• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
30 Қаңтар, 2019

Жалынды жасты «Жас сарбаз» күтеді

939 рет
көрсетілді

Жастар – болашақтың алтын діңгегі, мемлекеттің асыл тірегі. Жастарға өмірдің мәнін, қоғамдағы орнын іздеу тән. Осы ізденіс пен талпыныс нәтижесі жастардың кейінгі рөлін, тіпті топтаса келе бүкіл мемлекеттің тағдырын айқындайды.  

Өскелең ұрпақтың базбір өкіл­дері ақ жолдан адасып, залым күш­тердің, жат ағымдардың жетегінде кетіп жататыны бар. Елбасының Жастар жылы салтанатында атақты «Жусан» операциясы туралы сөз қозғауы, жас­тар­ды бостан басын бодан етуден сақтандыруы да осыдан.

Ел тарихында елеулі оқиға ретін­де қалар осы маңызды жыл­дың ашылу рәсімінде Қазақстан Прези­денті өскелең ұрпақтың дарынды өкілдеріне, жас кәсіпкерлер мен инноваторларға, жас отбасыларға іргесі бекіп, буыны қатайғанша қолдау көрсету бойынша көптеген тың тапсырмаларын, жаңа бастамала­рын жария етті. Мемлекет басшысы былтыр өз бастамасымен құрылған «Жас сарбаз» қозғалысы негізінде Қазақстанда әскери-патриоттық тәрбие беру ісін дамытуды жүктеді. Сондай-ақ Үкіметке 2025 жылға де­йінгі әскери-патриоттық тәрбие беру бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. 

«Жас сарбаз» республикалық балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысының құрылуына біздің Ауған ардагерлері және өзім басқаратын «Qazaqstan Ardagerleri» қауымдастығы белсенді атсалысты, енді оның қазіргі жұмыс­тарын ілгерілетуге үлес қосуда. Мен мәсе­лен, «Жас сарбаз» РҚБ үйлес­тіру ке­ңесі төрағасының орынбасарымын.

Бүгінде Елбасы қойған мін­деттер мен тапсырмаларды орын­дау мақсатында Қорғаныс ми­нистр­­лігімен бірге, «Жас сарбаз» қоз­ғалысының республикалық және өңірлік деңгейлердегі іс-шара­ларының жоспары бекітілді. Оның аясында «Жастар – Отанға» лагерлері, «Жігерлі жас сарбаз» және басқа да ірі жобалар қолға алынуда. Ал «Әскердегі күндер» жо­ба­сы шеңберінде жасөспірімдер екі күнге әскери бөлімдерге барып, жауынгерлердің тыныс-тіршілігі­мен танысады, қару түрлерін бөлшектеп, қайта жинауды үйрене­ді, ел қорғаудың мәнісі мен маңызы­на қанығады. «Әскердегі күндер» әр аймақта жылдың әр мезгілінде бір реттен ұйымдастырылады. Мысалға, көктемде – наурыз, ал жазда – шілде айында өткізіледі. 

Бұдан өзге, әрине Ұлы Отан соғы­сы және Ауған соғысы ардагер­лерінің тағылымы мен ұлағатын, ақылы мен кеңесін тыңдау үшін жай кездесулер ғана емес, балалардың олармен жақын араласуы, бос уақыттарын ардагерлермен өткізуі жолға қойылады. «Жас сарбаздың» барлық өңірлерде төл желілері болады. Қозғалыс мұның сыртында жастарды өз қатарына көптеп тарту үшін өз қызметінде әлеуметтік желілерді, youtube-арналарды кеңінен пайдаланады. 

Жалпы, «Жас сарбаз» қозға­лы­сының басты мақсаты – бар­лық өңірлеріміздегі жас қазақстан­дық­тарға өз әлеуеттерін жүзеге асыруына жәрдемдесу, оларға өршіл батыр­ларымыз үлгісінде патриоттық тәр­бие беру, бойларына Отанға деген сүйіспеншілікті егу, рухани кемел­дікке алғашқы қадамын жасауына септесу болып табылады.

Бақытбек СМАҒҰЛ,

«Qazaqstan Ardagerleri» қауымдастығының төрағасы, Мәжіліс депутаты