«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспана алуға ниетті 28 мың көп балалы отбасы тіркелген. Бұл санатқа төрттен көп баласы бар отбасылар кіріп отыр. Былтыр елімізде бұл бағдарлама бойынша осы санаттыларға 700 пәтер беріліпті. Осы жайында кеше Үкіметтің баспасөз орталығында өткен жиында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты.
Министрден тұрмысы төмен отбасыларының баспана алу мүмкіндіктері туралы сұраған едік. Жеңіс Қасымбектің айтуынша, 2018 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы рекордтық көрсеткіш орнатып, 12,5 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Елімізде 113 мыңнан астам отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартса, соның ішінде 14 мыңнан астам отбасы мемлекеттік қаражат есебінен арендалық және несиелік баспанамен қамтамасыз етілген. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі отбасыларға 4 мың пәтер берілсе, соның 700-і көп балалы жандарға тиесілі. Биыл жергілікті әкімдіктерге қосымша арендалық баспаналар үшін 10 млрд теңге бөлінбек. Оған қоса, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы және «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына алғашқы жарнаны төлеу үшін сертификат беру көзделген. Алдағы уақытта бұл жеңілдіктерге көп балалы отбасылар да ілінеді деп сендірді министр.
− Баспана алуға алғашқы жарнаны төлеу үшін берілетін сертификаттың екі түрі бар. Біріншісі, әкімдіктер арқылы берілетін қайтарымсыз негіздегі қаражат. Мысалы, «7-20-25» бағдарламасының алғашқы жарнасының жартысын сол сертификат арқылы төлеуге болады. Бір ескеретіні, бұл қаражат көлемі әр облыстың бюджетіне байланысты әртүрлі болады. Екіншісі, 10-15 жылдан кейін қайтаруға арналған сертификат. Қазір тиісті заңға өзгерістер енгізілуде. Алдағы 2-3 айда бұл ұсыныстар жүзеге асады, – деді Ж.Қасымбек.
Таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы өңіраралық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытуды тапсырған болатын. Ж.Қасымбектің айтуынша, Президент тапсырмасын орындау мақсатында былтырдан бастап жергілікті желі жолдарын жөндеуге бөлінетін қаражат 2 есе ұлғайтылып, 150 млрд теңгеге жетті. Бұған дейін елімізде 4 мыңнан астам автожол жөнделді. 2025 жылға қарай жергілікті жолдардың 85-90 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болады деп күтілуде. Министр келтірген ақпарға сүйенсек, жолдарды ақылы ету жүйелерін іске асыру жалғасуда. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 471 шақырым болатын Алматы – Қорғас, Алматы – Қапшағай және Астана – Теміртау жол учаскелерінде ақы алу басталды. Министрдің айтуынша, екі жыл ішінде тағы 5,5 мың шақырым жолды ақы төлеу жүйесіне іске қосу жоспарланған. Осы қаражат есебінен автожолдарды сақтауға жұмсалатын шығындар айтарлықтай қысқарады.
Ал былтыр елімізде 1,5 мың шақырым республикалық маңызы бар жол жөнделіп, 528 шақырым реконструкцияланған болатын. Биыл республикалық маңызы бар 4,4 мың шақырым автожол жөндеуден өтеді. Жобаларға 100 мыңнан астам жұмысшы тартылады. Жылдың соңына дейін ұзындығы 654 шақырым учаскеде қозғалыс ашылуы тиіс.
Сонымен қатар министр азаматтық авиацияда көрсеткіштердің тұрақты өсіп келе жатқанын атап өтті. Министрдің айтуынша, осы жылдың І жартыжылдығында FlyArystan алғашқы ұлттық әуе төмен бюджетті әуекомпаниясы іске қосылмақ. Бірінші жылда «Эйр Астана» әуе компаниясындағы бағадан екі есе төмен ақымен 1 млн жолаушыға дейін тасымалдау жоспарланып отыр. Жаңа әуе тасымалдаушысының басты міндеті – халықты барынша бюджеттік тасымалмен қамтамасыз ету.
−Жаңа лоукостерде ұшу құны 40-50 доллар шамасында болады. FlyArystan билеттерін сату наурыз айының соңында – сәуір айының басында басталады, – деп нақтылады Ж.Қасымбек.
Айта кетерлігі, биыл FlyArystan әуе компаниясының рейстері Алматыдан Астана, Атырау, Көкшетау, Павлодар, Қарағанды, Қостанай және Тараз қалаларына ұшады деп жоспарланып отыр.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»