• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Ақпан, 2019

Президент қойған міндеттер азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған

717 рет
көрсетілді

Біздің міндетіміз – тапсырманы сапалы әрі белгіленген мерзімде орындау.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Үкіметтің 30 қаңтар, сәрсенбі күні өткен кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды жүзеге асыруға байланысты жиын өткізді. Оған мемлекеттік органдардың, коммуналды кәсіпорындардың, қоғамдық ұйымдардың басшылары және т.б. қатысты.

Бердібек Сапарбаев: «Біздің басты міндетіміз – Президент тапсырмасын сапалы әрі белгіленген мерзімде орындау. Елбасы қойған міндеттердің барлығы да халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Ең алдымен, бес әлеуметтік бастаманы сапалы жүзеге асыру керек. Біз қазіргі таңда «7-20-25» бағдарламасы бойынша барлық резервтерді пайдаланып отырған жоқпыз. Облыс өткен жылғы экономика өсімін 5%-бен аяқтады, осы жылы одан кем болмауы тиіс. Жұмысқа жыл басынан-ақ белсенді араласып, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету қажет», - деп атап өтті.

Облыс әкімі Жастар жылының тиімді жүзеге асырылуына, соның ішінде жастар кәсіпкерлігін дамытуға назар аударды. Айта кетейік, жалпы, шағын және орта бизнесті несиелеуге биыл 5 млрд теңге аударылмақ. Қарызды уақытында және 100% беру, қаражатты игеру тапсырылды.

Өнеркәсіп саласында импортты алмастыру және экспорт өнімін арттыру жобасын жүзеге асыруға басымдық берілетін болады. «Биыл Үкімет импортты алмастыру мен экспорттауға бағытталған жобаларды қолдау үшін 600 млрд теңге бөледі. Өндірістің әзірленген теңгерімі мен облыстың тұтынуы негізінде басым жобаларды анықтап, олардың аталған бағдарламаға енгізілуіне жұмыстануды тапсырамын. Отандық автоөнеркәсіпті қолдаудың жаңа бағдарламасы іске қосылады. Облыстың оған қатысу әлеуетін, сонымен қатар, автоомобиль, құрамдас бөлшектер, ауыл шаруашылығы техникасы өндірісінің мүмкіндігін қарастыру керек», - деді Бердібек Сапарбаев.

Мемлекет басшысының азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету тапсырмасын орындау мақсатында биыл Ақтөбе облысында кем дегенде 1 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, құрылыстағы жергілікті құрылыс материалдарының мазмұнын қазіргі 85 пайыздан 90 пайызға дейін арттыру міндеті тұр.

Облыс әкімі: «Жаңа көппәтерлі үйлердің бірінші қабаттарында әлеуметтік нысандар салу керек, мәселен, балабақша, медициналық немесе полиция бекеттерін, мектептен тыс балалар мекемесін. Бүгінде бірінші қабаттарды негізінде коммерциялық алаңдар ретінде салады, бірақ бұл әлеуметтік нысандар тұрғындарға анағұрлым маңыздырақ әрі қажет», - деген сенімде.

Ауыл шаруашылығының өсу резерві көбірек. Президент тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығында осы жылы жаңа технологияларды енгізу, мал және өсімдік шаруашылықтарының өнімділігін көтеру, мемлекеттік-жеке серіктестікті, соның ішінде суармалы егіншілікті, ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін көтерме-тарату орталықтарының желілерін  дамыту жұмыстары басым. Тағы бір міндет – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кәсіпорындарды барынша іске қосу.

«2018 жылы суармалы жерлер алаңы 30,2 мың гектарға дейін өсті, осы жылы 40 мың гектарға жеткізу керек. Ауыл шаруашылығындағы қайта өңдеу жыл сайын 5-7 пайызға өсіп келеді, бірақ ет, сүт комбинаттарының қуаттылығы бәрібір 50% ғана іске қосылған. Олай болмайды. Бізде сол сүт пен сүт өнімдеріне деген қажеттілікті толықтай қамтамасыз ететін әлеует бар. Мемлекет қолдауы бар. Тек сүт жинайтын кәсіпорындарды біріктіру және сүт тауарлы фермаларды құру жұмыстарын күшейтіп, шикізатты жинау жағын жолға қою қажет. Ауыл тұрғындарына сүттерін қайта өңдеу кәсіпорындарына тапсыра алатындарын түсіндіру керек. Мысалы «Айс» ЖШС бір литр сүтті 100 теңгеге сатып алады. Бұл ауыл тұрғыны үшін үлкен көмек. Сондай-ақ, 2019 жылы ет экспортының көлемін 4 мың тоннаға дейін ұлғайтып, экспортқа жіберілетін ауыл шаруашылығы өнімдерін қайтадан тереңдей өңдейтін жаңа өндіріс орындарын құруға ерекше көңіл бөлген жөн», - деді өңір басшысы.

Сонымен қатар, Ақтөбе облысында биыл өңдеу өнеркәсібі саласындағы жобаларды жүзеге асыру, жекешелендіру, инвестиция тарту, ШОБ-ті дамыту, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, көлеңкелі айнамлыммен күрес, жұмысшылардың құқықтары мен еңбек заңнамасының бұзылуының жолын кесу, мектептерді Назарбаев зияткерлік мектебінің стандарттары бойынша  жарақтандыру және әдістемелерін тарату, жоғары және арнайы орта оқу орындарындағы білім сапасын арттыру жұмыстары күшейтілмек. Бердібек Сапарбаев облыстың 500 шақырымдық автокөлік жолының сапалы жөнделуін қамтамасыз ету, коммуналды қызметтер тарифінің, бірінші қажеттіліктегі азық-түліктер мен дәрі-дәрмектер бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мәселелері қатаң бақылауда болу керектігін атап өтті.

Облыс әкімі: «Халықты толғандыратын сұрақтардың бірі – медициналық қызметтердің сапалылығы мен қол жетімділігі. Денсаулық сақтау басқармасы бұл іспен тығыз айналысуы керек. Біздер, өз тарапымыздан биыл жедел жәрдем қызметін автомобильдермен қамтамасыз ету сұрағын шешу арқылы қолдау көрсететін боламыз»,- деп жеткізді.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау органдарына құқықбұзушылықтың, әсіресе кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және ескерту жұмысын күшейту тапсырылды. Дәл осы мақсатта ағымдағы жылдың наурыз айында өзін оң жағынан көрсеткен "Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету" жобасы жаңғыртылады.

«Елбасы қойған міндеттердің сапалы жүзеге асырылуы бізге әлемнің дамыған отыз елі қатарына енуге мүмкіндік береді. Мен сіздердің әрқайсысыңыздан соларды орындауда ерекше жауапкершілікпен қарауларыңызды сұраймын», - деді жиынды түйіндеген Бердібек Сапарбаев.

Темір ҚҰСАЙЫН,

Ақтөбе облысы