• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Ақпан, 2019

Нұрсұлтан Назарбаев астаналық жас жұбайларды неке қию рәсімімен құттықтады

434 рет
көрсетілді

Әр махаббат оқиғасы өзінше ерекше. Кейде бойжеткен мен бозбаланың қарапайым таныстығы аса терең сезімге айналуы мүмкін. Жастар  жылының басында осындай қарапайым оқиға Айдар мен Айнагүл Сүлейменовтардың шаңырақ көтеруімен аяқталды. Жас жұбайлар өз армандарын жүзеге асыруға мүмкіндік берген Астанада танысқан болатын. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады. 

Айдар мен Айнагүл 2017 жылы танысқан. Күйеу жігіт «ЭКСПО» көрмесінде жұмыс істесе, қалыңдық халықаралық экспозицияны тамашалуға келген. Алайда сол кезде көрмеде көрісу екі жасқа бұйырмапты. Жарты жыл өткен соң Айдар мен Айнагүл әлеуметтік желілердің бірінде хат алмасып, бір үйде тұратын көрші екендерін білген. Айдар олардың шаңырақ құруы маңдайларына жазылғанын айтады. Үйлену тойының алдында күйеу жігіт Мемлекет басшысының батасын алуды жөн көрген екен.  Қаңтарда жас жігіт Ақордаға электронды хат жолдап, үйлену тойына Қазақстан Президентін шақырған.

«Бұл бастапқыда менің идеям болды. Бұл күннің мәңгіге есте қалғанын қалаймын. Біріншіден, екеуміздің де әкеміздің көзі тірі емес. Сол себепті Ұлы адамдардың батасын алсақ, нұр үстіне нұр болар еді деген ой келді. Бұл біз үшін өте маңызды. Себебі біз Қазақстанның тұрғындары емеспіз бе?! Кез келген жағдайда адамдарға жақсылық тілесең, өзіңе еселеп қайтады. Оның үстіне, елімізде «Жастар жылы» басталды. Мұның бәрі тағдыр іспетті. Әртүрлі қалалардан келсек те, бізді Астана байланыстырды. Кездестік, отбасын құрудамыз, мен бұған өте қуаныштымын, Елордада өмір сүріп жатқаныма бақыттымын», – деді Айдар Сүлейменов.

Астана әкімі Бақыт Сұлтанов жас жұбайларға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын табыстады.  Әкімнің айтуына қарағанда, Елбасы жас жұбайлардың шақыру хатын ыстық ықыласпен қабыл алып, Айдар мен Айнагүл Сүлейменовтарды отбасылық өмірге қадам басуларымен құттықтады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қос ғашыққа зор денсаулық, бақыт пен жарқын болашақ тіледі.

«Елбасы және Астана тұрғындарының атынан Сіздерді шын жүректен неке қию күнімен құттықтаймын! Осы жылды Мемлекет басшысы Жастар жылы деп жариялағанын білесіздер. Бұл – Сіздер сияқты азаматтарға деген артылған үлкен үміт, берілген орасан мүмкіндік. Осыған орай, Астанада жастардың әлеуметтік жағдайын көтеру, денсаулығын сақтау, шығармашылық бастауларын қолдау бойынша көп жұмыстар жасалады. Менің білуімше, Айдар Қарағанды облысынан, ал Айнагүл Ақмола облысынан Астанаға келдіңіздер. Сіздерді табыстырған – елордамызда өткен «ЭКСПО-2017» көрмесі. «ЭКСПО» – Елбасымыздың стратегиялық жобасының бірі. Өздерің де көрдіңдер, көрменің берген әсері де, жаңалығы да өте көп. Елордамызды жастардың арманы орындалып, махаббатына қол жеткізетін мекен деп атауға болады. Сондықтан сізге махаббат, татулық пен келісім тілеймін!», – деді Бақыт Сұлтанов.