Бұдан да бұрын хабарлағанымыздай, Елбасының тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» партиясының ұйытқы болуымен алғаш рет өткізілген «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы өз мәресіне жетті. Соған орай байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Салтанатты іс-шараға партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев және белгілі ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Өткен жылдың соңында Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына тың серпін бергені белгілі. Соған байланысты еліміз бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынып, нақты жобалар жүзеге асырыла бастады. «Ұлы дала» шығармашылық байқауы да сондай игі істердің бірі.
Барша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаған Мәулен Әшімбаев алдымен Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызына тоқталып өтті.
– Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары арқылы еліміздің идеология саласындағы жаңа кезеңді бастап берді. Өйткені бұл мақалаларда ұлттық кодты сақтап, тарихи санамызды қалыптастыруға, сол арқылы рухани өміріміз бен ұлттық санамызды жаңғыртуға бағытталған нақты мәселелер көтерілген. Бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда ұлт болып сақталып, тәуелсіздігімізді мәңгілік етудің қаншалықты маңызды екені белгілі. Сол жолда осы мақалаларда айтылған басымдықтардың берері мол. Сондықтан Елбасы көтерген құндылықтар мен идеяларды дәріптеу, еліміздің рухани жаңғыруына үлес қосу – біздің басты міндетіміз, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.
Партия бұл жобаны Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп ұйымдастырып отыр. Бұл байқау «Жастар жылы» аясында жас қаламгерлеріміздің шығармашылықпен айналысуына көрсетілген үлкен қолдау екені де сөзсіз.
Жалпы, байқауға 18 бен 40 жас аралығындағы қаламгерлер қатысты. Шығармаларды қабылдау мерзімінің қысқалығына қарамастан, 400-ден астам еңбек келіп түскен. Нәтижесінде, бес бірдей аталым бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
Атап айтқанда, «Проза» аталымында «Құдық басындағы екеу» шығармасымен қатысқан Мақсат Мәліков үздік деп танылды. Екінші орын «Медаль» атты туындының авторы Қанат Тілеуханға бұйырды. Ал үздік үштікті «Казахстанец» шығармасымен Татьяна Кретова түйіндеді.
Сол сияқты «Поэзия» аталымында Жанат Жаңқашұлы – 1-орын, Нұргүл Маулина – 2-орын, Батырхан Сәрсенхан 3-орын алды. Үш ақын да байқауға өлеңдер топтамасын ұсынған.
«Драматургия, көркем фильмдер мен телесериалдар сценарийі» аталымында таяуда ғана «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан көрсетіліп, көптің көзайымына айналған «Кейкі мерген» телесериалының сценарийін жазған Сержан Зәкерұлы топ жарды. Екінші, үшінші орындарды тиісінше «Айсұлу» фильмінің сценарийімен Айдос Ділдебай және «Әбдіғапар» драмалық туындысының авторы Абылай Мауданов иемденді.
«Балаларға арналған шығармалар» аталымында «Ұлы даланың жеті қыры» өлеңдер топтамасының авторы Бауыржан Қарағызұлы бас жүлдені алды. «Ұлттық музейге экскурсия» шығармасының авторы Асылан Тілеген екінші орынға табан тіресе, байқауға «Жылқы деген жануар» өлеңдер топтамасымен қатысқан Серікбол Хасан үшінші орыннан көрінді.
«Публицистика» аталымында 1-орын – Мақпал Жұмашеваға (шығармасы – «Көк бөрі тотемі»), 2-орын – Қанат Әбілқайырға (шығармасы – «Мұздауан Мұздыбай»), ал 3-орын Гүлбану Тебегеноваға (шығармасы – «Рухани жаңғыру – үштілділік») бұйырды.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қомақты қаржылай сыйақылар тағайындалды. Соған орай 1-орын иегерлеріне – 1,5 млн, 2-орын иегерлеріне 750 мың, ал 3-орын алған қаламгерлерге 500 мың теңгеден берілді.
Байқаудың қазылар алқасының құрамында Төлен Әбдік, Алдан Смайыл, Несіпбек Айтұлы, Ұлықбек Есдәулет, Нұртөре Жүсіп, Жүсіпбек Қорғасбек, Көпен Әмірбек және Әлия Бөпежанова сияқты белгілі қаламгерлер болды.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Еgemen Qazaqstan»