Алдағы уақытта Кенияның төрт жеңіл атлеті Қазақстанның ұлттық құрама командасы сапында өнер көрсетеді. Бұл жаңалықты жанкүйерлердің дені жылы қабылдады. Себебі, спорттың бұл түрі біздің елде ақсап тұрғаны жасырын емес. Бүгінгі таңда Ольга Рыпаковадан басқа бірде-бір жерлесіміз әлемдік деңгейдегі жарыстарда жеңіс тұғырына көтеріле алмай жүр.
Тәуелсіздікке қол жеткізген кезден бері Қазақстанның өрендері Олимпиадада бес жүлде алды. Оның үшеуін үш қарғып секіруші Ольга Рыпакова (2008 жылы – күміс, 2012 жылы – алтын, 2016 жылы – қола) олжаласа, желаяқ Ольга Шишигина (2000 жылы – алтын) мен онсайысшы Дмитрий Карпов (2004 жылы – қола) бір-бір реттен мықтылар санатына қосылды. Әлем чемпионатында сегіз рет жеңіс тұғырына көтерілдік. Атап айтсақ, 1993 жылы Штутгарттағы сырықпен секіру сайысында Григорий Егоров күміс медальді еншіледі. 1995 жылы Гетеборгта 100 метрге кедергілер арқылы жүгірген Ольга Шишигина күміс алса, 2001 жылы Эдмонтонда ол қолаға қол созды. 2003 және 2007 жылдары Сен-Дени мен Осакадағы онсайысшылардың сайысында Дмитрий Карпов үшінші тұғырға табан тіреді. Үш қарғып секіруші Ольга Рыпакова 2011 жылы Тэгуде екінші сатыға табан тіресе, 2015 және 2017 жылдары Бейжің мен Лондонда жалауы желбіреген жарыстарды үшінші орынмен қорытындылады. Ал егер жеңіл атлеттер сайысында Олимпия ойындарында 47 және әлем чемпионаттарында 48 жүлде жиынтығы сарапқа салынатынын ескерсек, жоғарыдағы көрсеткішке «көңіліміз толды» деп айту қиын.
Оның үстіне, қазіргі кезде Ольга Рыпаковадан басқа «спорт падишасының» өкілдері әлемдік деңгейдегі додаларда даралана алмай жүр. Және де Шығыс Қазақстан облысының өкілі биылғы жылдың күзінде 35 жасқа толады. Яғни, Ольганы ардагер спортшылар санатына жатқызсақ, еш әбестігі жоқ. Ал өзге жерлестеріміз құрлықтық жарыстарда жүлде алумен ғана шектелуде.
Әрине, осы олқылықтың орнын толтыру оңай шаруа емес. Ең өкініштісі, өз өрендеріміздің арасында бәсекелестік төмен. Білікті мамандардың тапшылығы, елішілік жарыстардың аздығы, дарынды спортшылардың кемдігі осы спорт түрінің өркендеуіне кері әсерін тигізуде. Сол себепті де жеңіл атлетика өнерінде жеңіспен өрілген бай дәстүрі бар Кенияның көмегіне жүгінуге мәжбүрміз. Жуырда ғана Өскеменде өткен ел чемпионатында сол елден келген өрендердің мықтылығына тәнті болдық. Мәселен, ерлер сайысында 19 жастағы Шедрак Коэч 3 000 метрге жүгіруде алдына жан салмады. Дәл сол қашықтықтағы әйелдер бәсекесінде 24 жастағы Каролин Кипкируи алтыннан алқа тағынса, 22 жастағы Дэйзи Джепкемей мен 23 жастағы Нора Джирута күміс пен қола медальды мойындарына ілді. Осы орайда Каролин Кипкируидің әлемдегі екінші үздік нәтиже көрсеткенін айта кеткен абзал. Оның көрсеткіші – 9:04.32. Сонымен қатар бапкер Кенет Ротич те Қазақстанда еңбек етуде.
