• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2019

Самбодан әлем чемпионы Нұрбол Серіковке жерлестері пәтер сыйлады

1091 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында жастар жылының жоба-жоспарына арналған «Жетістікке бастайтын 7 қадам» атты шарада жалпақталдық бір топ кәсіпкер самбодан әлем чемпионы Нұрбол Серіковке Орал қаласынан екі бөлмелі пәтер кілтін табыс етті.

Бір топ кәсіпкер 2018 жылы қараша айында Румыния астанасы Бухаресте өткен самбодан әлем чемпионатында 68 килограмдық салмақта жеңімпаз атанған жерлесі Нұрбол Серіковке Орал қаласынан жайлы пәтер кілтін сыйға тартты.

Жомарттық көрсеткен Тұрарбек Тілемісов, Қайнар Есмұханов, Александр Қарағойшин, Әлібек Сартаев, Берік Құрманғалиев, Самат Хасанов бүгінде Орал мен Ақтөбе өңірінде түрлі салада табысты қызмет атқарып жүрген азаматтар. Олардың бәрі де Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданына қарасты Жалпақтал өңірінде туып-өскен. Жалпақтал – ежелден ұйымшылдығымен, әсіресе «Туған жер» бағдарламасы аясында атқарған қыруар шаралармен танымал өлке.

- Біз бүгін әр тарапта жүрсек те Жалпақтал өңірінде туғанымызды ұмытпаймыз. Туған жердің әр жетістігіне, сол жерде туған ұл-қыздардың жеңісіне өзгеден бөлек қуанамыз. Нұрбол, сен де он жылдан бері спорт әлемінде біраз жетістікке жеттің, міне, әлем чемпионы болдың. Енді олимпиада чемпионы болуыңа тілектеспіз. Елдің туын, Қазақстанның байрағын биік көтеріп жатырсың, соған ағалық алғысымыз болсын деп баспана сыйлап отырмыз, - деді «Орал Транс» ЖШС директоры, Орал қалалық мәслихатының депутаты Тұрарбек Тілемісов.

Нұрбол Серіков 1993 жылы 16 қарашада Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Ақпәтер ауылында дүниеге келген. Орал қаласындағы спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернатының түлегі Н.Серіков Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің дене шынықтыру және спорт факультетін бітірген. Ол дзю-додан Қазақстан Республикасының спорт шебері, самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

2009 жылы Теміртауда өткен дзюдо күресі бойынша ҚР чемпионатында 1-орын, 2010 жылы Чехияда өткен халықаралық жарыста 1-орын, 2011 жылы Атырау қаласында өткен ҚР чемпионатында 2-орын, 2011 жылы Теміртау қаласында өткен ҚР чемпионатында 1-орын, 2011 жылы Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатында 1-орын, 2012 жылы Гер-манияның Бремен қаласы өткен халықаралық турнирде 2-орын, Қарағандыда өткен ҚР чемпионатында 1-орын, Ташкент қаласы Азия чемпионаты 3-орын, 2013 жылы Кореяда өткен Азия чем-пионатында алтын медаль, 2015 жылы Беларусь астанасы Минск қаласында өткен ерлер, әйелдер және әскери самбодан Беларусь Республикасы Президенті жүлдесінің 3-орын иегері болған.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан