23 ақпанда Чехияның бас шаһары – Прагада өтетін UFC турнирінде Ресейде тұратын қандасымыз Дамир Исмағұловтың испаниялық Джоэл Альвареспен айқасатыны жайында біз бұған дейін де хабарлағанбыз.
Кеше айтулы жарыста өнер көрсететін барлық спортшылардың есімдері белгілі болды. Осы кештің басты жекпе-жегінде жартылай ауыр салмақтағы польшалық Ян Блахович пен бразилиялық Тьяго Сантос күш сынасады.
Өзге кездесулер Джон Додсон – Пётр Ян, Стефан Струве – Маркос Рожерио де Лима, Лиз Кармуш – Люси Пудилова, Даниэл Теймур — Крис Фишгольд, Дамир Хадзович – Марко Поло Рейес, Рустам Хабилов – Диего Феррейра, Гиан Виланте – Михал Олексийчук, Магомед Анкалаев –Дарко Стошич, Гилиан Робертсон – Вероника Мацедо, Карло Педерсоли –Дуайт Грант арасында өтеді.
28 жастағы Дамир Исмағұлов үшін бұл UFC-дегі екінші бәсекесі. Алғашқысын Австралияда өткізген қазақ жігіті жергілікті спортшы Алекс Горджесті ұпай санымен ұтқан болатын. Оның алдында қандасымыз М-1 нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуді иеленді. Дамирдің қарсыласы да өте мықты. 25 жастағы Джоэл Альварес 16 жекпе-жек өткізіп, 15 мәрте жеңіске жетті. Сол бәсекелердің барлығын ол мерзімінен бұрын аяқтаған.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»