• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Ақпан, 2019

Ынтымақтастықтың озық алаңы

616 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда әлем елдері өнеркәсіптік революция технологияларын қолдану мен цифрлы салаларды жаппай жандандыру ісіне айрықша мән беріп отыр. Осының нәтижесінде күн өткен сайын адамзат ақыл-ойы ұшар биікке ұмтылып, көз көріп, құлақ естімеген таңғажайып жетістіктердің жемісін көруде. Әлемдік сарапшылар, мұндағы негізгі мақсат адамзат баласының игілігі екенін ұмытпауымыз керек деп есептейді. Жұртшылықты инновацияға жұмылдырудың бәсі жаппай бәсекелесу мен табыс табудан биік тұруға тиіс. Алматы төрінде өткен «Жаһандану дәуіріндегі цифрлы күн тәртібі» халықаралық форумына қатысқан саясаткерлер осылай дейді. Цифрландырудың сан саласындағы негізгі тақырыптарды саралап берген алқалы жиынға әлем елдерінің IT саласындағы жетекші мамандары мен Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Қазақстан мемлекеттерінің Үкімет басшылары және Армения Республикасының вице-премьері қатысты.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер үшін цифрландыру үдерісіндегі біре­гей ынтымақтастық алаңына ай­налған айтулы форум елімізде осымен екінші мәрте өтіп отыр. Еске сала кетсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұндай фо­­рум өткізу идеясын 2017 жы­лы Жоғарғы Еуразиялық эконо­ми­­калық кеңестің отырысы бары­сында ұсынған болатын. Ара­ға бір жыл салып Алматыда қай­та бас қосқан сарапшылар, әлем­де жыл­дам әрі түбегейлі өзге­рістер басталған тұста тиім­ді цифрландыру ұлттық эконо­ми­каның қар­қынды дамуы мен ха­лықтың өмір сүру сапасын арт­­тырудың негізгі факторына ай­нал­ғанын айтады.

Жоғарыда атап өткеніміздей, ЕАЭО-ға қатысушы мемле­кет­тердің технологиялық әлеуетін ашу мен Еуразия біртұтас инно­вациялық экожүйесін құру мәселесі биыл да алқалы жиын­ның өзегіне айналып отыр. Үкімет басшылары мен ақпарат­тық технологиялар саласындағы ха­лық­аралық сарапшылар, Еу­разия технопарктерін интегра­ция­лаудың алғышарттарына, бірлескен инновациялық жобалар құрудың тиімді тұстарына тереңнен тоқталды. Күн тәрті­біндегі өзекті цифрлы мәсе­лелер бойынша пікір алмасып, стартап-компаниялар мен ІТ саласындағы жас мамандарды ілгерілету мен қолдау мәселелері бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті. Әлемнің әр қиырынан кел­ген ұзын-саны 500-ден астам сарапшылар әріптестік ықпал­дас­тықтың өзекті мәселелерін қаузады.

Форум жұмысын ашқан Үкімет басшысы Бақытжан Сағын­таев өз сөзінде барлық ин­но­вациялар мен технология­лар­дың басты мақсаты адам­дардың өмірін жақсарту, олар­дың жұмысы мен өсуіне қолай­лы жағдай жасау екенін атап өтті. Қазіргі таңда елімізде мем­ле­кеттік қызметтердің 60 пайызы электронды үкімет порталы арқылы ұсынылады, биыл аталған көрсеткішті 80 пайызға жеткізу міндеті тұр. Бұған қоса eGov-тан mGov-қа (мобильді үкімет) көшу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл ретте еліміздегі инновациялық кәсіпкерлікті дамытуға арналған Astana Hub халықаралық технологиялық паркін айрықша атауға болады. Бүгінгі таңда Hub 100 па­йызға толған. Сонымен қатар инновациялық саланың мықты ойыншыларын одан әрі тарту жұмыстары жүйелі түрде қолға алына бастаған. 

Үкімет басшысы, Astana Hub қатысушылары үшін талант­тардың басын қосып, бәсе­ке­лестікті дамыту мақсатында бар­лық қажетті жағ­дай жасалғанын ай­тады. Бүгінде жеңілдетілген виза және еңбек режімдері, арен­да­лық тұрғын үй беру, гранттық қаржыландыру құралдарына көп көңіл бөлініп отыр. Бұдан өзге, ЕАЭО ішінде бәсекелестікті дамыту стартап жобалардың сапасын арттыруға мол мүмкіндік бермек.

«Инновациялық экожүйе құ­рып, таланттарды дамыту үшін Қазақстанның білім бе­ру жү­йесінде, соның ішінде ор­та, кә­сіби және жоғары білім беру са­ла­сында бірқатар рефор­ма­лар жүргізілді. 

