АҚШ-тың азаматтық және иммиграция қызметі (USCIS) өзінің Мәскеу кеңсесінің жабылғаны туралы жариялады. Қазақстан азаматтарының иммиграцияға байланысты бірқатар мәселелер бойынша Афинаға жүгінуіне тура келеді. Бұл туралы ведомствоның ресми сайты хабарлады.
«USCIS жұмыс күшінің айтарлықтай төмендеуіне байланысты 2019 жылдың 29 наурызында Мәскеуде өз кеңсесін жабады. 28 ақпан күні соңғы өтініштерді қабылдайды», - делінген хабарламада.
Мәскеу кеңсесі жабылғаннан кейін Ресей Федерациясы, Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Эстония, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Латвия, Литва, Молдова, Тәжікстан, Түрікменстан, Украина және Өзбекстан азаматтарының өтініштерімен Афинадағы USCIS кеңсесі айналысатын болады.
Бұл ретте Қазақстандағы АҚШ Елшілігінің сайтында отбасын біріктіру, жұмыс иммиграциясы, грин-кард және АҚШ-та неке қию мәселелері бойынша Қазақстан азаматтары Алматыдағы АҚШ консулдығына хабарласа алады,ал босқындар USCIS Афина кеңсесіне жүгінуі қажет.
«Алматыдағы АҚШ Бас консулдығының консулдық бөлімі Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан тұрғындары үшін иммиграциялық визаларды рәсімдейді. Қазақстандағы АҚШ елшілігі босқындардың істерімен айналыспайды. Босқын мәртебесіне үміткер адамдар АҚШ - тың көші-қон қызметіне жүгінуі тиіс», - делінген сайтта.