Ауыл шаруашылығы еліміздің экономикасын дамытудың негізгі драйвері ретінде айқындалғаны белгілі. Таяуда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев аталған сектордың маңызына кезекті мәрте тоқталғанына куә болдық.
«ҚазАгро» холдингі жыл санап агроөнеркәсіпті кешенді қаржылай қолдау көлемін ұлғайтып келеді. Мәселен, 2018 жылы АӨК-ді дамытуға бөлген қаржы көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда бір жарым есе асып түсіп, 400 миллиард теңгені құрады. 2017 жылы бұл көрсеткіш 267 миллиард теңге болған еді. Несиелеу көлемі де 57 пайызға өсіп, 385 миллиард теңгеге жетті.
Холдингтің жұмыс орындарын ашу, халықты жұмыспен қамту бағытындағы нәтижелеріне тоқталар болсам, 2018 жылы 67 мың адам еңбекпен қамтылды. Олардың 11 мыңы жаңадан ашылған жұмысқа орналасты.
Жалпы, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі Мемлекет басшысы міндеттеген, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда жоспарланған аграрлық бағытты берік ұстанады. Бүгінгі таңда холдинг нақты 4 бағытта айтарлықтай жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Олардың әрқайсысына қысқаша тоқтала кетер болсам, бірінші бағытымыз – инвестициялық жобаларды қаржыландыру. Біздің инвестициялық портфелімізде жалпы құны 504,9 миллиард теңгеге тең 672 инвестициялық жоба бар. Бұл жобалардың аясында 22 мыңға тарта жұмыс орны ашылуға тиіс.
Жалпы құны 482,6 миллиард теңгені құрайтын 647 инвестициялық жоба іске қосылды. Оның ішінде былтыр жүзеге асырылған 115 жобаның құны – 147,8 миллиард теңге.
Екінші бағыт – 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының аясында қаржыландыру. 2017 жылы холдингтің еншілес кәсіпорындары 28,8 миллиард теңгенің микронесиесін берген болатын. Бұл да жоспарланған межеден 6 пайыз жоғары көрсеткіш. Осы оң нәтижелерден кейін қаржыландыру көлемін 44,8 миллиард теңгеге дейін ұлғайтып, 11 мың несиегерді қамту керек деген шешім қабылданды. Сөйтіп, өткен жылдың қорытындысы бойынша «ҚазАгроның» еншілес компаниялары 11 мың 155 адамға 44,7 миллиард теңге несие берді.
2018 жылы старт-ап жобаларын жүзеге асыру үшін 8 872 қатысушы жалпы көлемі 31,2 миллиард теңге несие алды. Бұл көрсеткіш те жоспардағыдан үш жарым есе жоғары. Бұдан бөлек зәкірлік кооперацияларды дамытуға – 6,5 миллиард теңге несие үлестірілді.
Холдинг қызметіндегі үшінші басты бағыт – «Сыбаға» етті мал шаруашылығын дамыту аясында несиемен қаржыландыру. «Сыбаға» етті бағыттағы мүйізді ірі қараның санын еселеп арттыруға септігін тигізді. Ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер үшін ең қолжетімді несиелеу бағдарламасы осы деуге болады. Мал шаруашылығы саласында тәжірибесі аз, бірақ соған қарамастан осы салада бизнес бастауға бекінген көптеген азаматтар үшін «Сыбаға» үлкен мүмкіндік болды.
Осы үшінші бағыт бойынша бастапқыда 50 мың бас мал сатып алуға қаржы бөлу жоспарланған-ды, кейін бұл көрсеткіш 55,8 мың басқа жетті. Одан бөлек 164,7 мың ұсақ мал сатып алуға қаржы бөлінді.
Лизинг бағдарламалары аясындағы қаржыландыру да «ҚазАгро» ұстанатын басты бағыттардың бірі саналады. Былтыр ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге лизинг бойынша 63 миллиард теңгеге 3426 бірлік техника ұсынылды. Бұл бағытта да көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 36 пайызға асыра орындалды.
Тобылбек ОМАРОВ,
«ҚазАгро» ҰБХ» басқарушы директоры – аппарат басшысы