• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
06 Ақпан, 2019

Елімізде 5,5 мың км жол ақылы болады

788 рет
көрсетілді

Таяуда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы өңіраралық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытуды тапсырған болатын. Осыған орай республика бойынша өңіраралық жолдарды жандандыруға бағытталған кешенді жұмыс жоспарымен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек Үкіметтің баспасөз орталығында өткен жиында кеңінен айтып берді.

Ж.Қасымбектің айтуынша, Мемлекет басшысының өңіраралық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында былтырдан бастап жергілікті желі жолдарын жөндеуге бөлінетін қаражат тепе-тең негізде 2 есе ұлғайтылып, 150 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Бұған дейін елімізде 4 мыңнан астам автожол жөнделді. 2025 жылға қарай жергілікті жолдардың 85-90% жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болады деп күтілуде. Министр келтірген ақпаратқа сүйенсек, автокөлік жолдарының нормативтік қамтылуы мен сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жолдарды ақылы ету жүйелерін енгізу бойынша жобаларды жүзеге асыру жалғасуда. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 471 км болатын Алматы – Қорғас, Алматы – Қапшағай және Астана – Теміртау жол учаскелерінде ақы алу басталды. Ж.Қасымбек ақылы жолдардың құны өзге көрші елдермен салыстырғанда әлдеқайда арзан екенін айтты.

− Ақылы жолдардың бағасы қолжетімді, мысалы, жеңіл автокөліктер үшін километріне 1 теңгеден. Бұл көрші Қытай мен Ресейдегі ақылы жолдардың бағасынан әлденеше арзанға түседі. Екі жыл ішінде тағы 5,5 мың км жолда ақы төлеу жүйесін іске қосу жоспарланған. Осы қаражат есебінен автожолдарды сақтауға жұмсалатын шығындар айтарлықтай қысқарады, - деді министр.

Ал былтыр елімізде 1,5 мың км республикалық маңызы бар жол жөнделіп, 528 км реконструкцияланған. Биыл республикалық маңызы бар 4,4 мың км автожол жөндеуден өтті. Жобаларға 100 мыңнан астам жол құрылысшылары тартылған. Жылдың соңына дейін ұзындығы 654 км учаскеде қозғалыс ашылады.