...Қасиетті Барқытбелдің күнгейінде қоныс тепкен Үржар ауданы – облыс орталығы Өскеменнен 500 шақырым қашықтықта жатқан, 27 ауылдық округтерге біріктірілген 54 елді мекенде 75 мыңға жуық халық тұратын, экономикасы мен ауыл шаруашылығы қатар дамыған құтты өңір.
Міне, күн сайын өркен жайып келе жатқан аудан жұртшылығы жақында өңірдің құрылғанына 90 жыл толуын Алакөлдің жағасындағы Қабанбай ауылында атап өтті. Қабанбай ауылында жаңадан ашылған сәулетті Мәдениет үйіне тұрғындар молынан жиналды.
Көңілді музыка Мәдениет үйінде шалқып тұр. Жаңа ғимараттың ішінде «Ұлы даланың жеті қыры», «Ұлы даланың үкілі Үржары», «Үржар ханшайымы», ауданның дамуынан сыр шертетін айшықты жазулар менмұндалайды. Мәдениет үйіндегі мұражай ішінде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған ұлттық құндылықтарды ардақтау жөнінде айтылған жәдігерлердің барлығы көрініс тапқан. Бұл өңір болашақта халықаралық туризм орталығы болмақ. Оған мысал жеткілікті. Облыс әкімі Д.Ахметовтің қамқорлығымен соңғы екі-үш жылда ғана Алакөл адам танымастай өзгерді. Тек былтырдың өзінде алыс-жақын елдерден Алакөлге 700 мыңнан астам турист келіп, демалған, суы адам ағзасына аса пайдалы көл суына шомылған. Ауданды соңғы алты жыл бойы іскерлікпен басқарып келе жатқан, бұған дейін Зайсан, Катонқарағай аудандарына басшылық жасаған «Құрмет» орденінің иегері, ауыл шаруашылығы саласын бес саусағындай меңгерген Серік Зайнулдин таяудағы үш жылда Алакөлдің инфрақұрылымын дамытуға тағы 12 миллиард теңге бөлінгенін айтты.
– Ауданның құрылғанына 90 жыл толуына арналған салтанатты шараны ел тәуелсіздігі үшін шайқасып, елі мен жерінің тұтастығы үшін жанын пида еткен Қабанбай бабамыз атындағы ауылда өткізіп отырғанымызда үлкен мән бар, – деді аудан әкімі Серік Зайнулдин. – Аталған ауыл Алакөлдің жағасында орналасқан. Ауыл адам танымастай өзгерді. Үржар ханшайымының макетін мұражайға қою ойда бар. Аудан экономикасы жедел дамып келеді. Тәуелсіздік жылдары ауданымызда 23 мектеп, 1 балабақша, 4 емдеу мекемесі, бірнеше спорт модулі, 2 стадион, 3 Мәдениет үйі, 15 ауылдық клуб, 8 кітапхана пайдалануға берілді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өңірдегі өнеркәсіп көлемі 166 миллион теңге болса, былтыр жыл соңында 4,2 миллиард теңгені құрады немесе 25 есеге өсті. Ал ауданның негізгі бағыты ауыл шаруашылығы өнімі 54 миллиард 390 миллион теңгеге жетіп, 74 есеге өсті.
Үржардың спорты жайлы сөз қозғағанда, Олимпия ойындарына қатысып, тамаша өнер көрсеткен Әсет Мәмбетов, Дархан Баяхметов, Әсет Иманбаев, қысқы спорттың саңлақтары Диас Кенешев, Оксана Яцкая, Сағдат Садықов, Думан Әлдиев, Қуаныш Салықбаев, Шалқар Жоламанов, Айбек Атажанов, Айдар Қайырбаев, Ерлан Сіләмбаев, Еркебұлан Қосаев, Алмат Кебісбаев, Дархан Өрікбаев, жақында ғана өткен Әлем чемпионатында күміспен күптелген Ерлан Серікжанов, тағы басқаларды мақтан тұтамыз. Олардың барлығы Әлем чемпионаттары мен халықаралық жарыстарда топ жарған мақтаулы азаматтар.
Бұдан кейін құттықтау сөз «Серпер» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, мәдениет саласының үздігі, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жүлдегері, ақын Ержан Жұмабекке тиіп, ол жерлестеріне арнаған өз өлеңін оқып берді.
Жиын соңы «Ұлы даланың үкілі Үржары» атты мерекелік концертке ұласты. Әсіресе театрландырылған көрініс ерекше әсерлі болды. Шоуға қатысқан жүзден астам өнерпаздардың сән-салтанаты келіскен, көздің жауын алатын киімі мен өнері көпшілікті тәнті етті. Қабанбай ауылында батырдың рухына арналып ас берілді. Қажығали Мұқановтың пьесасы бойынша «Қаракерей Қабанбай» спектаклі қойылды.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
ардагер-журналист
Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы