• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Ақпан, 2019

Бүркітшілердің ХІІІ чемпионаты Тарбағатай ауданында өтті

1426 рет
көрсетілді

Республикалық құсбегілер біріншілігі осымен төртінші жыл қатарынан Барқытбелдің баурайында өтті. Бүркітшілер бәсекесі Үржар ауданында екі, Аягөз ауданында бір мәрте ұйымдастырылса, биыл тұңғыш рет Тарбағатай ауданында жалауын желбіретті.

Бабадан қалған бағлан өнерімізді ұлықтап, осы төрт чемпионатты жыл аралатпай Шығыс топырағында өткізуге ұйытқы болып жүрген Үржар аударының Көкөзек ауылының тумасы, атбегі, құсбегі, «Шығыс-Алтай» бүркітшілер федерациясының жетекшісі Тәттімбет Кәпұлы екендігін айту парыз.

Тарбағатай ауданының орталығы - Ақсуат ауылында шымылдығы түрілген бүркітшілердің 13 чемпионатына биыл еліміздің 12 облысынан ителгісі бар, қаршығасы бар, қыраны бар 40 құс қатысып, жарыстың көрігін қыздырды. Үржар ауданының сері жігіттері сегіз бүркіт әкеліпті. Осы шара барысында жергілікті жұрт Шойтабан атайтын үржарлық аңшы Ерзат Байқадамов сегіз бүркіттің бірін, яғни өз қыранын ақсуаттық азамат Саят Садуановқа сыйға тартып, мәрттігін танытты. Құсбегілер сайысының басы-қасында жүрген тарбағатайлық жігіт те қарап қалмай, саятшылардың «тұғыр жабар» дәстүрімен атымтай жомарт азаматқа ат мінгізіп, құрмет көрсетті. «Тарбағатай ауданына бүркіт сыйлап жатқанымыз – осы өңірде де саятшылық өнер қанат жайса, ізімізді жалғайтын інілеріміз көбейсе деген ізгі ниет. Әйтпесе өздеріңіз білетіндей, біздің облыста Үржар ауданынан басқа ауданда ешкім бүркіт ұстамайды», - дейді Тәттімбет Кәпұлы.

Екі күнге созылған чемпионаттың алғашқы күнінде жұртшылық қолға шақыру, шырғаға түсіру сайыстарын тамашаласа, екінші күні жартылай финалға жолдама алған 13 құстың өнерін қызықтады. 13-тің ішінен финалға төрт қыран суырылып шығып, шапқан аттың соңында сүйретіліп бара жатқан түлкінің тұлыбына 20 секундтта түскен астаналық Серікбек Күнтуғанның «Алғыр» атты бүркіті байқау жеңімпазы атанды. Үржарлық Тәттімбет Кәпұлы мен  көкшетаулық құсбегі Тастанбек Бергенбай құстарын қарсаққа салды. Бұл сында Тарбағатай тауының шыңында шыңдалған Тәттімбеттің «Ақ перісі» бабында екендігін байқатты.

Бүркітшілердің дәстүрлі чемпионатының Тарбағатай ауданында өтуіне «Шығыс-Алтай» бүркітшілер федерациясымен қатар осы өңірдің тумасы, меценат Бәделхан Кәмелханұлы мен Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың мұрындық болғанын айта кеткен орынды. Жеңімпаздарды марапаттау сәтінде осы азаматтардың сый-сияпаты арнайы тапсырылды.

«Құсбегілердің чемпионаты Тарбағатай ауданында алғаш рет ұйымдастырылды. Осы ретте Тәттімбет, Ерзат бастаған, Саят қостаған азаматтарға алғысымыз зор. Ұлттық дәстүрімізге жұрттың қызығушылығы, ынта-ықыласының зор екенін байқадық. Сондықтан алдағы жылы осы чемпионатты халықаралық деңгейде, яғни Ырғызбай Досханаұлы атындағы халықаралық бүркітшілер сайысы деп өткізсек пе деген ойымыз бар. Сонымен қатар аудандағы Өнер мектебі ішінен бүркітшілер сыныбын ашып, арнайы штат бөлуді жоспарлап отырмыз», - дейді Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев.

Азамат ҚАСЫМ,

«Egemen Qazaqstan»

Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылы