• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
30 Қаңтар, 2019

Электронды ПИК – қолайлы жүйе

484 рет
көрсетілді

Цифрлы технологиялар алматылықтардың күнделікті тіршілігіне дендеп ене бастады. Қала басшылығы тарапынан қолайлы жағдай туғызу мақсатында жүзден астам мақсатты жобалардың қабылданғаны белгілі. Әлемдік экономиканың 70 проценті қалаларда қалыптасатындығын басшылыққа алатын болсақ, Алматы әлемдегі осындай 600 мегаполистің қатарына еніп отыр. Оңтүстік шаһар әкімдігінің мәліметтері бойынша, қазіргі кезде қаланың 2050 жылға дейінгі даму жоспары әзірленуде. 

БҰҰ деректері бойынша 2050 жыл­дарға қарай әлем тұр­ғындарының 70 процентке жуығы қала­ларда шоғыр­лана­тын­дығын ес­кер­сек, Алматы жұрт­шы­лы­ғы­ның саны да ұлғайып, 2035 жылдарда 3 миллионнан асады деген болжам айтылады. 

Ал­ма­ты қазіргі кез­де цифр­ландыру бойынша көш­басшы орында тұрған қала­лар­дың бірі деуге негіз бар. Бүгінде «Smart Almaty» ая­­сында қырықтан астам жоба жолға қойылған. Цифр­лы жүйенің қауіпсіздік, қоғам­дық көлік, білім және ден­саулық, басқа да салаларға ден­­деп ен­гіз­ілуі зерттеуші ма­ман­­дар­дың пікірі бо­йынша, эко­номикалық тиім­ділігімен қа­тар мемлекеттік орган­дардың жұмыс сапасын арттыру, сондай-ақ жемқорлықпен күресуге мүмкіндік береді. Қала­ның бүгінде IT өнімдер өн­­ді­рі­сіндегі үлесі 50 процент­ті құраса, электронды үкімет қызметінің үштен бірін, интернет сауданың 75 процентін құрайды. Ал қала тұр­ғын­да­рының 80 проценттен астамы цифрлы сауат­ты­лы­ғын арттырған.

Қала тұрғындарына тұр­ғын жай қызметтерінің қол­­­же­тім­ді­гін қамтамасыз ету мақ­са­тын­да өткен жылдан бас­тап Алматы қаласы Тұр­ғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы және «Алматы қаласын дамыту орталығы» бір­лесіп «Тұрғындарға қол­же­тімді қызмет» − электронды пәтер иелері кооперативі жо­ба­сын жүзеге асыра бас­тады. «Тұрғындарға қол­жетімді қызмет» жобасының жетекшісі Талант Бас­қын­баев­тың айтуын­ша, аталған жоба Алматы қаласы тұр­ғын­дарының тұрғын үй қыз­­ме­ті сапасын арттыруды, бас­қа­ру органдарының жұ­мыс сапа­сын жетілдіруді мақсат ететін «Smart Almaty» тұжы­рым­да­масының негі­зін­де қолданысқа ене бастады. 

Электронды пәтер иелері кооперативі қала тұр­­ғын­да­­ры­ның өзі тұрып жат­қан мекенжайдағы ахуалды тұрақты қадағалап оты­рады. Онлайн режімде ком­му­нал­дық шығындардың ба­ры­­сын, сондай-ақ барлық көр­сет­кіштердің ретін бақылау мүм­кіндігі қарастырылған. Бұл әсіресе көппәтерлі үй­лер­дің тұр­ғын­дары үшін өте қолайлы жүйе. 

Кез келген алматылық «Open Almaty» пор­­талы ар­қы­­лы «Тұрғындарға қол­жетімді қыз­­мет» бөлімінде нақты бір мекенжайға қызмет көр­сететін ПИК-тің жүйеге қосыл­­ғандығына көз жет­кізе отырып, әрі қарай тіркелуге мүм­кіндік алады. Тір­ке­меден өт­кеннен кейін мекенжайы көрсетіліп, Жеке кабинет қызметі ұсынылады. 

Бүгінде жүйеге 623 ПИК, 5 386 тұрғын үй тіркелген. Жоба аясында пәтер иелері коопера­тив­те­ріне өз қызметін тиімді жүргізу міндеті жүк­те­ліп отыр. Осы орайда әр­бір ПИК қорды дұрыс пай­да­­­ланып, тұрғындарға көр­се­тілетін қызмет сапасын арт­тыруы тиіс. ПИК алдағы болатын жөндеу жұмыстары, тек­серу барысы мен қоры­тын­дысы тұрғысында нақты ақ­параттардың қол­же­тім­дігін қамтамасыз етеді. Қарызы бар тұрғындардың арнайы базасын жасақтап, жалпы жиналыс­тар өткізеді. ПИК саласын цифрландыру өз кезегінде күнделікті жұ­мыстарды жеңіл­де­туге жа­сал­ған мол мүм­кін­­дік. Ал қаладағы барлық тұрғын-жайларды цифрландыру жүйе­сі­не қосу биыл толық жүзеге асатын болады.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