Бейсенбі, 18 қазан 2012 7:43
Мен Қазақстан жерінде, қазақ топырағында, дәлірек айтсам, Маңғыстау өңірінде өмірге келдім. Бірақ, ата-анамның жұмыс бабымен Қырғызстанда да тұрдық. Қырғызстанға қоныс аударғанда бес жаста едім. Сол елдің Жалалабад қаласында мектепте оқыдым. Кейін Бішкектегі хореографиялық училищені бітірдім.
Бейсенбі, 18 қазан 2012 7:43
Мен Қазақстан жерінде, қазақ топырағында, дәлірек айтсам, Маңғыстау өңірінде өмірге келдім. Бірақ, ата-анамның жұмыс бабымен Қырғызстанда да тұрдық. Қырғызстанға қоныс аударғанда бес жаста едім. Сол елдің Жалалабад қаласында мектепте оқыдым. Кейін Бішкектегі хореографиялық училищені бітірдім.
Адам өзінің тағдыры қалай қалыптасарын алдын ала болжай алмайды ғой. Мұны жұмысымды Ресейдің Челябі қаласында бастағаныма байланысты айтып отырмын. Ал 1992 жылы Қазақстанға қайта оралуыма тура келгенде қатты қуандым. Өйткені, менің кіндік қаным қазақтың жерінде тамды емес пе? Оның үстіне қазақ пен татар халқының бір-бірімен туыстық байланысы бар. Біздің халықтардың тамыры бір, дініміз де бір, тіліміз де ұқсас, түркі жұртының балаларымыз ғой. Тіпті бабаларымыз бір-бірімен қыз алысып, қыз берісіп, құдандалы да болған. Мұның бәрі – бүгінге дейін екі халықтың арасындағы туыстық, достық байланыстардың ұрпақтан ұрпаққа жалғасын таба беретінінің дәлелі.
Бұл күндері шешем Татарстанда тұрса да жиі байланысып, хабарласып тұрамыз. Сонда анам: «Қазақстан халқының бірлігі, татулығы мықты ғой. Көршілеріңмен, жора-жолдастарыңмен, достарыңмен ұдайы тату бол. Еліңді, қазақ халқын, олардың салт-дәстүрін, тарихы мен мәдениетін, өнерін құрметте. Қазақстанның өркендей беруіне үлесіңді қосудан тартынба, қолыңнан келсе, көмегіңді аяма», дегенді телефонмен болса да ұдайы айтып отырады. Мұны анамның аманаты деп түсінемін.
Бұл өмірде адамдардың татулығынан, достығынан қымбат нәрсе жоқтығын балаларымның құлағына өзім де құйып келемін. Өзім жетекшілік ететін «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі өткізетін шараларда бас қосатын Атыраудағы үлкендеріміз де жастарға осындай өсиетін әрдайым айтып келеді. Себебі, Қазақстанның әр өңірінде бірнеше ұлттың өкілі тату-тәтті тұрмысын жалғастыруда. Атыраудың өзінде 2200-ден астам татар-башқұрт өкілдері тұрады. Оларға өзге ұлттың өкілісің деп ешкім айтпайды. Керісінше, қазақ халқының қонақжайлығы, досқа адалдығы еліміздегі барша этносты бір-бірімен сыралғы достардай біте қайнастыруда.
Мұның басқа да себептері бар. Біріншіден, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтардың арасында бірлікті берік орнықтырып келеді. Екіншіден, мемлекет тарапынан өзге ұлттардың ұлттық құндылығынан ажырамауы үшін барынша қолайлы жағдай жасалуда. Мәселен, бізде үш буынның басын қосатын, татар-башқұрт халықтарының ұлттық өнерінің терең тамыр жаюына жол ашатын үш шығармашылық ансамбль бар. Кіші топтағы балалар «Балақайда» жиналып, ұлттық өнермен сусындай бастайды. Ал орта буындағы жастар «Татулық» жастар қанаты» ансамблінде ұлттық өнердің құндылықтарын бойына сіңіреді. Ал ағаларымыз бен әпкелеріміз «Татулық» ансамблінде ертеден келе жатқан өнеріміздің тамыры үзілмеуін кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттайды. Қазақ халқының өнерін де меңгереді.
Шараларымызды мемлекеттік тілде де өткіземіз. Өзім, сонымен бірге, жасөспірім қыздарды би өнеріне баулимын. Оған ұлтына қарамай, би билеуге икемі, қабілеті бар қыздарды қабылдаймын. Оларға бір-бірімен тату, дос болудың маңызын түсіндіріп жүремін. Біздің Қазақстанды мекен еткен барша этнос үшін ынтымақтан, бірлік пен татулықтан, тұрақтылықтан қымбат нәрсе жоғына көзіміз жетті. Қазақта «Ырыс алды – ынтымақ», «Тату үйге тақсірет жоламайды» деп бекер айтылмайды ғой. Қазақстан – біздің ортақ үйіміз! Береке мен бірлікке, қуаныш пен салтанатқа толы үй қай кезде де қымбат болатыны даусыз. Биші қыздарымды өнер сайысына қатыстыру үшін алыс жол жүрсем, туған елім – Қазақстанға тезірек жетуге асығамын. Сондайда жүрегімді туған елге деген сағыныш сезімі кернейді. Ел шебіне енген сәтте-ақ мен үшін қазақ жерінен өзге қымбат әрі құтты мекен болмайтынын анық сезіне бастаймын.
Осындай толғаныс сезіммен Қазақстандағы барша мұсылман қауымын Құрбан айт мерекесімен шын жүрегіммен құттықтаймын. Еліміздегі бірлік пен татулық арта берсе екен, еліміздегі тыныштық мәңгілік болса екен деп тілеймін. Қазақстандай экономикасы қуатты, халқы өзара тату елде тұратынымды ұдайы мақтан тұтамын.
Гүлсина БАЙКЕНОВА,
«Татулық» татар-башқұрт этномәдени
бірлестігінің жетекшісі.
Атырау облысы.