Бүгінгі таңда Қазақстанда өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың өзара қарым-қатынастарындағы ауызбірлік, татулық, сыйластық, төзімділік сияқты игіліктер өздігінен қалыптаса салған дүние емес. Өкінішке қарай, көпшілік осы баға жетпес құндылықтарды табиғи жағдайда пайда болды деп түсінеді. Бәлкім, оның себебі кешегі Кеңес дәуірінде одақтас елдердің біртұтас халық болып, бір-бірімен ынтымақтастықта өмір сүргенін арқау ететіндіктен болар.
Жуырда мемлекеттік деңгейде зор маңызға ие Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы өткені көпшілікке мәлім. Ассамблеяның алқалы жиынында ұлтаралық қатынастар саласына қатысты бірқатар өзекті мәселелер қарастырылды. Атап айтар болсақ, сессияға жиналған қауым назарына “Қазақстанның ел бірлігі доктринасы” ұсынылды.
Бүгінгі таңда Қазақстанда өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың өзара қарым-қатынастарындағы ауызбірлік, татулық, сыйластық, төзімділік сияқты игіліктер өздігінен қалыптаса салған дүние емес. Өкінішке қарай, көпшілік осы баға жетпес құндылықтарды табиғи жағдайда пайда болды деп түсінеді. Бәлкім, оның себебі кешегі Кеңес дәуірінде одақтас елдердің біртұтас халық болып, бір-бірімен ынтымақтастықта өмір сүргенін арқау ететіндіктен болар.
Осыған байланысты Югославия мемлекетінің тарихынан бір мысал келтіргім келеді. Кеңес Одағы тұсында Югославияға жұртшылық аса бір қызығушылықпен қарайтын. Себебі, сол жылдары ол Шығыс Еуропадағы қарқынды дамыған, өсіп-өнген мемлекеттердің қатарында болды. Бұл елде халықтың әлеуметтік жағдайы едәуір жоғары еді. Әрі капитализмнің де, социализмнің де нышандары байқалатын. Кеңес ғалымдары Югославияның үлгісін, тәжірибесін елімізде пайдалану тиімді болады деген пікірге келуі осыған байланысты. Оның үстіне, аталмыш ел тарихы бай, көп ұлтты мемлекет болып саналды.
Кезінде саяси басшылыққа, билікке келген адамдардың көреген саясатының арқасында өркендеген халық XX ғасырдың 90-шы жылдарында бір-бірімен қақтығысқа түсе бастады. Жазықсыз қан төгіліп, бейкүнә жандар құрбандыққа шалынды, мыңдаған адам елінен безуге мәжбүр болды. Күні бүгінге дейін бұл аймақта толыққанды тұрақтылық орнаған жоқ. Тек қана шет мемлекеттер кірісіп, олардың қарулы күштері араласқан соң ғана қақтығыстар бәсеңдеді.
Ұлтаралық татулықты бағалауға қатысты тағы бір мысалды Грузияның басына түскен ахуалдан байқауға болады. Грузия да кезінде дамыған, өркендеген республика болғаны баршаға белгілі. Ал соңғы жылдары бұл елдің саяси сахнасында ауыс-түйістер орын алып, билікке белгілі бір тұлғалар келгеннен кейін кезінде өркендеген Грузияда азаматтық соғыс өрті тұтанды. Халық аласапыранның ортасында қалды. Жергілікті жұртшылық атам заманнан мекендеп келген жерлерін тастап, басқа аймақтарға кете бастады. Нәтижесінде, өз алдына отау тігіп, жеке мемлекет болған Грузияға өз ішінде жікке бөлініп, ыдырау қаупі төнді. Бүгінде бүкіл әлем жұртшылығы бұрынғы Грузия мемлекетінің аумағында жаңа территориялық құрылымдардың пайда болғанын көріп отыр. Қазір Грузиядан іргесін аулақ салуға тырысып жатқан территориялық құрылымдар болашақта оның құрамына қайтадан қосыла ма, жоқ па? Бұл сауалдың жауабын табу қиын.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары біздің ел .үшін өте ауыр кезеңдердің бірі болды. Сол ауыр кезеңде халықтың арасындағы төзімділікті сақтап, татулық пен достықты нығайту, қоғамды тығырықтан сәтті алып шығу үлкен ерлікпен тең. Себебі, Кеңес Одағы келмеске кетіп, құрамындағы елдер өз алдына отау тіккен тұста көптеген ұлыс өкілдері, соның ішінде орыстар өздерін отансыз қалғандай сезінгені рас. Кезінде бір шаңырақтың астында күн кешкен халықтың санасында ертеңгі күнге деген сенім азайып, көкейлерінде қобалжу пайда болған еді.
