Қарағандыда биылғы жылдың тұңғыш үшемі дүниеге келді. Дәрігер мамандардың айтуынша, Жібек, Аяла және Сезім атты сәбилер шала туса да, қазір өздерін жақсы сезіне бастаған.
«Нәрестелер жарық дүниеге мерзімінен бұрын келді, – дейді облыстық перинаталдық орталық директорының орынбасары Гүлнәр Ғалиева. – Сондықтан олар біраз уақытқа дейін дәрігерлердің бақылауында болады».
Жас босанған ана Ботагөз Жайнабекова үшемдерге дейін екі ұл, бір қыздың анасы атанған. Яғни, қазіргі таңда оның отбасында алты бала бар.
– Қиындықтың бәрі артта қалды. Әрине, басында қорқынышты болды. Біздің тұқымда мұндай оқиға бірінші рет болып тұр. Дәрігерлерге деген алғысым шексіз. Үшемге жүкті екенімді ешкімге айтпай, құпия сақтап келдік. Туған-туыстардың қуанышында шек жоқ, – дейді көпбалалы жас ана.
Ботагөздің жұбайы слесарь болып жұмыс істейді екен. Еңбекақысы орташа есеппен алғанда 100 мың теңге. Енді оған осынша мөлшердегі жалақымен отбасындағы сегіз жанды асыруға тура келеді.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Egemen Qazaqstan»
Қарағанды