«Қазақстан-2050» Стратегиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2050 жылға дейін еліміздің экономикасындағы шағын және орта кәсіпкерлік үлесін 50 пайызға дейін жеткізуді мақсат етіп қойғаны белгілі. Мұның себебі түсінікті. Әлемдегі дамыған елдердің барлығы осы шағын және орта бизнестің кең қанат жаюынан жақсы тұрмысқа жетіп отыр.
Екіншіден, шағын және орта бизнес – қоғамдық және әлеуметтік тұрақтылықтың басты кепілі. Шағын және орта бизнесі дамыған елдердің іргесі шайқала қоймайды. Мұндай елдер дағдарыстарға да төтеп беруге бейім. Өйткені олардың кәсібі мен бағытын ірі кәсіпорындарға қарағанда, заман ыңғайына орай жедел өзгертіп отыруға болады.
Елбасы алға қойған стратегиялық мақсаттарға сәйкес Үкімет пен өңірлер басшылары шағын және орта бизнестің дамуын, экономикадағы оның үлесінің тұрақты өсуін үнемі назарда ұстап келеді. Алайда тұрақты назарда ұстау бар да, оны нақты өмір шындығына айналдыру, яғни мақсатты жүзеге асыру бар. Міне, осы тұрғыдан алғанда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында өткен жыл қорытындысында Астана қаласының алға шығуын ел көлеміндегі үлкен жаңалық ретінде қабылдадық. Жалпы, Астананың өмірдің көптеген мәселелері жөнінде өңірлерге үлгі екені бұрыннан белгілі. Енді осы үлгінің экономиканың өзінде, соның ішінде кәсіпкерлік саласында көрініс беруі, әрине қуантады. Ал енді бас қала болса да жас қала бұған қалай қол жеткізді? Ең әуелі осы жаңалықтың өзі рас па? Оны айқындау үшін цифрларға үңілейік.
2017 жылдың тоғыз айының қорытындысын қараған кезде Астана экономикасындағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 41,5 пайызды құраған болатын. Ал 2018 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Астана экономикасындағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі, өткен жылғыдан бірден 19,5 пайызға көтеріліп, 61 пайызды құраған. Осылайша Астана Мемлекет басшысының экономикадағы, яғни ішкі жалпы өнімді жасаудағы шағын және орта бизнес үлесін 2050 жылға дейін 50 пайызға жеткізу жөнінде алға қойған міндетін мерзімінен бұрын орындады. Әзірге Астана – осындай ірі жетістікке қол жеткізген еліміздегі жалғыз қала. Бұл, әрине елордада жеке бизнес құру үшін қолайлы да, тартымды ахуалдың қалыптасқандығын көрсетеді. Ал енді осыған қалай қол жетті?
Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров бұл жайында былай дейді:
«2018 жылдың қорытындысы бойынша Астанада жаңадан 13 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілері тіркелді. Олардың жұмысы өнім өндіруді 21,9 пайыздан астам өсіріп, өндірілген өнім көлемі 2018 жылғы қаңтар-қыркүйек айларының өзінде 3,5 трлн теңгені құрады. Ал кәсіпкерлердің көбеюіне былтыр басқарманың Халықаралық Bitfury компаниясымен бірлесіп арнайы қанатқақты жобаны жүзеге асыруының септігі көп болды. Осы «Көше саудасына − 1000 орын» қалалық бағдарламасының шеңберінде жер телімдерін бөлу жөніндегі аукциондарды өткізуге жаңа технология енгізілді. Егер бұрын аукциондар «адамдар қатысуымен» өтіп, кәсіпкерлерге қолайсыздық туғызатын болса, қазір барлығы онлайн режімінде өтеді. Тіркелу, кепілдікті төлеу осылайша жүзеге асады. Тіпті аукционға қатысуды қолыңыздағы смартфон арқылы жүзеге асыра аласыз. Сауда-саттықтың өтуін білгісі келген адам оны кез келген уақытта қарай алады. Блокчейнді енгізу үдерісін толығымен ашық етіп жасадық». Барлық ставкалар мен аукционның нәтижелері Құқықтық статистика жəне арнайы есепке алу комитеті тарапынан тексеріледі екен, яғни бұрмалауға жол берілмейді.
Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, қаладағы шағын және орта бизнес өндірген жалпы өңірлік өнімнің салалық құрылымында негізгі үлесі көтерме және бөлшек сауда саласына (30,2%) тиіп отыр. Мұнан кейінгі орындар жылжымайтын мүлік операциялары (15,6%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет (13,4%), көлік және қойма (9,9%), басқа да қызметтер көрсету (6,8%), ақпарат және байланыс (6,3%), білім беру, денсаулық сақтау сияқты салалар еншісінде. «Астанада жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілер саны 2019 жылғы 1 қаңтарда 125 мыңнан асты. Сөйтіп бір жылдың өзінде 28,2 пайызға өсті. Жалпы, қала бойынша 342 мың адам (2018 жылғы 1 қазандағы деректер бойынша) шағын және орта кәсіпкерлік саласында еңбек етуде. Мұның өзі қалада жұмыс істеп жатқан әрбір бес адамның үшеуі шағын және орта бизнеспен шұғылданатынын көрсетеді», дейді ол.
Астанадағы «Даму» қорының аймақтық филиалының директоры Нұрсұлтан Абдолланың айтуынша, 2010 жылдан бастап «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып, аталған бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлерге 765 жоба бойынша 20,5 млрд теңге көлемінде субсидия төленіп, 348 жоба бойынша 7,3 млрд теңгенің кепілдемесі берілген.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында шағын кәсіпкерлікпен айналысатын субъектілерге 71 жоба бойынша 862,9 млн теңгенің шағын несиелері берілді. «Несиеге қолжетімділікті арттыру мақсатында Астана қаласының әкімдігінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-пен бірге 2015 жылдан бастап 5 жергілікті бағдарлама іске асырылуда. Оны жүзеге асыру басталғаннан бері 7,5 млрд теңгенің 167 жобасы қолдауға ие болды», дейді Н.Абдолла.
Сондай-ақ Астана қаласының әкімдігі аталған қормен бірлесіп биыл «Астана Бизнес 2» бағдарламасын жүзеге асыруға кіріскен. Бағдарламада қарастырылған 1,5 млрд теңгенің 500 млн теңгесін Астана қаласының әкімдігі, 1 млрд теңгесін «Даму» қоры қосып отыр. Бұл бағдарламаның салалық шектеулері жоқ. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер 50 млн теңгеге дейін, ал жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер 100 млн теңгеге дейін несие ала алады. Несиенің қаржыландыру мерзімі – 7 жылға дейін, сыйақы мөлшерлемесі – 8,5 пайыз.
Сонымен қатар Астана қаласының Өңірлік кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында шағын және орта кәсіпкерлікпен шұғылданушыларға және өз ісін бастаймын деген азаматтарға қаржылық емес қолдау көрсетуде. Ондай қолдаулар кәсіпкерлерді қажетті ақпараттармен қамту, біліктілігін, жұмыс өнімділігін арттыру және бизнесті кеңейту үшін кеңестер беру мен оқыту түрінде жасалады. 2018 жылы сервистік қызмет көрсету аясында бухгалтерлік есеп, құқықтық, маркетингтік зерттеулер секілді 8 бағыт бойынша 4 287 консалтингтік қызмет көрсетіліпті.
Бизнес мектебінің аясында кәсіпкерлік негіздер бойынша 1 898 тыңдаушы, соның ішінде 1119 әйел оқытылған.
Міне, осындай және басқа да шаралар нәтижесінде жедел даму жолына түскен Астананың шағын және орта бизнесінің болашағы жарқын деп айтуға болады.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»