Осы тұста бірқатар этностардың өздерінің тарихи отандарына оралуы, мәселен, орыстардың – Ресейге, немістердің – Германияға көшуі сияқты құбылыс белең алды. Бір сөзбен айтқанда, көші-қон үрдісі күшейді. Алайда, соған қарамастан елімізде халықтың ауызбірлігін, татулығын сақтап қалу үлкен саяси шеберліктің белгісі деп ойлаймын. Сол кезеңде қоғам үшін өте қажет әрі ұтымды идея дүниеге келген болатын. Ол — Елбасымыздың 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясы. Бұрын-соңды әлемдік тәжірибеде мұндай ұйым болмағандығын ерекше атап өткен жөн. Елбасымыздың бұл ұсынысы өз кезеңіндегі кезек күттірмейтін озық идея болғаны сөзсіз.
Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі барлық ұлыс өкілдерінің бетке ұстар азаматтарының басын біріктірген, топтастырған ұйым болды. Ұйым жанынан ұлт өкілдерінен құралған кеңес жасақталды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының өмірлік төрағасы болып сайланды. Бүгінде Кеңес аясында ұлтаралық қарым-қатынас, этномәдени, тілдік ерекшеліктердің сақталуы, төзімділік пен татулықты, достықты нығайту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуда.
1995 жылдан бергі аралықта Ассамблея ұлтаралық келісімді нығайту және ұлт мүдделерін тоғыстыру мәселесінде, түрлі этностар мен конфессиялардың бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуде көптеген жетістіктерге жетті. Мәселен, 2007 жылдан бастап саяси реформалар аясында Ассамблеядан ұсынылған Парламент Мәжілісінде 9 депутат сайлау құқығына ие. Ұлтаралық қатынастар ісіндегі жетістіктерге қарамастан, бұл салада әлі де болса жете көңіл бөлуді талап ететін мәселелер бар. Ассамблеясының тәжірибесін қазіргіден де жоғары деңгейге көтеру қажет. Өйткені, бұл мәселе еліміздің тыныс-тіршілігіндегі ең басты мәселелердің қатарында екендігін естен шығармаған жөн.
“Қазақстанның ел бірлігі доктринасының” жобасы біздің қоғамымызға өте қажет әрі дер кезінде жасалған құжат болып табылады. Ежелгі Қытай философы Конфуцийдің: “Алға қарай жүрмеген адам кері кетеді” деген даналық сөзі бар. Біздің ойымызша, бұл мәселеде бір орында тұрып қалмағанымыз абзал. Болашақта ұлтаралық, этносаралық қарым-қатынастарды одан әрі ілгерілетіп, жаңа кезеңнің жаңа талаптарына сай болу үшін осы салада бастаған істі сәтті жалғастыру үшін аталмыш Доктрина жобасының қажеттілігі өте зор.
“Қазақстанның ел бірлігі доктринасы” жобасында көтерілген мәселелердің бірі — жалпықазақстандық сәйкестікті нығайтуға бағытталған тұжырымдар. Осы ұғымның мазмұнына терең үңілер болсақ, оның мәнісін былайша қарастыруға болады. Еліміздің халқы белгілі бір ұлттың, ұлыстың өкілі бола тұрса да, өздерін Қазақстанмен сәйкестендіруінде, мемлекетті өзінің, балаларының болашағымен байланыстыруында жатыр. Әрбір азамат өзін еңбек етіп, тұрмыс кешіп жатқан елінің патриоты ретінде сезінуі керек. Яғни Қазақстанның дамуына, көркеюіне өз үлесін қосып, тағдырын осы елмен байланыстыруға дайын болуға тиіс. Міне, жалпықазақстандық сәйкестілік деген ұғымның түп-төркіні осыған келіп тіреледі.
Бүгінгі талаптың биігінен қарайтын болсақ, Доктрина жобасындағы жалпықазақстандық сәйкестілік мәселесі байыптылықпен, парасаттылықпен, көрегендікпен қойылып отырған дүние. Әрине, бұл мәселе алдағы уақытта осы салада көп еңбек етуді қажет ететіндігі түсінікті. Оның күрделі жақтарының бірі – жалпықазақстандық сәйкестілікті барлық ұлыстардың санасына ұялату, менталитетіне енгізу. Жалпықазақстандық сәйкестілікті ел басына ауыртпалық түскен жағдайда тек қазақ ұлтының өкілдері ғана емес, өзге ұлыс өкілдерінің де Отанына, ата-бабаларының өмір сүрген жеріне, еліме қауіп төнді деп түсінуі, оны қорғау баршаның азаматтық борышы санауы деп білемін. Қазақстанды мекендейтін әр ұлыстың өкілі келешегін осы елмен ұштастыруға тиіс. Әрбір азамат өз бойында осындай сезімді тәрбиелей білсе, құба-құп.
Доктринада қарастырылып отырған мәселелердің бірі – ұлттық бірліктің басты қағидаттарын белгілеу. Сондай-ақ аталған құжатта ұлттық бірлік дегеніміз, этностық қоғамдастықтың біртұтас мемлекет құрамында өмір сүруі, ел азаматтарының Қазақстанның құндылықтары мен мұраттар жүйесімен сәйкестендірілуі деп түсіндіріледі. Қазақстан халқы ұлттық бірлігінің негізгі қағидаттарына құндылықтар ортақтығын, ұрпақтар сабақтастығына жетелейтін ортақ тарихымызды жатқызуға болады.
Тағы бір айта кететін жайт, қазіргі таңда қазақ халқының дәстүрін, тілін, ділін, барлық менталитетін бойына сіңірген, табиғи болмысы қазақтармен біте-қайнасып кеткен ұлт өкілдері аз емес. Мәселен, барлық этностардың арасындағы тығыз мәдени байланыстың негізінде өзге ұлыс өкілдері қазақтың қонақжайлылық, отбасы институтын ерекше қадір тұту, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету сияқты қасиеттерін өз бойларына сіңіріп жатқандығын байқаймыз. Яғни, қазақ жеріне келген этностардың менталитеті өзгеріске түсіп, мемлекетті құраушы ұлттың дәстүріне, тарихи танымына бейімделуде. Демек, қазақ менталитеті, тілі, ділі өзге ұлыстарды біріктіруші фактордың міндетін атқарып отыр. Ортақ болашаққа жету туралы жауапкершілік те ұлтаралық бірліктің негізгі факторларының бірі деуге толық негіз бар. Олай болса, әрбір азамат тәуелсіз мемлекетімізді құруға қатысы бар екендігін айқын сезініп, болашақ ұрпақтың тағдыры үшін ортақ жауапкершілікті арқалайтындығын жете түсінгені абзал.
Ал тарихтың ортақтығы мәселесіне келер болсақ, әрине, Қазақстан тарихы – ең алдымен қазақ елінің тарихы. Ол – тәуелсіз мемлекетіміздің аумағында өмір сүрген алғашқы мемлекеттердің, ортағасырлық мемлекеттердің тарихы. Оның ішінде қазақ мемлекеттілігінің негізі болып табылатын Ақ Орданың тарихы. Мәселен, осы Ақ Орда мемлекеті мен оның сол кездегі астанасы Сығанақ атаулары бүгінгі Астанамыздың төрінен орын алып отырғаны тарихи тағдырымызға деген құрметтің нышаны. Сондай-ақ мемлекеттілігіміздің тереңнен бастау алатындығының айқын көрінісі. Біздің ойымызша, тағдырдың желі айдап, қазақ халқымен бір елде, бір жерде өмір сүруге мәжбүр болған өзге ұлыстардың тарихы Қазақстан тарихының ажырамас бөлігі ретінде қарастырылғаны жөн. Ендеше, соңғы екі ғасырға жуық уақыт ішінде Қазақстанға қоныс аударған этникалық топтар мен қазақтардың тарихы ортақ деуге толық негіз бар.
Тарихи факторлардың салдарынан Қазақстанға келген ұлыс өкілдері біздің еліміздің экономикасын көтеруге, мәдениет пен ғылым саласын өркендетуге зор үлес қосқандығын жоққа шығаруға болмайды. Бұл да халқымыздың тарихының ортақтығын, мақсат-мүдделері мен болашағының бір екендігін айқындайды.
Доктринада аталған тағы бір өзекті мәселе — этносаралық қатынастарды жүйелі және мақсатты түрде зерттейтін орталық құру. Бұл орталық Ассамблея жанындағы ғылыми-сараптамалық кеңестің базасында бой көтермек. Әрине, дәл осындай құрылымның Ассамблеяға өте қажет екендігі анық. Дегенмен, осы орайда бір түсініксіз жайттың туындағанын да айтпай кете алмаймыз. Бұл мәселе 2005 жылы Елбасының шешімі бойынша Ассамблеяны күшейту жөніндегі шара ретінде қабылданған Жарлықта айқындалған болатын. Осы Жарлықта ұлтаралық қатынастарды, этникалық мәселелерді зерттеу жөніндегі орталық ашу туралы нақты нұсқаулар берілген еді. Мені осы мәселенің неліктен қайта көтеріліп отырғаны ойландырады. Кезінде ашуға нұсқау берілген орталық неліктен күні бүгінге дейін құрылмағаны, жұмыс істеп жатпағаны түсініксіздеу болып тұр. Әрине, алдағы уақытта бұл орталықты құрып, оның қызметін жолға қою керек.
Білім және ғылым министрлігінің құрамындағы Тарих және этнология, Философия және саясаттану институттарын этносаралық келісім, этномәдени төзімділік, этносаралық, конфессияаралық мәселелер сияқты өзекті тақырыптарды зерттеуге пайдалануға болады. Сондай-ақ, Философия және саясаттану институтының жанындағы әлеуметтану бөлімінің зерттеу жұмысына мемлекеттік тапсырыстарды көбейтсек, соның арқасында жоғарыда сөз болған этникалық мәселелерді тереңірек зерттеуге мүмкіндік туар еді.
Еліміздің этникалық ахуалын сөз еткенде, тіл мәселесін айналып өте алмаймыз. Жасыратыны жоқ, Кеңес Одағы тұсында қазақ тілі жойылып кетуге шақ қалғаны белгілі. Қазақ тілі тек қазақы орталарда, қазақ ауылдарында, қазақ басылымдарында қолданыс тапты, тұрмыстық тілдің деңгейінде қалып қойды. Алайда, тәуелсіздік алғаннан кейін ана тілімізге мемлекеттік мәртебе беріп, оның қолдану аясын кеңейтуді қолға алдық. Бұл салада атқарылатын жұмыстар әлі де болса жетерлік. Айтқымыз келгені, Доктринада мемлекеттік тілмен қатар, орыс және ағылшын тілдеріне де көңіл бөлінген. Жалпы, ана тіліңді жетік біле отырып, шетел тілдерін меңгеру адамның рухани байлығын білдіретін көрсеткіштердің бірі. Осы орайда, үш тұғырлы тіл идеясы біздің азаматтардың әлемдік ғылым-білімді меңгеріп, озық мәдениетпен сусындауына жол ашары анық.
Орыс тіліне қатысты ой-пікірімізді ортаға салар болсақ, бұл өте бай тіл, ғылым-білімнің тілі екендігін ұмытпағанымыз жөн. Орыс тілі арқылы ұлы Абай әлемдік әдебиетті таныды. Бұл әлемде кең таралған тілдердің бірі. Бүгінгі таңда Мадлен Олбрайт, Маргарет Тэтчер, Колин Пауэл сынды әлемдік саясаттағы белді тұлғалардың еңбектерін, басқа да салалардағы айтулы дүниелер жарыққа шығысымен, аз уақыт ішінде орыс тіліне тәржімаланды. Өкінішке қарай, осы тектес үлкен еңбектерді қазақ тіліне аудару мәселесі толыққанды жолға қойылып үлгерген жоқ. Яғни, оқырмандарымыз қазақ тіліне тәржімаланып үлгермеген дүниелерді оқу үшін орыс тілінің көмегіне жүгінеді. Ал ағылшын тілінің мәртебесі қаншалықты биік екендігі еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін түгел мәлім. Қоғамтану, саясаттану ғылымдарының көпшілігінің теориялық негізі, әдістемесі ағылшын тілінде түзілген. Тіпті, ағылшын тілін меңгермейінше, азаматтарымыздың халықаралық кеңістікте емін-еркін жүріп-тұруы, білім алуы, мәдени-ғылыми тұрғыда ықпалдасуы өте қиынға түседі.