Кения спортшыларының әлемдік қауымдастық алдында да зор беделі бар екені еш күмән туғызбаса керек. Олар Олимпия ойындарына 14 мәрте қатысып, сол аралықта 31 алтын, 38 күміс және 30 қола медальды олжалады. Барлығы – 99 жүлде. Бұл – қара құрлықта орналасқан елдер арасындағы ең үздік көрсеткіш! Және де әлемнің көптеген дамыған мемлекеттерінің өздері де дәл осындай зор табысымен мақтана алмайтыны анық. Бір ғажабы, сол жүлделер спорттың екі түрінің өкілдеріне ғана тиесілі. Оның жетеуі боксшылардың еншісінде. 1968, 1972, 1984 және 1988 жылдары өткен Олимпия ойындарында айтулы елдің былғары қолғап шеберлері 1 алтын, 1 күміс және 5 қолаға қол жеткізді. Ал қалған жүлденің барлығын жеңіл атлеттер жеңіп алған.
Қазіргі кезде Кения боксы құрдымға кетті. Олардың бойында бұрынғыдай қайрат та, қауқар да жоқ. Енді 45 миллион халқы бар сол елдің жанкүйерлері тек жеңіл атлеттерге сенім артуда. Бұл ретте «спорт падишасының» өкілдері жеңіспен өрілген дәстүрді мақтанарлықтай жалғастыруда. Олимпия ойындарында Кенияның жеңілі атлеттері барлығы 30 алтын, 37 күміс және 25 қоланы қоржынға салды. Сол жүлделердің денін желаяқтар олжалады. Әсіресе олар орта және алыс қашықтықта, кедергілер арқылы жүгіруде және марафонда өте мықты. Алысқа бармай-ақ, соңғы үш Олимпиаданың өзінде кениялықтар табысты өнер көрсетті. Мәселен, 2008 жылы Бейжіңде 6 алтын, 6 күміс және 4 қола медальды иеленіп, жалпы командалық есепте 13-орынға табан тіресе, 2016 жылы Рио де Жанейрода 6 алтын, 6 күміс және 1 қола жүлдемен 15-сатыға жайғасты. Осының барлығы да жеңіл атлеттердің арқасы.
Жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты 1983 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Сол уақыттан бері айтулы жарыстың жалауы 16 мәрте желбіреді. Финлияндияның астанасы – Хельсинкиде өткен алғашқы жарысқа Кения құрамасы қатысқан жоқ. Есесіне содан кейінгі жарыстардың барлығында қара құрлықтың желаяқтары жасындай жарқырап, үнемі үздіктер қатарынан көрінді.
Айтулы жарыстың нәтижелеріне зер салсақ, кениялықтардың толағай табысына тамсанбау мүмкін емес. Төрткүл дүние командаларының барлығын қоса алғанда жалпы есепте аталмыш мемлекеттің өкілдері төртінші орында нық тұр. Олардың еншісінде 38 алтын, 33 күміс және 29 қола медаль бар. Кенияның алдын тек АҚШ, Ресей (КСРО-ны қоса алғанда) және Германия (ГДР-ды қоса алғанда) құрамалары орап тұр. Америкалықтар 275 (132 алтын+74 күміс+69 қола) рет жеңіс тұғырына көтерілсе, ресейліктер 226 (68+81+77) медальды еншіледі. Үшінші орындағы немістердің қоржынында 138 (46+41+51) жүлде бар. Ал үздік алтылықтың қатарына енген Куба мен Эфиопия Кениядан көп қалып келеді. Олардың әрқайсы 18 алтыннан олжалады.
Әсіресе 2015 жылы Бейжіңде өткен әлем чемпионатына Кения құрамасының өнеріне жер-жаһан жанкүйерлері құлшына қол соқты. 16 жүлдеге қол жеткізген олар жалпы командалық есепте көш бастады. Ал 2017 жылы Лондонда жалауы желбіреген жарыста қара маржандар тек АҚШ-ты алға жіберіп, екінші сатыға тұрақтады.
Міне, жеңіл атлетикаға басымдық берген Кения спортының қысқаша тарихы осындай. Бүгінгі таңда олар әлемнің алпауыт мемлекеттерімен терезесі тең өнер көрсетуде. Жасыратыны жоқ, жеңіл атлетика саласында «қара маржандардан» көп нәрсе үйренуге болады. Осындай желмен жарысқан желаяқтардың келуі Қазақстанға осы спорт түрінің қарыштап дамуына тың серпіліс әкеледі деген ойдамыз.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