Қазіргі күні ел өңірлері алдында тұрған басты міндеттердің бірі кәсіби және бұқаралық спорт түрлерін дамыту болып табылады. Біз бүгінгі мақаламызда осы істің жай-күйі Ақтөбе облысында қандай деңгейде деген сауалға жауап іздегіміз келеді.
Қолда бар деректер бүгінгі таңда облыстағы тұрғындар санының 33 пайызы спортпен айналысатынын айғақтайды. Мұны төмен көрсеткіш деуге болмайды. Әйтсе де бұл табыс пен мүмкіндік шегі емес екені тағы да аян. Облыс спортшыларының соңғы жылдары халықаралық бәсекелер мен сайыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізе алмай жүргенінің басты сыры мен себебі неде? Мүмкін облыста жергілікті атқарушы органдар тарапынан спорттың материалдық-техникалық базасын жетілдіру мен нығайтуға бөлінетін қаражат жеткіліксіз шығар. Жоқ, бұлай емес секілді. Өйткені тек соңғы екі жылдың ішінде аймақта 60-тан астам спорт нысаны салынған. Оның ішінде «Жекпе-жек сарайы», «Достық» бассейні және бес бірдей футбол алаңы бар «Спорт» кешені халықаралық талаптар мен нормаларға толықтай жауап бере алады. Аталған жаңа нысандардың дені мемлекет-жекеменшік әріптестігі шеңберінде іске қосылған.
Мұның сыртында бюджеттен тыс көздер есебінен де қосымша спорт ғимараттары бой көтеріп келеді. Сондай-ақ жаттықтырушылар мен кәсіби біліктілігі және шеберлігі жоғары мамандарға қажетті жағдайлар туғызу ісінен де кінәрат таба алмайсыз. Сонда қалай болғаны? Өңірде спортты дамытуға жұмсалған шығындардың қайтарымы неге төмен? Осы орайда облыста бүгінгі күні кәсіби және бұқаралық спорт түрлерін дамыту ісінде жан-жақты әрі жүйелі жұмыстар жүргізілмей келгенін ашық айтуға тура келеді.
Айталық жоғарыда аталған жаңа спорт нысандарында балалар мен жеткіншектердің өздері қалаған секцияларға қатысуына толық жағдайлар туғызылған. Тіпті жергілікті билік тарапынан қажетті қаражат та бөлінген. Олардың қаншасы секцияларға қатысып жүр, қаншасы қатыспай жүр? Спорт саласына жетекшілік жасайтын жастар мен спорт мектебінің басшылары бұл мәселеге бастарын ауырта бермейтіні байқалады. Тіпті керек десеңіз спорт мектептеріндегі жұмыс кестесі де толық нақтыланбай жүргенін қандай қисынға сыйғызуға болады.
Аймақта тек соңғы екі жылдың ішінде денешынықтыру және спорт басқармасының басшылары үш рет ауысыпты. Басқармаға өткен жылы тағайындалған басшы Мейрамбек Махамбетов өңір спортының өсіп-өркендеуі үшін өзгеріс әкеле ала ма? Бұл сауалға қазіргі күні кесіп-пішіп жауап қайтару ертерек секілді. Алайда оның өңір спортының көкжиегін кеңейту ісіндегі алғашқы қадамдары мен ой-тұжырымдары белгілі бір деңгейде сенім туғыза алады демекпіз.
Жас мамандарға тәжірибелік тұрғыдан көмек қай кезде де қажет. Бұл үшін облыста абырой-беделі мен біліктілігі жоғары спорт ардагерлерінен тұратын арнайы кеңестің құрылғаны да қолдауға әбден тұрарлық іс. Бүгінгі күнге дейін оның бірнеше отырысы өткізілген. Қазір өңірде балалар мен жасөспірімдер және жастар мен студенттер арасындағы спорттың дамуы кенжелеп қалған. Ардагерлер кеңесінің мүшелерін толғандырып отырған басты мәселелердің бірі де осы. Айталық қазіргі кезде спорт мектептерінің құрал-жабдықтармен қамтылуы өте төмен деңгейде. Нақты деректерге сүйенсек облыста бұл көрсеткіш 8,5 пайыз деңгейінен астпайды. Ал қажеттілік 91,5 пайызды құрап отыр.
Сондай-ақ өңірдегі олимпиадалық резервті даярлау орталығының қызметінде де шешімін таппай жүрген мәселелер жеткілікті. Мұнда жергілікті органдармен келісім жасау арқылы шетелдік жаттықтырушылармен шарт жасасу мүмкіндігі қарастырылған. Алайда бүгінгі күнге дейін орталық тарапынан аталған бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілмей келеді. Орталық қызметі туралы әңгіме қозғаған кезде жергілікті білікті мамандарды жұмысқа тарту жөніндегі істерді де ұмыт қалдыруға болмайды. Осы мақсатта облыста оларды ынталандыру үшін 250-300 мың теңге еңбекақы төлеу жөнінде келісімшарттар жасау көзделген. Сонымен бірге қазіргі кезде облыстағы спорт саласына нақты жоспарлау жүйесін жолға қою мәселелері қарастырылған. Бүгінде өңірде спорттың олимпиадалық түрлері –жеңіл атлетика мен спорттық гимнастиканы және семсерлесуді дамытуға көңіл бөле бастағаны бұған дейін орын алып келген іркілістердің ізденістерге жол бере бастағанын көрсетеді. Сондай-ақ өңірде олимпия ойындарының тізіміне кірген су спорты түрлерін дамыту, бұл бағытта арнайы секциялар ашу үшін де тың шаралар кешені белгіленген.
Облыстағы спорт саласында бұған дейін орын алып келген іркілістердің тағы бір себебі ауыл спортшыларын моральдық және материалдық тұрғыдан қолдау мен олардың жарысқа қатысуын қаржыландыру ісінің жеткіліксіздігі болса, қазіргі күні бұл іс те өз шешімін тауып келеді. Сөз жоқ, мұның өзі ауыл спортын дамытудың басты тетігінің бірі екені айдан анық. Тұтастай алғанда қазіргі кезде кәсіби және бұқаралық спортты дамыту ісінде өңірде іркілістерден гөрі, ізденістер басым түсе бастағаны үлкен сенім туғызады.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Egemen Qazaqstan»
АҚТӨБЕ