Үш тұғырлы тіл идеясына қатысты мына жайды баса айтқан жөн. Мемлекет басшысы орыс және ағылшын тілдерін меңгеруге жағдай туғызыла отырып, ең алдымен қазақ тіліне басымдық берілетіндігін айқын жеткізген болатын. Олай болса, бүгінгі Қазақстан азаматтарының парызы – “өзге тілдің бәрін меңгеріп, мемлекеттік тілді құрметтеу” деп білеміз.
Доктринада конфессияаралық қатынастар мәселесінің де қамтылғаны өте орынды. Қоғамда дінаралық үндесу мен өзара түсінікті дамыту, тұрақтылықты нығайту және келешек ұрпақтың дінге қатысты мағлұматын, білім деңгейін көтеру мақсатында орта мектептерде “Дінтану негіздері” міндетті оқу курсын жүргізу қажеттілігі көрсетілген. Бұл курсты мектеп қабырғасында енгізу дұрыс деп есептеймін. Себебі, ұлтаралық және конфессияаралық қарым-қатынас бір-бірімен тығыз байланыстағы дүниелер. Бүгінде еліміздегі ұлыстардың әрқайсысының өзінің құндылықтары, дәстүрі, наным-сенімі бар. Қазақтар ислам дінін, орыстар христиандық православие дінін, еврейлер иудаизмді ұстанса, басқа да ұлыстар 40-тан астам діни ағымдар мен сенімдерге бой ұсынған. Сондықтан халық арасында бір-бірінің ұстанған дінін құрметтеп, оған төзімділік танытуға жетелейтін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу артықтық етпейді. Сондықтан бұл пәнді оқыту өте қажет деп есептейміз.
Доктринада мектептерде Қазақстан халықтарының тарихын, еңбектегі және майдандағы ерліктерін дәріптейтін мұражай жүйесін калыптастыру қарастырылған. Әрине, бұл бастаманы да қолдауға болады. Әсіресе, бұл жұмысты көптеген этнос өкілдерінің шоғырланған жерлерде жүргізу тиімдірек болмақ. Құжат жобасында көтерілген мәселелердің бір топтамасы жыл сайын Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған “Менің елім” атты халықтық-патриоттық акцияларды өткізуге бағытталған. Бұл шараның өскелең ұрпақтың, жастардың арасында этностық және діни төзімділік идеялары мен дәстүрлерін әрі қарай нығайтуға негіз болары сөзсіз. Болашақта акция дәстүрлі сипатты иеленеді деген ойдамыз.
Тағы да бір көтерілген мәселе – этностық бұқаралық ақпарат құралдарына қолдау көрсету. Бүгінгі таңда республикамызда жүзеге асырылып жатқан ұлттық саясатты халыққа жеткізу, тарату мақсаты оңай жұмыс емес екендігі көпшілікке мәлім. Бұл қыруар шаруа көзге көрінбесе де, тыңғылықты қолға алуды қажет етеді. Әрине, этностық бұқаралық ақпарат құралдары ұлтаралық қатынастардағы, ұлт саясатындағы жетістіктерге, ұтымды шараларға көбірек көңіл бөлуі қажет. Ұлтаралық және конфессияаралық қатынастарды саясатқа айналдыруға болмайды.
Ендігі көңіл бөлетін мәселе – этносаралық салаға қатысты ғылыми-қолданбалы базаның ұғымдарын жетілдіру. Осыған байланысты “ұлт” деген ұғымның бүгінгі қолданыс аясына қатысты пікірімді білдіре кетейін. “Ұлт” ұғымын екі түрлі мағынада қарастыруға болады. Ең алдымен, бұл ұғымды орыстардың өзі Еуропадан алғандығын ескеруіміз қажет. Кеңес үкіметі тұсында ол “этнос” мағынасында қолданылды. Мысалы, орыс, өзбек, қазақ, украин, тағы басқа этностар Кеңес Одағында “нация”, яғни, “ұлт” деп қарастырылды.
Ал батыс ғалымдарының анықтамасына сүйенсек, оның мағынасы этностан гөрі әлдеқайда кең. Мәселен, АҚШ-та осы елді мекендеген түрлі халықтар “америкалық ұлт” деген ұғымның аясына ұйып отыр. Яғни олар үшін “ұлт” деген ұғымның мағынасы “этностан” гөрі әлдеқайда терең деген сөз. Соның арқасында көптеген этностар АҚШ туының астына біріккен. Осыдан шығатын қорытынды, “ұлт” ұғымының негізгі мағынасы “халық” дегенге көбірек келеді. Яғни, “ұлт” — бір мемлекеттің құрамындағы халқы, сол мемлекеттің азаматтары дегенді білдіреді. Ендеше, орыстың “нация” деген қос мағынасы бар (саяси және этникалық) сөзін қазақ тіліндегі қолданыста ара-жігін ажыратып алғанымыз жөн. Бұл кезек күттірмейтін мәселе. Себебі, қазірдің өзінде этносаралық, ұлтаралық қатынастарды зерттеу барысында ғалымдар арасында осы ұғымға қатысты пікірталастар толастамай отыр.
Доктринада көші-қон мәселесіне де назар аударылған. Бұл да қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі екендігі анық. Көші-қон саласында ұлттық заңнаманы жетілдіру уақыт талабына сай көтеріліп отыр. Өйткені, Қазақстан жер көлемі аса кең, қойнауындағы байлығы мол, экономикалық-әлеуметтік дамуы жоғары, саяси тұрақтылығы мығым мемлекет болып табылады. Геосаяси тұрғыдан алғанда, еліміз бір тарапында алып Қытаймен, екінші тарапында алпауыт Ресеймен, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерімен іргелес жатыр. Бір айта кетерлігі, осы елдерде орын алып жатқан саяси, әлеуметтік, экономикалық, демографиялық үрдістер біздің елді де алаңдатпай қоймайтыны түсінікті. Әсіресе, бүгінгі таңда шет мемлекеттер мен Қазақстан арасында көші-қон үрдісі қарқын алуда.
Қазақстан көші-қон үрдісін реттеп отыру мәселесінде Канада, Австралия, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт сияқты елдердің тәжірибесіне сүйенгені дұрыс деген ойдамыз. Бұл елдердің көші-қон саласына қатысты заңнамасы жергілікті халықтың құқын, мемлекеттің егемендігін қорғайтын мығым заңдарға негізделген. Сондықтан Қазақстанда да көші-қон үрдісін қатаң қадағалайтын, мемлекетіміздің егемендігін қамтамасыз ете алатын, дәйекті, салмақты заңнама қажет-ақ.
Бұл мәселе баса назар аударуды қажет етеді. Себебі, соңғы санақтың нәтижесіне көз жүгіртсек, Қазақстандағы қазақтардың үлес салмағы 67 пайыздық деңгейді жаңа ғана бағындырып жатыр. Бұл межені әлі де болса өсіру керек. Енді көші-қон үрдісіне қатысты Германияның тәжірибесіне көз жүгіртіп көрейік. Немістер Германияда қалуды мақсат ететін азаматтар үшін бірнеше талап қойды. Соның бірі – неміс тілінен және неміс тарихынан емтихан тапсыру. Немістің тілі мен тарихын білмейтін адам Германияда қала алмайды. Осы тәжірибені Қазақстанға қоныс аударуды көксейтін шетелдіктерге қатысты неге қолданбасқа? Қазақстанды мекендегісі келетін кез келген азамат біздің елдің тарихын, мемлекеттік тілін, сондай-ақ жергілікті халықтың дәстүрін қаншалықты білетіндігін емтихан тапсыру арқылы дәлелдеуге тиіс. Бұл өз кезегінде көші-қон үрдісін реттеуге ғана емес, Қазақстанда тұратын азаматтардың ой-санасын тәрбиелеуге де игі ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Қорыта келгенде, Доктрина аясында көптеген өзекті мәселелер көтерілгендігіне көз жеткіздік. Негізінен Доктрина арқылы қоғам назарына талқылауға ұсынылған ұстанымдар, қағидалар уақыт талабынан туындағаны анық. Ғалымдар, саясаттанушылар, философтар, сондай-ақ көзі ашық, көкірегі ояу қарапайым азаматтар тарапынан осы маңызды құжатқа қатысты ой-пікірлер әлі де айтылатындығына сеніміміз мол. Сөз жоқ Доктрина этносаралық келісімді, төзімділікті, тұрақтылықты қамтамасыз етуге өз ықпалын тигізеді. Бұл қоғамға өте қажет әрі заман талабына сай құжат деп есептейміз.
Камал БҰРХАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдар докторы, профессор.