Мәселен, Ас­тана­да маман­дан­ды­рылған АТ-универ­ситет ашу көз­делген, оның жұ­мысы Astana Hub қыз­ме­тімен ті­келей байланысты болмақ. Ғы­лыми қызметті қол­дау бойынша жекелеген жұ­мыс­тар жүргізіліп жатыр. Жалпы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жыл­дың қазан айында 5 жыл ішінде білім, ғылым, ден­саулық сақтау салала­рын қар­жыландыру деңгейін ІЖӨ 10%-ға дейін жеткізу туралы міндет қойды, сонымен қатар ІЖӨ-де ғылыми-зерттеу және тәжі­рибелік-конструкторлық жұ­мыс­тарға (ҒЗТКЖ) жұмсалатын шығын­дарды 2025 жылға дейін 1%-ға жет­кізуді тапсырды», деді Б.Сағын­таев.

Форумда сөз алған Ресей үкі­ме­тінің төрағасы Дмитрий Медведев дамыған елдердің өзі цифлы экономиканы бір­ден алға жылжыту оңай шаруа емес екенін мойындайтынын және бұл бағыттағы баста­ма­лар қалыптасқан, қатып қал­ған шекараларды ашатынын айтады. Оның сөзінше, мем­­лекеттердің даму деңгейі əртүрлі. Тараптар бір-бірімен ба­рынша ашық болған жағдайда ға­на кез келген қиындықты оңай ең­середі. Және бұл жұмыстарға нақты заңнамалық негіздер керек. Сондай-ақ Д.Медведев бү­гін­де цифрлы жүйе Ресейде ұлт­­тық бағдарлама ретінде баға­ла­на­тынын, алдағы бес жылда бұл салаға 30 мил­лиард доллар қаржы бөлу ісі көзделгенін жет­кізді. Жоба жүйелі жүзеге ас­қан жағ­дайда ғылымның дамуы­на да соны сер­пін бермек. Саясат­кер бірлескен жұ­мыс­тарға қар­қын беру үшін өзара немесе еура­зия­лық деңгейде емес, бүкіл адамзат өресінде ойлауымыз керек дейді.

Цифрлы жаңашылдықтарды іске асырудың механизмдерін бір­­лесе жетіл­діру технопарк­тер­дің жобаларына ауқымды қол­­же­тімділік тудырып, тараптар арасындағы технологиялық бай­ла­ныстарды нығайта түс­пек. Цифрлы экономиканы транс­фор­мациялау жөніндегі кеңесші, ма­лайзиялық маман Ясмин Мах­мудтың пікірінше, иннова­циялық экожүйе жаһан­дық дең­гейге жеткенін және ендігі мін­дет экожүйенің жұ­мыс­пен қам­тылу деңгейін қалай жақсар­та­ты­нын, қанша қазақстандық стар­таптар өңірлік, тиісінше, жаһандық деңгейде таныла алаты­нын ойластыру қажет. Ал әйгілі Tlabs компаниясының бас ди­ректоры, Singularity Uni­ver­sity экономика және қаржы факуль­тетінің деканы Амин Туфани қазір әлемде көптеген дәс­­түр­лі мамандықтар өзектілігін жоғал­­тып жатыр деп есептейді. Оның ай­туынша, адамдар қайта мамандануы керек, әсіресе цифр­ландыру бағы­тын­дағы білік­тіліктің маңызы зор. Ол Face­book, Amazon, Alibaba секілді плат­формалардың қызметтері бастапқы кезде дұрыс бағалан­бағанын, ал қазіргі таңда мүлдем басқа көрініске ие екенін айтады. «Интернет мүмкіндіктері кі­тапхана ісін қалай өзгертті? Респонденттердің да­йындығы бұрынғыға қарағанда әлде­қайда жоғары екенін айтамыз. Осы­лайша, экожүйе, ең алдымен, адам­дар үшін өте маңызды, осы экожүйенің нақ­ты бір адамға, нақты бір азаматқа қандай пайда әке­летінін ойланған жөн. Инно­вация­лар туралы айтқан кезде, оның адамдарға қалай әсер ететі­нін ойластыру керек», дейді А.Туфани.

Биылғы форумның маңыз­дылығына тоқталған Беларусь сәйкестендіру жүйе­лері орта­лы­ғы­ның директоры, Еуразия эконо­микалық комиссиясы Үйлес­тіру кеңе­сінің мүшесі Вик­тор Дравица: «Біз­дің экономикаларымыз ашық, сондық­тан да тауар­лардың сипаттамаларын үй­лестіру керек. Бұл мақсатта осы тұр­ғы­дан өзара іс-қимыл­дың барлық схема­­ларын реттеп, қандай да бір қыз­мет­тер ұсы­ны­латын ақпараттық ре­сурстар­ды көбейту керек», дейді.

