• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Ақпан, 2019

Ақынын ардақтаған ел азбайды

1039 рет
көрсетілді

 Қазақтың белгілі ақыны, Жамбыл облысының құрметті азаматы Жақсылық Сәтібеков есімі қалың қазаққа өзінің өршіл өлеңдерімен жақсы таныс. Алпысыншы жылдары арман қуып Алматыға аттанған жас ақын қазақтың Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев сынды айтулы азаматтармен қатар оқып, қатар жүрді. 

Өлең өлкесіне де бірге келді. Алайда туған топырағының табиғатына терең бойлаған Жақсылық ақын қайтадан Әулиеата өңіріне келіп, әр жылдары түрлі қызметтерді атқарды. Қазақ журналистикасына да үлес қосып, республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің Жамбыл өңіріндегі меншікті тілшісі болып және облыстық «Еңбек туы» газетінде жұмыс істеді.

 Жақсылық Сәтібеков өлеңсүйер қауымға соғыс қасіретін жырлаған «Қара кемпір» өлеңімен де белгілі. Бұл әннің Алтынбек Қоразбаевтың орындауында талай адамның аза бойын қаза қылғаны да рас. Жуырда Тараз қаласындағы ақын тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Ақын бұл үйде 1969 жылдан бастап, өзі өмірден өткен 2011 жылға дейін тұрған. Жиынға ақынның жары, ұл-қыздары,  туыстары мен ақынның көзін көрген ел азаматтары қатысты.

Өз сөзінде Жамбыл облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібайұлы Жақсылық ақынның ақындық және қайраткерлік қасиетіне тоқталып, естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай ақын есімі ел есінде мәңгі сақталатынын, Әулиеата өңірі Жақсылық Сәтібековпен мақтанатынын жеткізді. Ал, ақынның жары Әзиза Қалығұлова ақынын ардақтап келген көпшілікке алғысын айтып, Жақсылық ақынмен бірге өткізген жақсы күндерінен естеліктер айтты. Бұдан кейін ақынның ескерткіш тақтасының салтанатты жағдайда ашылу рәсімі өтті.

Хамит Есаман,

«Egemen Qazaqstan»

 Жамбыл облысы