Бейсенбі, 18 қазан 2012 7:47
Осы жылдың 25 сәуірінде «Егемен Қазақстан» газеті менің бір беттік мақаламды жариялады. Мен сол толғанысымды «Ырыстың ордасын ынтымағымыз қолдасын» деп атаған едім. Мұндағы «Ырыстың ордасы» деп отырғаным, әлбетте, қасиетті қазақ жері, кең байтақ Қазақстанымыз.
Бейсенбі, 18 қазан 2012 7:47
Осы жылдың 25 сәуірінде «Егемен Қазақстан» газеті менің бір беттік мақаламды жариялады. Мен сол толғанысымды «Ырыстың ордасын ынтымағымыз қолдасын» деп атаған едім. Мұндағы «Ырыстың ордасы» деп отырғаным, әлбетте, қасиетті қазақ жері, кең байтақ Қазақстанымыз.
Ол бүгінде ырыстың ғана емес, бақыт пен шаттықтың, татулық пен достықтың да берекелі һәм мерекелі ордасына айналып отырғандығы әмбеге аян. Шын мәнінде де тәуелсіздік жылдарында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясаты арқасында ортақ үйімізді – біздің Қазақстанымызды осы арадан өз жерұйығын тапқан, таңдайына тағдыр талқанының тәтті дәмін татырған Ынтымақтың қолдап отырғаны да анық.
1937 жылы Армениядан осында жер аударылған армян отбасыларының, олардың келешек өмірге келген ұрпақтарының маңдайының бағы бар екен. Себебі, біздер қиын шақта мейірімді де бауырмал қазақ халқының ортасына түстік. Олар бізді жаурасақ – жылытты, қарнымызды ашырмады, барымен бөлісті, мейірім шуағын аямады. Сөйтіп, ежелгі қазақ жері біздің де өз үйімізге, бауыр басқан Отанымызға айналды. Өз басым көптеген атақ-абыройға, табысқа жеткенімді жасырмаймын. Елбасының өзі мені досым деп санайды. Соның барлығы қазақ халқының арқасы, қазақ жерінің шапағаты деп айтар едім. Олай болса, мен қазір де, болашақта да ең алдымен Қазақстанға қызмет етемін.
Біздің әулет қазақтың елі мен жеріне тамыр тартып, қосылып кетті. Мен сияқты қазы-қартаны кертіп жеп, қымызды сапырып ішіп, жаны қазақ болып кеткен армяндар көптеп саналады. Өзім қазақ жерінде туғандықтан да Қазақстанды барлық жан-тәніммен шынайы түрде туған Отаным деп есептеймін. Балаларыма да осыны өсиет етудемін. Өйткені, қазақ халқы – нағыз сабырлы, салиқалы, аңқылдаған адал халық. Қазақтардың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, Наурыз сияқты ырыс-береке мен тазалықты ту еткен жайсан мерекелерін құрметтеймін. Өткендегі 30 күн оразасы, Ораза айты кезінде де қазақ бауырларымызбен тілектес әрі ниеттес болдық.
Ислам Қазақстан халқының басым бөлігі ұстанған хақ дін болғандықтан, еліміздегі барша мұсылман қауымын алда келе жатқан Құрбан айт мейрамымен құттықтағым келеді. Біз – бір халықпыз, бір бауырмыз. Тағдырымыз ортақ. Қай-қайсымыздың да діліміз де, дініміз де ізгілікке негізделген, жарқын болашақты көксейді. Сол болашаққа бір халық, бір бауыр болып қадам баса беруден жазбайық.
Артуш КАРАПЕТЯН,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары,
«Наири» армян мәдени бірлестіктері ассоциациясының төрағасы,
«Виньяк» ЖШС директоры.
АЛМАТЫ.