Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев тарапынан биыл тұрғын үй құрылысын салуда қос бірдей үлкен мақсат алға қойылған.
Мұның біріншісі биыл өңірде пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің көлемін бір миллион шаршы метрден кем түсірмеу. Бұл - сөз жоқ, биік меже. Екіншіден, облыстағы үй кезегінде тұрған 30 мыңға жуық жасты баспанамен қамту. Бұл бір жылдың көлеміне сыймайтын преспективалық мақсат екені белгілі. Ендігі кезекте аталған екі маңызды міндеттің арасында қытай қорғаны тұрмағандықтан оны бір-бірімен байланыстыра жазғанды жөн көреміз.
Тұрғын үй құрылысында биыл алға қойылған басты меже өткен жылғы деңгейден 100 мың шаршы метрге артық. Бүгінгі күні оған қол жеткізу үшін істі жүргізудің жаңаша жүйесі қарастырылған. Соның ең бастысы құрылыс жұмыстарына пайдаланылатын материалдардың түрлері мен сапасын жергілікті өнімдер есебінен ұлғайту. Бұл көрсеткіш бұған дейін 85 пайызды құраса, биыл оның көлемін 90 пайызға дейін жеткізу жөнінде ұйғарымдар жасалған. Мұның өзі жергілікті құрылыс индустриясы арқалайтын жүк пен салмақтың одан әрі арта түсетінін көрсетеді. Егер аталған индустрия өнімдері цементпен және темірмен толығатын болса, алға тартылған асуды алу аса қиындыққа түспейтіні де белгілі. Сондықтан да бүгінгі күні жерасты қазба байлықтарына бай өңірде жергілікті ғалымдар аталған шикізатты өндіруің ғылыми өндірістік тұжырымдасмасын ойластыру үстінде.
Сапалы жоба мен сәулетті құрылыстың өзара үндестігі мен үйлесімділігін одан әрі тереңдете түсу үшін оған кәсіби шығармашылық тұрғыдан келе білу талаптары қойылуда. Бұл іс ең алдымен ең лайықты жоба иелері мен жасаушыларын таңдап алу қажеттілігінен бастау алады. Олардың бойында отандық өнімдерге деген жанашыр көзқарас болу керектігі де белгілі. Сондай-ақ тұрғын үй жобасын ойластыру кезінде оған жан-жақты кешенді көзқарас жетіспесе, бұл жобалар жартыкеш күйінде қалып қоюы әбден мүмкін. Бұл үшін тұрғын үй құрылыстарының әлеуметтік сипаты алға шығуы аса маңызды.
Бұл не деген сөз? Айталық ақтөбе қаласында бұған дейін бой түзеген тұрғын үй кешендерінің төменгі қабаттары көп жағдайларда коммерциялық құрылымдарға берілгенін байқау қиын емес. оның есесіне балалар бақшасы, медицина және полиция қосындары, сондай-ақ мектептен тыс балалар мекмелері секілді әлеуметтік сипаттағы нысандар көріне ермейді. Сайып келгенде қарапайым тұрғындарға коммерциялық нысандардан гөрі осындай орындар маңыздырақ әрі қажеттірек екені кәміл. Сондықтан да алдағы уақытта Ақтөбеде алдыңғысы нысандар кейінгі әлеуметтік нысандарға орын береді деп ой қорытуға толық негіз бар. Сондай-ақ қажет жағдайда жергілікті билік өкілдерінің мұндай әлеуметке қажетті алаңдарды оны салушылардан өтеп алу тұтқалары да қарастырылған.
Рас, бүгінде кез-келген құрылыс компаниясы ең алдымен өзіне табыс, пайда табу мақсаты мен тұрғын үйлерді коммерциялық бағытта салуға ыңғай танытып тұратыны жасырын емес. әрине бұл үшін оларға айып, кінә тағудың ешқадай жөні жоқ. Дегенмен Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың айтуынша қазіргі кезде бой көтеріп жатқан панельді үйлердің бірінші қабаттарын әлеуметтік ғимараттарға бейімдеп салу тұтқалары мен нормативтері белгіленіпті. Қазіргі күні облыста жыл аяғына дейін бір миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жұмыстары құрылыс кластерін құру ісімен ұштастырыла атқарылуда. Мұндағы басты мақсат –құрылыс салудың жаңа, өміршең әдістерін енгізу. Оған қазіргі заманғы материалдарды пайдалану. Бұл үшін ғимараттырдың экологиялық және энергиялық тиімділіктерін көтеру ісіне де көңіл аударып отырмыз деді газет тілшісіне Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов.
