Осыған дейін қалалық кардиологиялық орталықта кардиологтар 3000-нан аса ауыр науқастың жүрегін тоқтатып, сәтті ота жасаған.
Операцияның басым бөлігі жүрек талмасына ұшыраған науқастарға жасалып, хирургиялық емнің барлығы жоғары технологиялардың көмегімен істелген.
«Шымкенттің кардиологтары бір жылдың ішінде 500 науқастың жүрегіне күрделі операция жасап шықты. Дәрігерлер жүрекке ашық жасалатын ота кезінде пациенттің жүрегін уақытша тоқтатып қойды. Қуантарлығы, мұндай қатерлі операциялардың барлығы сәтті шығуда. Ең бастысы бұл соңғы он жылда болмаған зор көрсеткіш», дейді қалалық кардиологиялық орталықтың бас дәрігері Спандияр Бекжігітов.
Орталықта жүрекке стенд қою, жүректің қақпақшасын ауыстыру, аортакоронарлы шунттау отасы, туа біткен ахауларын бекіту, жүре келе пайда болған ахауды протездеу, жүрекке ашық операция жасау сынды 30-ға жуық операция түрі жасалады.
Сондай-ақ кардиологиялық орталықтағы дәрігерлер соңғы бір жылдың ішінде инфаркт алған 2000-нан аса науқастың өмірін аман алып қалды.
Нұршат ТӨКЕН,
«Egemen Qazaqstan»
Шымкент