• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Қаңтар, 2019

Оқушы интернатты өз үйіндей сезінеді

854 рет
көрсетілді

Қарағанды облысында мектеп жанындағы интернаттардың көп жылдан бері жөндеу көр­мей, жүдеу күй кешіп келге­ні күн тәртібінде өткір тұр­ған мә­селелердің бірі-тұғын. Де­генмен, өткен жылы қолға алынған жұ­мыс­тардың нәти­жесіне қарап, бү­гінде аталған мәселенің түп­кілікті шешім тап­қанын нық се­німмен айтуға болады.

Таяуда Осакаров ауданында жұмыс сапарымен болған облыс басшысы Ерлан Қошанов өңірдегі барлық интернаттың жөндеуден өткенін мәлімдеді.

– Президенттің тапсырмасы бойынша облысымыздағы ин­тернаттардың барлығын қалпына кел­тірдік. Олар көптен бері жөн­деуді қажет еткен болатын, сон­дықтан біз бірінші кезекте осы мәселеге көңіл аудардық, – деді Е.Қошанов.

Қарағанды облысында орта мектептер жанында барлығы 21 интернат  жұмыс істейді. Бү­гін­де олардың 12-сі күрделі жөн­деуден, қалғаны ағымдағы жөн­деуден өткен.

Осакаров ауданында болға­нында облыс басшысы №12 жал­пы білім беру мектебінің жанындағы интернаттың ты­ныс-тірші­лігімен танысты. Бір жыл бұ­рын апатты жағдайда бол­ған мекемеге қазір 114 млн тең­генің жөндеу жұмыстары жүр­гізілген.

– Бұл жерде ме­нің үш балам тұрып жатыр. Қа­зір көңілімде алаң жоқ, се­бебі мұнда үйдегідей жағдай жасалған. Ғимарат жайлы және жылы. Өскелең ұрпаққа үлкен көңіл бөліп жатқаны үшін Пре­­зидентімізге алғысымды біл­­­діремін, – дейді интернат оқу­­­­шы­сының анасы Оксана Ковалева ағынан жарылып.

Сапар барысында өңір басшысы аудан орталығындағы балалардың бос уақыттарын қалай өткізетіндігін де назардан тыс қалдырмады. Осакаров аудандық Білім бөлімінің басшысы Айнагүл Ақманбетованың айтуынша, оқушылар бос уақы­тының көбін осындағы қосымша білім беру орталығында өткізеді екен. Мұнда олар музы­ка­лық үйірме, қуыршақ театры жә­не басқа да көптеген сек­ция­ға қатысады. Алдағы уақыт­та мекемені жаңғыртып, үйір­мелердің санын көбейту де жос­парда бар.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Egemen Qazaqstan»

Қарағанды облысы