Ал енді болашақта 30 мыңға жуық жасты тұрғын үймен қамту жөнінде қойылған. Бір қарағанда орындалмастай көрінетін биік мақсат жөнінде не деуге болады? Осы орайда облыста ойластырылған бірқатар бағдарламаларды атап айтқанның артықшылығы жоқ секілді. Оның алғашқысы Ақтөбе облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасы ұсынған қанатқақты жоба. Бұл жөнінде газетіміздің өткен қаңтар айындағы нөмірлерінің бірінде егжей-тегжейлі жазылғандықтан, оған қысқаша тоқталғанды жөн көрдік. Тек бір қосарымыз аталған жоба бағдарламаның жастар жылына ғана емес, алдағы 5 жылдық пен 10 жылдықты қоса есептей отырып жасалғаны. Бұл жоба жастарға арналып берілетін арендалық тұрғын үйлер тетігін нығайтуға негізделген.
Екіншіден облыста жастарға пәтер алу үшін жеңілдетілген несие беру тәртіптері мен тұтқалары орныққаны. Бүгінде елімізде «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асып жатқаны белгілі. Әйтсе де қазіргі кезде газетемізде бұған дейін жазылғанындай «Тұрғын үй Құрылыс Жинақ Банкі» АҚ қойған талаптар мен ережелерді орындауға екінің бірінің мүмкіндігі көтере бермеуі мүмкін. Дереккөздеріне сүйенсек, бұл үшін Ұлттық банк қосымша жаңа бағдарлама қабылдау жөнінде шешім алғанына да көз жеткіземіз. Аталған бағдарламаға сәйкес пәтер беру жөнінен Ақтөбе облысы бел ортадан жоғары деңгейде тұр екен. Алайда банк шарттарының күрделілігі мен жоғарылығы себепті «7-20-25» бағдарламасы бойынша ұсынылған үйлерді салымшылардың алуы шектеулі күйінде қалып отыр.
Айталық өткен жылы аталған бағдарлама аясында 2 100 000 теңгеге 254 пәтер берілген. Төмен көрсеткіш емес әрине, оны бұдан әрі өсіруге де болар еді. Әйтсе де аталған банк шарттарының ауырлығы оған мүмкіндік бермей отырған сыңайлы. Әйтпесе өңірде аталған бағдарламаға сәйкес салынған әрі салынып жатқан үй құрылыстары бұл көрсеткіштен бірнеше есе атрық екені де атап айтуға тұрарлық мәселе. Яғни, алдыңғы көрсеткіштен бірнеше есе жоғарғы деңгейді өңірдегі үй құрылысы қарқыны өтей алатыны анық.
Әрине бұл арада басты гәп бастапқы жарнаны төлеудің қиындығында екені мәлім. Өңірде жастарға жеңілдетілген несие берудің қажеттілігі осынан туындапты. Оны реттеу үшін Ақтөбе облысы әкімдігі мен «Баспана» АҚ арасында тиісті келісім-шартқа қол қойылған. Соған сәйкес пәтерлердің бастапқы жарнасын жеңілдету үшін 20миллиард тенге қаржы бөлінген. Бұл өз кезегінде жастар мен жас отбасыларға арналған бастапқы жарнаның он пайызы субсидияланды деген ұғымды бермек.
Міне, өңірде Жастар жылына орай жастарға берілген материалдық көмек түрлері осындай. Әрі оны өңірдегі өкілетті орган жетекшілерінің «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруға қосқан сүбелі үлестері деп бағалауға да болады. Түйіп айтқанда тұрғын үй мәселесін шешуде алдарына нақты міндеттер мен мақсаттар қойған жергілікті өкілетті орган өкілдерінің оң бастамалары осындай.
Темір Құсайын,
«Egemen Qazaqstan»
АҚТӨБЕ