Сәрсенбі, 10 қазан 2012 7:15
Кеше Үкімет үйінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті. Мұнда кәмелеттік жасқа толмаған балалар тәрбиесіндегі өзекжарды мәселелер ортаға салынып, мемлекеттік бағдарламалардың қазіргі таңдағы атқарылуы жайы сөз болды. Басқосуды Қазақстан Президентінің кеңесшісі – Ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова жүргізіп отырды.
Сәрсенбі, 10 қазан 2012 7:15
Кеше Үкімет үйінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті. Мұнда кәмелеттік жасқа толмаған балалар тәрбиесіндегі өзекжарды мәселелер ортаға салынып, мемлекеттік бағдарламалардың қазіргі таңдағы атқарылуы жайы сөз болды. Басқосуды Қазақстан Президентінің кеңесшісі – Ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова жүргізіп отырды.
«Ауруын жасырған өледі» демекші, қазір көпшіліктің назарынан тыс қалмауға, ұдайы әңгіме арқауына айналып отыруға тиіс бір тақырып болса, бұл, сөз жоқ, бала тәрбиесіне қатысты ой болып шығатыны түсінікті. Себебі, халықта тамаша бір қағида бар: «Не ексең, соны орасың» деген. Ертеңіне, болашағына елеңдемейтін жан жоқ. Болашақтың аспанын ала бұлт қаптаса, ана жүрегі алдымен алаңдауы тағы да заңды құбылыс. Өйткені, жеткіншек мәселесінде қазір шешілмей жатқан түйткілдер өте көп. Жаһандану үрдісінде жаттың жалбыры жайлап кетіп бара жатқан дабылға құлақ аспай қою өз тамырыңды өз қолыңмен кескенмен бірдей болар еді. Озық технологияның жетістігіне оң қабақ таныту озық ойлы елдерге тән десек те, сол өркениеттің өркешінің артында халықтық тамырды қиып тастайтын жегіқұрттар бой тасалап тұратынын қаперге алмаудың қасіреті мың есе зардапты еді. Өзіне өзі қол жұмсау сияқты бұрын атын адам естіп көрмеген жаттан жағылған жағымсыз оқиғаларды естігенде, әлемді тітіркенткен мұндай сұмдық оқиғалардың орын алу себептерін неге әлі күнге тиісті мамандар зерттеп үлгермей жатқанына көпшілік қатты алаңдаушылық білдіруде. Баланың қолымен жасалды деуге ауыз бармайтын небір сойқан қатыгездіктердің белең алуына қоғамның бір формациядан екінші формацияға өтуі, өтпелі кезеңнің тұсында кейбір рухани құндылықтардан көз жазып қалуымыз, өмірлік өлшемдердің өзгерісі, әйелдердің балаларын тастап, базар жағалап кеткен жағдайлары сынды көп жәйттердің себеп болғаны талай рет жазылып та, айтылып та жүр. Жас өркеннің бойындағы пайда болған келеңсіз көріністер бір күнгі кемшіліктің салдары емес, баланы өз бетімен алаңсыз жіберіп алған, ата-ананың көңіл бөлуге уақыты жетпей қалған, мектептегі тәрбие өз деңгейінде болмаған сияқты талай істің кемдігінен. Комиссия мүшелерінің жанайқайы кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің басындағы осындай түрлі проблемалар төңірегінде өрбіді. Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбаев жеткіншектерге сапалы білім, саналы тәрбие беру мақсатында атқарылып жатқан игі істердің барысы жайында баяндады. Бүгінде мектептерде балалармен жұмыс істейтін мамандар арнайы даярлықтан өтіп, жаңадан қолға алынған істер оң нәтижелерін көрсетіп жатқанын тілге тиек етті.Отырыста мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленушілерді, жалпыға бірдей орта білім беретін және кәсіби білім беру ұйымдарының оқушыларын рухани-адамгершілік құндылықтарға, некені және отбасыны нығайту негіздеріне оқыту жөніндегі жұмыстар, сондай-ақ балаларға қызмет көрсету бойынша қосымша білім беру ұйымдарының қызметтерін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы ойлар ортаға салынды. Оңтүстік Қазақстан облысында кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы құқық бұзушылық фактілеріне байланысты Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның төрағасы Сәкен Қаныбеков өңірде атқарылып жатқан іс-шараларды баяндады. Комиссия мүшелері Жұмагүл Солты, Айгүл Соловьева, Салтанат Байқошқарова, Гүлнәр Ықсанова, Сабила Мұстафина, Анатолий Башмаков, т.б. жас жеткіншектер мәселесіндегі қордаланған мәселелерді қозғап, пікір-ұсыныстарын білдірді.Отырыстың басында Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі – Ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова алдағы жұмыстың Мемлекет басшысының әлеуметтік жаңғырту жөніндегі бағдарламалық мақаласымен ұштасқан басым бағыттарын назарға ұсынды. Негізінен жұмыс кейбір қоғамдағы әлеуметтік жағдайлардың салдарларымен күреске емес, оларды тудыратын нақты себептерді жоюға бағытталатын болады. Оларды анықтау үшін осыған дейін мардымды іс жасалмаған болса, мұнан кейінгі уақытта зерттеушілік жұмыстар жүргізіліп, үкіметтік емес ұйымдармен тығыз іс-қимыл жолға қойылады, халықпен қарым-қатынас орнатылады деп күтілуде.Мектепке дейінгі ұйымдар тәрбиеленушілерін, жалпы орта білім беретін және кәсіби білім беру ұйымдарының оқушыларын адамгершілік пен имандылық құндылықтарына, неке мен отбасын нығайту негіздеріне үйрету үшін мектепке дейінгі ерте жасқа (1-3 жас) арналған «Алғашқы қадам», мектепке дейінгі кіші жасқа (3-5 жас) арналған «Зерек бала», мектепке дейінгі ересек жасқа (5-6 жас) арналған «Біз мектепке барамыз» балаларды тәрбиелеу мен оқыту бағдарламалары қабылданған болса, 1-11 сынып оқушыларына арналған «Өзін өзі тану» адамның рухани-адамгершілік дамуы бағдарламасы жүзеге асырылып жатқаны басқосуға қатысушылардың әңгіме өзегіне айналды.Осындай жұмыстарды орта білім беру жүйесінде 7 мың психологтар мен 3,6 мың әлеуметтік педагогтар атқарып жатқаны айтылды. Бұл мамандар рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру мен отбасын нығайтудың әртүрлі мәселелері бойынша балалар мен отбасыларға психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеді. Мектеп психологтарының қызметін нақты реттеу мақсатында министрлікте орта білім беру ұйымдарында психологиялық қызметтің жұмыс істеу қағидасы әзірленгені айтылды.Сонымен қатар, Астана қаласында Отбасылық тәрбиелеу институтының құрылуы – ешкімді бей-жай қалдырмайтын оқиға. Институттың атқаратын негізгі міндеті білім беру қызметкерлерінің, ата-аналардың отбасылық ара-қатынастағы біліктілігін арттыру болып табылады. Биылғы сәуірде Отбасылық тәрбиелеу институтының 70 тыңдаушысы (педагогтар, психологтар) «Отбасылық тәрбиелеу жөніндегі психолог-кеңес беруші» біліктілігін алғаны бұл бағыттағы жұмыстар өзінің алғашқы нәтижелерін көрсете бастады деген сөз.Қазіргі кезде қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы белгілі бір оң нәтижелеріне қарамастан, жасөспірімдердің рухани-адамгершілік дағдарысты бастан кешірулері әлі де жалғасуда. Оған, әсіресе, кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы жасалған қылмыстың жоғары деңгейі дәлел деуге болады. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласында бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жасөспірімдер қылмысының 33,6%-ға немесе 113-тен 151-ге дейін өскені алаңдатарлық факт. Облыс бойынша мектеп, лицейлер мен гимназиялар оқушылары жасаған қылмыс көлемі 31,3%-ға ұлғайған (163-тен 214-ке дейін). 4 кісі өліміне әкеліп соқтырған оқиға тіркелген. Әкімшілік құқық бұзушылық жасағандары үшін ішкі істер органдарына 3 мыңнан астам кәмелетке толмағандар жеткізілсе, оның ішінде қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктермен әуестенгендер саны 82-ге жеткен.Шымкент қаласының жалпы білім беретін оқу орындарында 98 мектеп инспекторы, ал облыс бойынша 213 мектеп инспекторы бекітілген. Облыстың 801 мектебінде «полицияның жас көмекшілері» отрядтары құрылған, оған 17604 оқушы жұмылдырылған, 3984 ата-ана қатысатын «әкелер кеңесі» құрылып, олардың кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық профилактикасымен айналысуы бір қарағанда мұнда жастардың тәртібіне байланысты барлық шара жүзеге асып жатқандай көрінеді. Бірақ тек құқық қорғау тарапынан жүзеге асырылатын істермен ғана бала тәрбиесіндегі ақаулық жойылады деу үстірттік. Ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жетіспеушілігіне, жергілікті билік органдарында, ҮЕҰ және жергілікті ұйымдарда профилактикалық жұмыстардың бірыңғай үйлесімінің жоқтығына байланысты мұнда кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы бойынша іс-қимылдың бірыңғай тұғырнамасы қалыптастырылмаған. Бағдарламалар мен жобалар өте тиімсіз. Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуеті нашар пайдаланылады, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстардың қолайсыз отбасылармен және балалармен профилактикалық жұмыстарға бағытталған мақсатты лоттары жоқтың қасы.Тәрбие саласындағы бірталай кем-кетік саралана келіп, алдағы уақытта жұмыс қарқынын жақсарту мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасына жауапты мемлекеттік органдардың қызметіне талдау жасалып, оны «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы және балалар қараусыздығының және панасыздығының алдын алу туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі № 591 Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес келтірсін және оның орындалуына бақылау қамтамасыз етілсін, оқушылар арасында құқық бұзушылық фактілеріне жол берген білім беру ұйымдарының жауапты басшыларының жауаптылығын арттыру жөнінде қажетті шаралар қабылдансын, оқушылар арасында құқық бұзушылықтың және қоғамға жат әрекеттердің алдын алу үшін білім беру саласы мен ата-аналар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту жұмыстары жүргізілсін деген ұсыныстар айтылды.Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,«Егемен Қазақстан».