Нақты иесі жоқ нысанның өзінен-өзі қожырап, материалдық мүліктері ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете баратыны талай дәлелденген. Осындай иесіздік көрінісі анау-мынау емес, стратегиялық шикізат көздерін өндірумен айналысатын тұтастай бір кен орнына қатысты болса ше?
Мұндай жағдайда оның материалдық зиянын айтпағанда қоршаған ортаға тигізетін экологиялық тұрғыдағы қауіп-қатері де болмай қалмайды.
Өкінішке қарай Байғанин ауданы аумағында Жарқамыс елді мекені тұсынан 10 шақырым қашықта орналасқан Қаратөбе кен орнында осындай иесіздік көрінісі қалыптасып отыр. Неге? Оқырманға түсінікті болуы үшін бәрін басынан бастап айтайық. Ақтөбе облысы бойынша Экология департаментінен алынған деректерге сәйкес «Қаратөбе Интернешнл Оперейтинг Компани» ЖШС 2002 жылдың 25 мамыры күні Энергетика министрлігімен Қаратөбе кен орнында көмір сутегі шикізатын барлау және өндіру жөнінде келісімге келген. Келісім негізі №954 келісімшарт екені департаменттегі деректе көрініс тапқан. Осы арқылы аталған компания түгін тартсаң майы шығатын құйқалы топырақта жер қойнауын пайдалану құқығына ие болады.
Кез келген келісімшарт орындалуымен құнды. Ал онда көрсетілген талаптар мен жұмыс ауқымы орындалмаса не үміт, не қайыр? Әуел баста жұмысқа тәп-тәуір қарқынмен кіріскен секілді сыңай танытқанымен, кейіннен «Қаратөбе Интернешнл Оперейтинг Компани» ЖШС-ның кен орнын барлау мен өндіру жөніндегі жұмыстары қожырап сала берген. Қысқасы, олар жеме-жемге келгенде келісімшарт талаптарын орындамады. Осыған орай Энергетика және минералды ресурстар министрі 2008 жылдың 30 қаңтарында екіжақты келісімшартты бұзу туралы №20 бұйрығын шығарған. Жалпы алғанда аталған компания қызметіндегі берекесіздік пен белден басушылық, жауапсыздық көріністері бірер жыл өткен соң айқын көріне бастаған екен. Мұндай жағдайда олардың келісімшарт нормаларына қайшы әрекеттеріне құқықтық баға берілуі керектігі де талас туғызбайды. Сөйтіп 2009 жылдан бері жер қойнауын пайдаланушылар қызметінің заңдылығы туралы мәселелер әртүрлі сот инстанцияларында қаралыпты. Тіпті аталған іс Париждегі арбитраждық соттың қарауына да енгізіліпті. Әйтсе де соның бірде-бірінде түбегейлі шешім шығарылмаған. Бұл Қаратөбе кен орнының иесіздікке ұшырауына әкеліп соқтырды.
Сот үдерістерінің күрделілігі бір тараптың кен орнына жұмсалған шығындарының қайтарымын талап етуінде, екінші тараптың келісім-шарттың толықтай орындалмауына байланысты оны төлеуден бас тартуында жатқан секілді. Соның салдарынан аталған кеніште мұнай ұрлау оқиғалары да болған. Сондай-ақ мұнда мұнай өнімдері тектен-тек төгіліп, ысырап болып жатыр. 2015 жылдың желтоқсан айында кен орнында тоқтатылған ұңғымалардың бірінен мұнай ағу дерегінің орын алғанын да айта кетейік.
Мұны тура мағынасындағы төтенше жағдай десек, артық айтқандық емес. Солай болды да. Сол кезде Байғанин ауданы әкімдігі оқиғаға орай төтенше жағдай жариялады. Оған жергілікті мемлекеттік органдар мен мамандандырылған құрылымдардың күштері жұмылдырылды. Соның нәтижесінде мұнайдың ағуы тоқтатылды. Біршама аумақ ластанып, мұнайдың одан әрі таралу қаупі төнген еді. Әйтеуір «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бірлесе іс-қимыл танытудың арқасында оған жол берілген жоқ.
Мұнай тектен-тек рәсуа болып әрі экологиялық қауіп туғызып жатқан кезде жоғарыда айтылғандай тізе қосып, қоян-қолтық бірлесе қимылдаудың пайдасы мол болды. ҚР Энергетика министрлігі мен Ақтөбе облысының әкімдігі және арнайы Күзет ұйымы арасында ынтымақтастық туралы келісім жасалғаны күрмеуі қиын істің оңға басуына септігін тигізді. Мұндағы басты мақсат төтенше жағдай аумағында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қаратөбе кен орнындағы мұнай ұрлау деректеріне тосқауыл қою болатын. Бүгінгі күн биігінен қарағанда бұл қадам өзін-өзі толығымен ақтады деуге болады.
