегенов.
Жыл соңына дейін Қарағанды облысының көпқұрамдық соттарында осы секілді 7 фронт-офис ашу жоспарда бар. Бұл туралы облыстық соттың төрағасы Нұрсерік Шәріпов мәлімдеді.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Egemen Qazaqstan»