Астанада шайбалы хоккейден өткен ІІІ қысқы Жастар ойындарында Қарағанды облысының құрама командасы Астана қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының ұжымдарын алға жіберіп, жүлделі үшінші орынды қанағат етті.
«Барыс Арена» спорт кешенінің мұз айдынында өткен турнирде 2004-2005 жылдары туған жасөспірімдер бақ сынады. Жарыс барысында көш басындағы командалар бірдей ұпай жинаған болатын. Бірақ жеңімпаз бен жүлдегерлер тағдырын командалар үлесіндегі шайба айырмашылығы шешті. Нәтижесінде, республикалық сайыстың үш кезеңінің қорытындысы бойынша қарағандылық ұжым қола жүлдеге ие болды.
– Балғын хоккейшілеріміздің жеңіске деген жігерін атап өту керек. Біз жоғары бәсекелестік жағдайында көшбасшылар үштігіне ілігудің оңайға соқпасын жақсы білдік. Дегенмен, жігіттер жарады! Соңына дейін беріспей, нәтижесінде қола жүлдегер атанды. Балалардың барлығы біздің мектептің тәрбиеленушілері. Тамаша толқын өсіп келеді, – дейді шайбалы хоккейден Қарағанды облыстық балалар-жәсөспірімдер олимпиялық резерв мектебінің басшысы Сергей Бунякин.
Алда – төртінші, шешуші кезең.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Egemen Qazaqstan»
Қарағанды