Басына іс түсіп, тағдыры тәлкекке ұшыраған жандар араша күтеді. Ол арашаны өзге біреуден емес, соттан іздейді. Ал соттан олар құқық қорғау органдарының бұрмаланған ісінен ақтауды сұрап, әділдікке жетуді көздейді. Бірақ бүгінде бұған қол жеткізу екінің біріне бұйырмайтын секілді. Өйткені ақтау үкімі аз.
Мәселен, 2017 жылдың 11 айында ел соттары 29 375 іс қарапты. Сонда 51 адам ақталған. Ал есірткіге қатысты қылмыстарды сотқа дейінгі тергеу барысында процестік нормалардың бұзылуы, қызмет бабында жалған құжат жасау, лауазымды өкілетті асыра пайдалану, пара алу, ұрлық, алаяқтық секілді және т.б. қосқанда, жыл бойына 70 шақты ақталу үкімі шығыпты. Сол сияқты өткен жылы 93 адам ғана ақталған. Бұл қылмыстық істер бойынша көп іс қаралатын біздің ел үшін аз екені белгілі. Мәселен, белгілі құқықтанушы Марат Бәшімовтің айтуы бойынша, өркениетті елдерде жағдай мүлде басқаша. Оларда бас бостандығынан айыру үкімдерінен гөрі ақтау үкімдері басым. Өйткені олардың мақсаты – адамды бостандықтан айыру емес, адамның құқын қорғау. Осыған орай біздің Елбасымыз да қылмыстық саясатты ізгілендіру қажеттігін үнемі айтып келеді.
Сондықтан бәріміз бірдей «аққа құдай жақ» десек те, неліктен ақтау үкімі аз дейміз? Біз дамыған отыз елдің қатарына енуге ентелеп келе жатқан елміз ғой. Дамыған елдерде керісінше, ақтау үкімі көп болып тұр. Бұған дәлел ретінде соттардың да айтары бар екен. Кейбіреулер біздің елді дамыған елдермен салыстыруға болмайды дейді. Себебі оларда қылмыс жасаған адамды ұстаған бойда бірден сотқа жеткізеді. Ал бізде сотқа дейін екі ай тексеріс жүргізіледі. Яғни, бар мәселе қудалау органдарынан басталады. Міне, ақтау үкімдерінің аздығының бір себебі осы деп келтіреді. Бірақ бұл дәлел емес. Қудалау органы тексеріп, прокуратура айыптап, судья соттаған соң бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп отырғандардың кез келгенінен сұрасаңыз, айтатындары: «мен қылмыскер емеспін, өйткені ешқандай қылмыс жасаған жоқпын» дейді. Әрине, олардың сөзіне сенуге де, сенбеуге де болар дерсіз. Бірақ олардың осы жанайқайы жан-жақты жеріне жете тексерілді дей аламыз ба? Бұған «иә» деп, жүз пайыз ешкім де айта алмас. Себебі соттың айыптау үкімін шығаруына құқық қорғау органдарының дәлелдері жеткілікті көрінеді. Ол дәлелдердің дұрыс-бұрыстығын өзіндік зерттеп, тексеріп шығарудан гөрі, соны құптай салу қалыптасқан жолды бұзбауға жақсы. Демек, бұл арада соттың тәуелсіздігі аса қажет. Ал әр судьяны Президент тағайындайды дейміз. Ендеше сот неліктен тәуелсіз бола алмауы мүмкін?
Бұған кезінде көп жылдар Әділет министрлігінде, Жоғарғы сот жүйесінде қызмет істеген және ел Парламентінің Мәжіліс депутаты болған Ирак Елекеев төмендегіше өз ойын білдіреді: «Бұл арада мына жайтты ескерген жөн. Аудандық соттың кез келген судьясы ешуақытта аудандық соттың төрағасына бағынуға тиіс емес. Иә, ол оның ісін қадағалауы да тиіс емес. Өйткені әр судья үкімді біреудің айтқанына сай емес, ішкі түйсігіне сүйеніп шығаруы керек. Бірақ бізде аудандық сот, облыстық сот төрағалары бар. Олардың бақылауы, қадағалауы және бар. Судьялар одан асып кете алмайды. Сонымен қатар процессуалдық қарым-қатынас өте төмен. Егер төменгі сатыдағы судьяның кез келген бір шешімі жоғары тұрған сатыда бұзылса, әлгі судьяның мәселесі қаралады. Ал шетелде олай емес. Мен АҚШ-тың бір судьясымен сөйлескенім бар. Оның он шешімінің төртеуі бұзылған екен. Бұл үшін сізді жауапқа тартқан жоқ па деп сұрадым. Ондай тәртіп бізде жоқ деді. Кімнің мені жауапқа тартуға құқы бар?! Өйткені мен заңға сәйкес өзімнің жеке ішкі түйсігіме сай шешім қабылдаймын. Маған ешкім былай істе деп айта алмайды дейді. Ақтау үкімінің аздығына себепкер болатын бұдан басқа да көптеген адами факторларды айтуға болады».
Соның бірі ретінде кезінде бұл туралы Жақып Асанов та Бас прокурор болып тұрғанда ақтау үкімдерінің аздығын алға тартқан болатын. Ақтау үкімдерін арттыру үшін судья, прокурор және тергеушінің құзыретін бір-бірінен бөлу керек деген. Істің басынан бастап сотқа жібергенге дейін, тергеуші өз-өзіне қожа. Материалдарды өзі жинайды, оларды айғақ ретінде өзі таниды, өзі күдік тудырады, Қылмыстық кодекс бабын өзі белгілейді, соңғы шешімді қабылдап, айыптау актісін шығарады немесе қылмыстық істі тоқтатады. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде немесе біз ұмтылған дамыған 30 елдің бірде-бірінде тергеушілерде мұндай құзырет жоқ, деді. Рас сөз. Дамыған 30 елдің қатарына қосыларымызда мемлекеттің барлық салалары кемшіліксіз бірдей дамуы керек. Мұндай кемшіліктер ақтау үкімдерінің аз болуына әсерін тигізетінін кезінде бірнеше жыл бойына судья болып жұмыс істеген, бүгінде қорғаушылықты қолға алған Белгібай Сахариев те жасырмайды. Ол: «Тергеушілердің қисынсыз істерін көп айтуға болады. Ал прокурорлардың бүгінде қолында үлкен мәртебе бар. Бірақ қорғаушылар қолында ондай құқық жоқ. Сондықтан құқық қорғау органдарының атқарар ісі әрқашанда көңілден шыға бермейді. Өйткені деректерді дәлел ретінде тануда, немесе танымауда және істі қысқартуға келгенде өздеріне қатысты түрлі пікірлер туындауы мүмкін деп жағдайдан шыға алмайды. Содан мұның ақ, қарасын шығарсын деп іс сотқа жолданады. Ал соттарда, өзіңіз көргендей, айыптау үкімдерінен аса алмайды. Сөйтіп айналып келгенде, ақтау үкімі сирек шығады. Әрине қазіргі күні ақтау үкімі мүлде аз деп айтуға болмайды. Жоғары Сот төрағасы болып келген Жақып Асановтың жаңашылдығы, ізгілікті көзқарасы арқасында соттарда ақтау үкімі жылдан-жылға артып келеді», дейді.
Иә, адвокат Б. Сахариевтің айтып отырғаны белгілі жайт. Десек те, мамандар мұның маңыздылығын ерекше атап өтті. Расында, тергеуші іс бойынша материалдарды жинайды және оны дәлел ретінде таниды. Ал қорғаушы жағында мұндай құқық жоқ екендігі ашық айтылады. Бірақ бұл тараптардың бәсекелестігіне ықпал етпейді. Сондықтан деректерді дәлел ретінде тану немесе танымау тергеуші мен прокурорға емес, сотқа тиесілі болу керектігі алға тартылып отыр. Неге? Өйткені сот тарапы тергеу жинаған айғақтармен ғана шектелумен қатар, осы дәлелдердің мәртебесін қайта қарастыруға бейім емес. Демек, соттың алдын ала дәлелдермен байланып қалғандығы – ақтау үкімдерінің тым аз болатындығының басты себебі болып отыр. Ендеше мұны жоюдың жолына неге тезірек түспеске деген сұрақ туындайды. Оған тағы да кедергі көп. Егер сот тарапы тергеу жинаған деректер мен айғақтардың дәлел еместігін анықтаса, айыптаушы тарапқа да, соттың өзіне де үлкен сын. Сондықтанда сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі кеңесте Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов қазақстандықтардың соттарды неге сынайтындығын айтқан болатын. «Соттарды не үшін сынайды? Қылмыстық істегі басты сын – сот айыптауға бейімділікті жұқтырған дейді. Сот алдын ала дәлелдермен байланысты болмауы және айыптау дәйектеріне бейім болмауы қажет. Істі оқыған кезден-ақ, порцесске дейін судьяда айыпталушының кінәлі екендігіне парадигма қалыптасады. Ол айыптау рухын сіңіреді. Одан кейін қорғаушы тараптың дәлелдемесін қабылдау қиынға соғады».
Енді өткен жылғы Сот жүйесінің жұмысын қорытындылаған Жоғарғы Сот төрағасы 2019 жылы сот төрелігінің сапасына мониторинг жүргізілетінін баса жеткізді. Сөйтіп бірінші және апелляциялық сатылардағы әрбір судья өздері шығарған сот шешімдері үшін өздері дербес жауап береді. Бұл – сот төрелігі халық үшін, адам үшін қажет екендігін айқындап береді. Тек осы жағдайда ғана соттар заң үстемдігі мен әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету бойынша өз міндеттерін жүзеге асыра алмақ.
Александр ТАСБОЛАТ,
«Egemen Qazaqstan»