Әрине төгілген мұнай өнімдерін толық жою, ластанған топырақты тазарту және кен орнындағы жерасты суларының одан әрі ластануына жол бермеу ісін толықтай шешуге бұл жеткіліксіз еді. Осы орайда Ақтөбе облысы бойынша Экология департаменті тарапынан облыс әкімдігі мен Геология және жер қойнауы комитетіне, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитетіне бірнеше дүркін хаттамалық өтініштер жолданған. Соған сәйкес 2017 жылдың 17 қаңтарында Энергетика бірінші вице-министрі Мақамбет Досмұхамбетов арнайы кеңес өткізіп, төгілген мұнайды реттеу мен оның салдарын жою және ластанған аумақты тазарту жөнінде бірқатар шаралар қолға алынды. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың 2017 жылдың 14 наурызындағы өкімімен арнайы комиссия құрылды. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша Қаратөбе кен орнында 25 129 шаршы метр жер телімінің ластанғаны анықталды. Төгілген мұнайдың болжамды көлемі 500 текше метрден астам екені белгілі болды. Аталған комиссия төгілген мұнай өнімдерін бос резервуарларға жинау жұмыстарымен де айналысқан. Сөйтіп 645,2 текше метр мұнайға су және механикалық қоспа түрлері араласқан жерасты байлығына акт жасалып, ол қорғау мен күзет агенттігіне тапсырылған.
Осы кезде Экология департаменті бастамашы болған бір ілкімді істі айта кетудің де орайы келіп тұр. Департамент «Алтиес Петролеум» ЖСШ-ның көмегімен жиналған әрі ластанған топырақты өнеркәсіп полигонына тасымалдауды ұйымдастырған.
− Мұндағы мақсаты – жер телімін толықтай әрі терең тазарту еді, − деді облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары Ерболат Қожықов. Сондай-ақ ол төгілген мұнай өнімдерінің мұнай дайындау қондырғыларының технологиялық өлшемдерге сәйкестік сапасын анықтауға «ҚазақТүрікмұнай» ЖШС елеулі көмек көрсеткенін айтты.
Тағы бір жайт, 2016 жылы Қаратөбе кен орнында апат болғандығы жығылғанға жұдырық болып тигендей. Осы оқиғадан кейін жай және күрделі жөндеулер жүргізген жағдайда да мұндағы ұңғымалардың іске жарамайтындығы белгілі болды. Сонда не істеу керек? Бұл үшін мұндағы 32 ұңғыма консервациялауға қойылған. Оны «БатысҚазЖерҚойнауы» өндірістік департаменті жасаған жобалау-сметалық құжаттарға сәйкес «Ақпан» ЖШС жүргізген. Осымен бұл бағыттағы бүкіл істі біттіге санауға болмайды. Өйткені кеніштегі 28 ұңғыманың жай-күйі әлі күнге дейін белгісіз күйінде қалып отыр. Оны консервацияға қою қажет пе, жоқ па, бұл мәселені ешкім тап басып, айта алмай жүр.
Бұған дейін атқарылған шаралардың нәтижесінде Қаратөбе кен орнында төтенше жағдай қаупі төмендегені де түсінікті. Алайда оны толықтай жойылды деп кесіп айтуға да әлі ерте. Консервациялау жоспарына енгізілмеген апаттық жағдайдағы Г-36 (Г-36А) ұңғымаларының алдағы уақыттағы жай-күйі не болмақ? Бұл сауалдардың басы ашық күйінде тұр. Аталған ұңғымалардың бәрі де жоғары қысымда. Соның әсерінен ай сайын 34 текше метр көлеміндегі көмірсутегі шикізаты атмосфераға таралуда.
2018 жылдың күзінде кен орнының таулы бөлігінде орналасқан Г-28 ұңғымасында мұнай ағу деректері орын алғаны бұл қауіптің тектен-тек емес екенін көрсетеді.
Қалай дегенде де Қаратөбе кен орнындағы апатты жағдайларды жою немесе консервациялау қажеттігі талас туғызбаса керек. Бұл Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің құзырындағы іс екені белгілі. Ол Ақтөбе облысы бойынша Экология департаментінің тиісті хаттамасында айқын көрсетілген. Бұған қоса апатты ұңғымаларды жоюдың жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге қатысты да ұсынымдар айтылған. Егер олардың өтініштері 2019 жылға арналған бюджеттік жоспарға енгізілсе – жағдай біршама реттеле түседі.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Egemen Qazaqstan»
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы