Бүгін қазыналы Қаратау мен ару Алатаудың түйіскен тұсында орналасқан Жабағылыда той. Апта бұрын сауын айтқан Саятшылық мерекесіне Түркістан облысының аудан-қалаларынан ағылған құсбегілер мен аңшылардың қарасы қалың.
Кілең қыран баптап, тазы ерткен саңлақ саятшы, аңқұмар қағушы, елгезек атшы-қосшылар жұманың таңымен таласа Түлкібас ауданына қарасты Жабағылы ауылында бас қосты. Мақсаттары – бағызы өнерді нәсихаттау. Ескі кәсіпті ел-жұртқа көрсету. Қайта жандандыру.
Қыр үстінідегі қызыққа келген ағайынды қызықтырған, жылы орнынан қозғаған да осы бір қызуы басылмас дала тағыларының шайқасы-тұғын.
Шошайта тігілген қостың маңдайындағы «Түркістан» деген жазуға, онан қала берді ыңғайлы, ықшам киінген әкелі-балалы қос құсбегі көрерменнің назарын өзіне аударып бара жатыр.
Жақындап барып, сәлемдестік. Түркістаннан келіпті. Аз-кем әңгімеге тарттық.
«Саятшылықпен айналысып жүргеніме он жылдан асты. Ұлым да тазыға құмар. Осыдан ілгері Алматы мен Атыраудағы аңшылық мерекелеріне барғанбыз. Алайда бұл жиындар жарнамасы жоқ ескі өнер үшін аздық етеді. Дәстүрімізді дәріптейтін осындай шаралар жиі-жиі ұйымдастырылып тұрса қатысудан шаршамаймыз. 4 жасар бүркітімнің аты – Найзағай. Ал, екі жасар тазының есімі – ұшар. Ұядағы кезінде Алматы қаласындағы «Жеті Қазына» питомнигінен алдым. Мүлік деген азаматтың ата-бабаларынан бері асырап келе жатқан «Көк қасқа» деген тазы тұқмынан екен. Қыс бойы Қаратауда қар жұқа болғандықтан екі рет ғана қансонарға шықтық. Алғашқысында бір түлкі, бір шиебөрі, кейінгісінде екі қоян алды», дейді түркістандық саятшы Ақжігіт Нұрмұхаммед.
Дәл осы сәтте тау етегіндегі қыраттан қиқулаған үн естілді. Аудан әкімі Тұрашбеков бастаған игі-жақсылар жайғасқан алаңқайда бүркіт пен тазы салу сайыстары басталып кетті. Жеті қазынаның тілін қимыл қозғалысынан білетін кәнігі құсбегілер мен тазы баптаушылар қырдың күрең түлкісіне бес қаруларын сайлап-ақ келіпті. Ә, дегеннен түлкі, қоянды қамырша илеп, бауырына басып жатты.
Мерекеге келген қонақтардың делебесі қозып, тура өздері қасқыр алғандай қуанып жатса, топ ішінен қанжығасы қанданған ағайынға құтты болсын айтысқан жұрттың үні естіледі.
Шара аясында көпшілік Салбурын саятшылық мерекесіне арналған көрмемен танысты.
Иә, арыға бармай-ақ, Түркістан өлкесінде саятшылық өнер туралы сөз қозғалса, еске Бәйдібек ауданы, Қайнар аулының тумасы Бекет Есентаев түседі.
Бүгінгі фестиваль тек құсбегілік өнерді нәсихаттап ғана қоймай, соны ұлықтап, ұрпаққа аманаттаған өз ісінің шеберлерінің еңбегін де естен шығармапты. Оған Бәйдібек ауданы әкімдігі дайындаған көрмеде Бекет ағаның қолынан шыққан өнер туындылары арқылы көз жеткіздік.
«1988 жылы Ресейде 120 мемлекеттің өкілдері қатысқан халықаралық өнер фестивалі өткен екен. Сонда Қазақстаннан барған өкіл Бекет Есантаев қазақ саятшылық өнерін таныстырмақ болып, тазысын жетектеп, қолына бүркітін қондырып сахнаға шығыпты. Адамдар шоғырын жатсынған сайын даланың қыраны қанатын жайып ұшпақшы болыпты. Сол сәтте көз алдарында болған көркем көрініске тамсанған зал толы шетелдік көрермен орындарынан өре түрегеліп, аспан еркесін бағындырған қазаққа ұзақ қошемет көрсетіпті. Тіпті, «Не деген сұлулық?», «Бұл қай ел?», деп таңданысын жасыра алмаған екен. Осыдан кейін таралымы көп танымал басылым беттеріне бүркітші Бекеттің тарихи фото суреті басылыпты.
Осылайша ұлтымыздың ежелден келе жатқан есіл өнеріне әлем елдері қызыға бастады», деп әңгімесін бақтай түсті Бәйдібек аудандық сәулет көркем музейінің қор сақтаушысы Фарида Ботабаева.
Бүркітші, қолөнер шебері, зергер, палуан, этнограф, әнші, сазгер қолынан шыққан ат әбзелдері арнайы тапсырыспен Елбасы мұражайына қойылған. Кейіннен осы өнер туындысына қызыққан басшылар Маргарет Тэтчерге сыйлық жасау үшін шеберге ұсыныс жасайды. Қауырт шаруадан қолы босамаған Бекет аға тапсырысты басқа шеберлерге жіберіпті. Алайда, олардың жұмысы жоғары жаққа ұнамаған соң өзі бар ынты-шынтысымен ағылшындардың «темір ледиіне» арнап ат әбзелін жасап беріпті. Қолақысы туралы ашып айтпаған шебер, бір әңгімесінде сол жұмыстың құнына Алматыдан үш бөлмелі пәтер алғандығын айтқан екен.
Өкініштісі, шын таланттар берерін беріп болғасын тым ерте кетіп жататыны тағы бар. 2011 жылы дүние салған Бекет Есентаевтан тараған үш ұл, екі қыз бар. Олар Алматы қаласында тұрады. Сонда шеберлер ауылы бар. Кенже ұлы Сұлтан Сері әке мұрасын жалғастырушы.
Бұл реткі «Салбурын - мереке ғой саятшыға» атты фестиваль Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында ұйымдастырылған туристік мереке. Әрі, өңір басшысы Жансейіт Түймебаев бекіткен облыстың жыл он екі айға жоспарлаған іс-шараларының алғашқысы.
Осыған орай, іс-шараға Түркістан облысымен қатар шетелден де қонақтар келіп қатысты. Бұл фестиваль келешекте республикалық, халықаралық деңгейге көтерілмек. Түркі тілдес мемлекеттердің ортақ бренді әрі дәстүрлі мерекесіне айналады», деп сүйіншіледі шара ұйымдастырушылары.
Айта кетерлігі, облысқа қарасты аудан-қаланың жергілікті ерекшеліктеріне қарай ұйымдастырылған осындай іс-шаралар оң нәтижесін бере бастады. Мәселен, былтыр Түркістан облысына алыс-жақын шет мемлекеттерден келушілер саны 7,7 пайызға артқан. Бір ғана Түркістан қаласына 1 милионнан астам турист табан тіресе, 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 5 миллионға жеткізу көзделіп отыр. Ал, Түлкібас жеріндегі Салбурын мен алда өтетін Шұбайқызыл фестивалі де талай шетелдік туристерді өзіне тарта түспек.
Фестивалдың тағы бір ерекшелігі Жастар жылына орай құсбегілік, аңшылық өнерге қызығушылығы мол жастарды көптеп шақырыпты. Алдағы уақытта осы жастарға қолдау көрсетілсе, төл өнердің беделі төрге көтерілері анық.
«Қиын заманда аңшылар қазақы тазы төбеттермен ауыл-елді асыраған дейді үлкендер. «Сары дәу» деген тазымды бір айлық кезінде асырап алып, өзім ауыздандырып, үйреттім. Енді ғана үш жасқа толды. Осы қыста бір түлкі алды. Жалпы, тазы баппен баққанды ұнатады. Тіл-көз деген бар. Көп адам көрсе, ауырып қалады. Аңшылық кезінде түрлі дала аңдарынан, әсіресе түлкі, қарсақтан ауру тез жұғады. Сондықтан, дерт-дербезден сақтайтын екпе салып тұру керек. Аңға салар бұрын қойдың майын ішкізіп, ішін айдатып, тазалап, қоясын түсіріп отырған жөн», дейді Түлкібас ауданы Майлыкент ауылының тумасы, жас тазы баптаушы Сейілхан Лесбай.
Сайысқа қатысушы саятшылардың пікірінше аңшылық дегеніміз аң біткенді жайрата беру емес. Тау-таста мылтық арқалаған екі аяқтылардың кесірінен түздің жабайы аң-құсының тұқымы құрып бара жатқандығына ашынған олар аңның киесі бар екендігін айтады.
«Шыны керек, қазіргі таңда саятшылардан гөрі браконьерлер көп. Қанқұмар қасаптарға қарағанда батпаумен ұстаған қыран бүркіт пен бабы келіскен тазы қанағатшыл», деп күйінішін айтты Сансызбай ақсақал.
Осылайша табиғаты таңғажайып Түлкібасының Жабағылы ауылында өткен саятшылық мерекесі далалық экзотика іздеген шетелдіктерге эстетикалық ләззат сыйласа, тасада жүрген браконьерлерге бабадан дәстүр болған аңшылықтың ережесін түсіндіріп бергендей болды.
«Құсты жисаң – бүркіт жи, Қыс тоныңды түлкі етер, бұлғын, сусар киініп, Азбас, тозбас мүлкі етер», дейді ұлы ойшыл. Ендеше, ер жігіттің бес қаруының бірі қыран бүркіт, жеті қазынасының бірегейі ұшқыр тазы әр шаңыраққа ұяласа, экспонатқа айналып бара жатқан өнер мен кәсіптің тамырына қайта қан жүгірері хақ.
Фото: Мақсат ШАҒЫРБАЕВ
Нұршат ТӨКЕН,
«Egemen Qazaqstan»
Түлкібас ауданы