Форумға қатысушы тараптар арасында LTE бағдарламасын алғаш енгізген Ар­менияда цифр­ландыру үдерісі бірне­ше страте­гиялық бағытта жұмыс іс­тейді. «Біз­дің арамыздағы ықпал­­дас­тық қаншалықты жоғары бол­ған сайын, та­быс көзі де сон­ша­лықты ұлғая түседі. Ин­же­нерия, цифрландыру, білім беру жүйе­леріне бағытталған жобаларымыз тиім­ділігін көрсетіп отыр. Табысымыз да жаман емес. Политехникалық инсти­ту­тымыз­ды цифрландыруға көшіруді қол­ға алдық. Оқыту әдістерінің бәрі заман­ауи бағдарламалар бо­йынша жүргі­зі­леді. Кедендік әкім­шілік саласында бірыңғай кредиттік регистріміз бар. Салық жүйесінде оң нәтижеге жеткізген бірегей жобамызды тәжірибе ретінде ұсына аламыз. Бүгінгі фо­румда айтылған ұсыныстар үл­кен жетістіктерге жол ашады деп сенеміз. Ағымдағы жылдың қа­зан айында Ереванда өтетін ақпараттық технологиялардың бейбіт конгресіне барша әріп­тес­терімізді шақырамыз. Бұл бәріміз үшін үздік тәжірибе алмасу алаңы болады деп ойлаймын», дейді Ар­­мения вице-премьері Мгер Григорян.

Қырғызстанның Үкімет басшысы Мухамедкалый Абылгазиев мұндай ғаламдық мəселелердің ортақ тақырып ретінде талқыға салынуы киберша­буыл, ком­пью­терлік қылмыс сияқты алуан түрлі қауіптерді біріге отырып жеңуге мүмкіндік тудыратынын жеткізді. Ең бастысы бұл бастама халықты цифрлы жүйеде сауаттандырудың сапасын арттырады. Мәселен, осы бағытта қырғыз елінде бірер жыл бұрын қабылданған «Таза қоғам» атты мемлекеттік бағ­дар­лама оң нәтижесін берген. Қырғыз елі эко­номикасын цифрлы жүйеге көшіру ісін­де ең алдымен мемлекеттік қауіп­сіз­дікке зор көңіл бөледі. Абыл­газиев бү­гінде Қырғызстан мектептерін кеңжо­лақты интернетпен тұтастай қамту ісі мықтап қолға алынғанын мәлім етті.

Аталған форумның тақы­рып­тық сессиясында сөз алған Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев жа­һандық деңгейдегі бұл басқосу Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бас­тамасымен қолға алын­ғанын айтып, Еуразиялық эко­­номикалық одақ елдерін ке­шен­ді цифрландыру осы жиыннан бас­тау алу керектігін атап өтті. 

«Өткен жылдың соңында Ел­басы­мыз­дың бастамасы бойынша «Astana Hub» халықаралық ІТ-технопаркі базасында Еура­зия­лық цифрлы трансформация орталығын құрдық. Бұл орталықта жаңа бастамаларға эксперттік қолдау жасалады. Жаңа жобалардың арасында та­уарларды цифрлы бақылайтын, электронды құжаттарды қада­ға­лауға мүмкіндік беретін, цифр­лы көлік дәліздерін құру сияқ­ты бағыттарды ерекше атап өткен жөн. Бұлар экономикалық ин­теграцияға ықпал етеді деген негіз бар. Ең бастысы, Ми­нск пен Бішкек арасындағы 

ау­қым­ды кеңістікте кедергісіз сауда ай­на­­лы­­мына жол ашылады. Қара­па­йым тұтынушылардың құқы­ғы қор­ғалатын болады», дейді Д.Абаев.

Пленарлық сессия қоры­тын­ды­сы бойынша қатысушылар ЕАЭО-ға қаты­сушы елдердің тех­нопарктерін инте­грациялау туралы меморандумға қол қойды. Нақтырақ айтар болсақ, Ресей­дің «Сколково» қоры, Арменияның «Кәсіп­орындар инкубаторы», Қырғызстанның Жоғары технологиялар паркі және атал­ған интеграциялаудың бастамашысы ретінде әрекет еткен отандық «Asta­na Hub» ІТ-стартаптар ха­лық­аралық тех­нопаркі» басшылары өзара ынтымақ­тас­тық туралы келісімге келді. Пленарлық сессия аяқталысымен форум «ЕАЭО цифр­лы күн тәртібі», «Тұ­рақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі цифрландыру (БҰҰ)», «Инновациялық эко­жүйе­дегі цифрландыру», «Индус­трия 4.0 – инновациялық эко­жүйе тұтынушысы», «Шағын және орта бизнесті цифрландыру» та­қырыптарындағы жекеле­ген па­нельдік сессияларға ұлас­ты. АҚШ, Ұлыбритания, Гер­мания, Франция, Син­гапур, Швей­­цария және ТМД елдері­нің технологиялық индустрия­ларының 50-ден астам өкілдері спикер­лер ретінде сөз сөйледі. Көп­ші­лігінің пікірінше, шы­ғын­дарды қысқартатын, өнімділік пен бәсекеге қабілеттілікті арттыра­тын сауда-логистикалық плат­фор­малар­ды құруға көп көңіл бөлу керек. Бұл ба­ғыттағы істі нақты жолға қою үшін БҰҰ-ға мүше елдердің ұлттық инно­ва­циялық экожүйені құрудағы озық тәжі­рибелерінен үлгі алған абзал. Қатысу­шы­лар Қазақстан Үкіметінің цифрлы технологияларды енгізу тұрғысынан ат­қа­рып жатқан ауқымды жұмыс­тарына, фо­румды ұйымдастыру деңгейіне жо­ғары баға берді.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»