Жастық шақта болған оқиға еді. Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» (қазір – «Атамекен») газетіне «66 жасар желаяқ» деген мақалам шықты. Іле ол «Лениншіл жас»(«Жас Алаш») газетінде жарияланды. Даңқты Сейдахмет аға Бердіқұлов басқарып отырған республикалық басылымдағы жарияланған бірінші мақала – марапаттың төресі, мақтаныштың көкесі екен. Кеңес Одағының бір қиырынан екінші қиырына (Мурманск – Владивосток) жаяу жүгіріп шыққан 66 жастағы мәскеулік желаяқ Ұзынағаштың үстінен өтіп, екі сағатқа аялдап, құрметпен шапан киіп кеткен еді сонда. Сол желаяқ пен сол мақала есімде мәңгі сақталып қалып қойыпты. Ұзақ жылғы тілшілік өмірде екінші рет 66 жастағы айрықша жан туралы жазуға тура келіп тұр. Мұндай да сәйкестік болады екен...
Ертеде қуғын көріп, тарыдай шашырап, елден еріксіз шалғай көшкен қазақтар бүгінде төрткүл дүниенің төрт бұрышына өз еркімен барып жайланып жатыр. Оған қазір таңданбайтын болдық. Жат елде мәңгілікке қалып қояйық деген ешкім жоқ. Ойлары – үйренсек, білсек, елге – жас мемлекетімізге пайдалысын алып қайта оралсақ. Солардың бірі – Әпілхан Бадыраққұлов. Бір топырақта, бір ауылда туып-өстік. Ол мектепті бізден бір сынып жоғары бітірді. Кейін Алматыда ауылдас болғандықтан да ұзақ жыл бірге араласып, қарым-қатынас жасап тұрдық. Мен – газетте, «Политехтің» автоматтандырылған басқару жүйесі (АСУ) факультетін бітірген ол – Алматы ауыр машина жасау зауытында инженер-электроншы болып қызмет істеді. Тау баласы емес пе, альпинизммен беріле айналысты. Сөйтіп жүріп альпинист орыс қызына үйленді. КСРО құлап жұрт жақсы өмір іздеген тұста, Әпілхан Германиядан автокөлік қуып келіп жүрді. Ит арқасы қияннан Алматыға жеңіл көлік «Мазда»-дан бастап, сегіз доңғалақты ауыр жүк тасымалдаушы «МАN»-ға дейін талмай тасыды-ай, сабазың! Оның ерекше еңбекқорлығына ауылдас құрбы-құрдастары бала кезден тәнті едік. Содан жүре-келе Алматыда фирма ашты – аудио-видео техникалар сатып көрді.
Әпілхан жасы 60-қа таяғанда француз тіліне ден қойды (Ол кез – оның неміс, ағылшын тілдерін бір кісідей меңгеріп тастаған тұсы). Канадаға бармақ, сол елдегі екінші тілді біліп алып, ақпараттық технологиялар (ІТ) саласы бойынша қызмет істеу ойы бар екен. Хабардар жүрдім. Бірінші сынақтан тамаша өтті. Екіншісі алты айдан соң еді, өкінішке қарай, «жасыңыз асып тұр» деген сылтаумен тізімнен сызылыпты, бір жылғы дайындық, шелектеп төккен тер текке кетті. Үнемі жымиып, кейде кеңкілдеп күліп алатын Әпілханның сондағы мойыған түрін байқамадым. Әпілханның «Канададан қалдырған» 60-ын шағын топ жиылып, Алматының «Веранда» мейрамханасында тойлап та тастадық. Бір қызық айтайын. 2014 жылы мен қызмет істейтін америкалық мекемеге, менің өтінішіммен, Әпілхан ІТ-инженер мамандығы бойынша түйіндеме тапсырды. Біздегі оның екі әріптесі, әсіресе, америкалық директор (ол да «ай-тиші» маман болатын) бәрі, шынын айтайын, «тез шақыр да шақыр» деп «қырылып» қала жаздады. Ауылдасымның бұған дейін бірнеше шетелдік мекемелерде компьютерлік қызмет саласындағы істеген тәжірибесіне сырттағылар «аһ» ұрып жатқанда, керемет білікті досым үшін менің де төбем көкке жеткендей масаттандым. Қатты сүйсіндім. Келді. Бірақ айлыққа қосымша өзі сұраған екі жүз АҚШ долларын қоспағаны үшін Әпілхан келісімге қол қоймай кетті. Мекемедегі қазақстандық екінші директордың «екі ай қызмет істеңіз, америкалық еңбек тәртібіне сай сізге айтқан соманы сосын қосамыз» дегеніне көнбеді ғой Әпілхан сонда көнбеді. Бір жағы екінші директордың қытымырлығына кейіген біздің мекеме «ай-тишілерінің» «мықты жігіт, өзінің бағасын біледі» дегені де есімде.
Тынымсыз досым бір күні «Жаңа Зеландиядан бір қызмет таптым, құдай қаласа, Кира екеуміз азанда ұшамыз. Аралға барып, жайласып алайын, содан соң, хабарласармын, кешір...» деп телефон соғып тұр. «Ақ жол!» тілеп, аяқ астынан айтарға сөз таппай қала бердік!
Содан бері де арада үш жылдан аса уақыт зымырап өтіпті. Скайпқа төтеннен шыққан Әпілханым «Сиднейден, Аустралиядан хабарласып тұрмын» дейді. «Ой, сен Жаңа Зеландияға кеттім деп ең ғой» деймін туысқанымның дауысын естіп, жүзін көргеніме қуанып. «Жаңа Зеландия мен Аустралияның арасы Алматы мен Астананың қашықтығындай-ақ, тек шалқып жатқан мұхиттың суы демесең?!. Қазір Сиднейде тұрып жатырмыз» дейді әдеттегі таныс күлкісімен. Байланысуға қолының тимегенін, жүгіріп жүріп жұмыс істегенін, тіпті, ұйқы-күлкі көрмегенін бір демде баяндап шықты. Әрине, сендім, сенбегенде ше, ол мен білетін артық сөзі жоқ Әпілхан емес пе?! Қазір Сиднейде жаз ортасы екен. «Астанада – -40 градус дейді, Сиднейде – +40 градус. Қолымыз қалт етсе, суға түсеміз. Мен серфингке жаман үйреніп алдым, мұхиттың толқынына ұрынғым келеді де тұрады. Керемет...» дейді. Әпілханның ауылдағыдай «жаман үйреніп алдым» деген сөзі көңіліме хош берді. «Жердің бір бүйірі Аустралияда жүріп те қазақшаны ұмытпай күшті сөйлейсің ғой өзің...» деп риза көңілімен бір күлдіріп алдым. Аустралияның негізін қалаған ағылшындар болғандықтан да онда ағылшындық тәртіп пен тәлімге, өте-мөте тілі жағына басымдық беріледі екен. «АҚШ-тың тілі мен сленгі бұл жерде кәдеге де аспайды, білесің бе? Таза ағылшынша өмір, талап өте күшті» деді. «Үш жыл бойы жүгірдім (Тер төктім дегені.). Қазір жүгірмеймін, бір бөлме берді. Бұл жерде ол хан сарайына кіргенмен тең. Аустралия астанасында орналасқан барлығы бес банкке және ірі үш компанияға компьютерлік ең жаңа технологиялық желі бойынша қызмет көрсетеміз. Мен топтағы жетекші маманмын. Әріптестерім де, бас офистегі жетекшілерім де сыйлайды. Әрине, сондай дәрежеге көтерілу оңай болмады...»
Шын жүректен қуанышты екенімді жеткіздім. Дереу көпшілікке аян оқиғаны алға тартып «Әпілхан, «Сидней-2000» Олимпиадасында біздің Бекзат Саттарханов... Олимпиада чемпионы атанған, сол жарыс өткен сарайға бара алдың ба?» деймін. «Ол – «Олимпик Парк» деп аталады. Күн сайын қасынан өтемін – жаяу да, көлікпен де. Бекзат Саттарханов, Ермахан Ибраимов, Ольга Шишигина... Олимпиада чемпиондарының аты-жөні ескерткіш ретінде жазылған. Бары сол. Қазір ол күнделікті қала халқы жаттығатын, жарыс өткізетін спорт алаңы саналады.»
Әпілхан екеуміз Алатаудың баурайындағы мың-сан бұлақ-бастаудың ортасында жайылып жайласқан жалғыз ауылда туып-өстік. Шөбі шүйгін, суы мөлдір, шығы саф... Біресе қымызды, біресе қып-қызыл боп сүрленген қазыны, таба нанды, жұпар шашқан алма бақты, қызғалдақты, шақпақ тасты айтып, жастық шақты әбдан еске алдық. Сағынып-ақ қалыпты... Әпілхан кенет «Жақсы қызмет, жақсы ел, айлық жақсы, қуанып жүрсің-ау дейтін шығарсың? Шынымды айтайын, қуанышты ойлауға уақыт жоқ. ІТ өміріндегі жедел өзгерістердің тездігі ол жайлы ойлауға мүмкіндік бермейді. Network Administrator жаңарды, IIS Admin басқаша, Database Admin түрленіп тұр, Cloud Administration туралы әңгіме мүлдем басқа» деп ашылды-ай бір. Ол айтқан ақпараттық-технологиялық бағдарламалардың көбінен бейхабар болсам да, әңгімесін ұйи тыңдап, «ішін босаттырып» алдым. Әрине, соның бәрін қазіргі заманның жүрдек сәтінде меңгеріп қана қоймай, қолда ұстау үшін де бағдарламашы-инженерге біліктілік пен уақыт қажет. Кәсіби қызметінде бір минут қалғуға болмайтынына қарамастан Әпілханның әдеттегідей спорттан қол үзбеуі де өзіне ғана тән алғырлығы мен ойлылығы деп түйдім. Онсыз болмайды.
Әпілханның әрбір әңгімесінен (ватсаппен немесе скайппен) әйтеуір, бір қызық естимін, ғажап! Сен оны айтасың, бір мәрте Кира екеуміз алғашқы жылы еді, Брисбен қаласынан Сиднейге пойызбен қайттық. Танымайтын жер. Жүгіміз бар, асығып жүріп Кира кішкентай қол сөмкесін вагонда қалдырып кеткен. Үйге келген соң бір-ақ біліп, қатты өкіндік. Ішінде төлқұжаттан басқа да керекті әлеуметтік кардтар, 300 доллардай ақша қалған. Сенесің бе 3 күннен соң үйге түйіншек келді. Ораманың сыртында жазылған хатта «Ханым, кешіріңіз, сіздің 300 доллар ақшаңыздан 7 доллар алып, пошта қызметіне төледім» деп жазыпты. Міне, көрдің бе?! Әріптестерім алғашында «Сенің аты-жөніңді айту тілге қиындау екен (Әпілхан Бадыраққұлов!). Қысқаша «Алекс» деп атасақ қарсы емессіз бе деп қиылды. Мен айттым, бізде бала туған кезде құлағына оның есімін атап үш рет айқайлайды. Ол атты өзгерту халықтық дәстүрге қарсы шығу дедім. Үйреніп алды. Бас офистегі ең үлкен бастығымыз өте қатал, кірпияз әрі маңғаз кісі еді, қазір ол да «Әпілхан» дейді.
Жұбайы медбике Кираны ағылшын тіліне оқытқан да өзі. Қазір біздің ауылдың Аустралиядағы орыс келіні сондағы пәкістандықтарға, үндістер мен қытай жұмысшыларына ағылшын тілінің әліппесін үйретеді. «Отбасылық бюджетке аздап болса да тиын-тебен түсіп жатыр» деп күледі Әпілхан. – Мұнда құрылыс материалы сондайлық қымбат емес. Ал құрылысқа керекті құрал-сайман – су тегін. Есесіне жұмыс қолы удай қымбат қой, удай қымбат. Сондықтан соңғы үш жылда жинаған ақшамызға қаланың бір бұрышынан шамамыз жетіп игеретіндей жер сатып алдық. Шағындап үй саламыз. Сендер Бағдат екеуің қыдырып келсеңдер, қазақшалап, үйде жатасыңдар, шын айтам. Ал қонақ үйге білесің бе, қанша төлейтініңді, естісең шошисың, Аустралияға келгің келмейді...» Иә, тынымсыз Әпілхан енді Сиднейдің төрінен үй салмақ.
Осы арада Әпілхан екеумізге ғана мәлім бір сырдың құпиясын ашуға мәжбүрмін. Мұхит асып жүрген бауырымның ол үшін ренжімейтінін білемін. Оның арманы – қазіргі ол қызмет етіп жүрген банк желісіндегі компьютерлік қызмет түрін түптің-түбінде Қазақстанға алып келу. Оның еш мемлекеттік құпиялығы жоқ. Пернетақтада күні-түні отырған ақыл иесі қалай шешсе, солай болады. Ондай мүмкіндік бар Әпілханда. «Бұл секілді қызмет ету желісі ТМД-да жоқ. Біздің республикада бірінші... сонда көршілер бізбен байланысуға мүдделі болады.» «Неге қазір емес?» «Біріншіден, олар бұл қызмет түріне де, маған да дәл қазір зәру емес, екі жылдан соң, бәлкім одан да бері, өмірдің өзі салаға осы желіні қосады, уақыт мәжбүрлейді.» Өзіне де, сөзіне де, әрине, ісіне де сенімді Әпілханым дәл осылай деді.
Айта берсе, бұл Әпілханның әңгімесі таусылмайды. Қызығы да көп. Осындайда ғой «Түу шіркін, әр қазақ осы Әпілхандай болсай-шы?!» дегің-ақ келеді екен. Әпілхан туралы бір қоспасы жоқ осы жазған мақалам арқылы оқырманға титтей ой салмақ ниетім еді. Өмір ағысы мен мұхит толқынын теңдей тізгіндеген алғыр да қайсар жанның ерекше еңбекқорлығы, өмірге құштарлығы көпке үлгі болар-ау деген үміттемін. Тіл үйренудің жас талғамайтынын көрсеткен Әпілхан! Ел-жер талғамай өнер-білімге құштарлықтың шынайылығын көрсеткен бұл Әпілхан! Баяғыдай емес, қазір Әпілхандай Жер шарының әр бұрышында қазақтың рухын, Туын көтеріп жүрген азаматтарымыз қаншама! Солар туралы да бір сәт ойланып қояйықшы демек ем! Қай тарапта жүрмесін, олардың жүректері «Менің Қазақстаным!» деп дүрсілдей соғып тұратыны және ақиқат. Оны мен Әпілханнан бүгінгі болмысынан өте жақсы білемін!..
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