• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2019

Торғай геоглифтері

2318 рет
көрсетілді

Қостанай облысы Торғай өңірі аумағынан 2007 жылы ғарыштық түсірілімнің көмегімен бұған дейін белгісіз болып келген геоглифтер табылды. Ғылым тілінде геоглиф деп жер бетінде салынған, тұрғызылған геометриялық немесе басқа да ұзындығы төрт метрден кем емес өрнекті фигураларды айтады. 

Геоглифтанушы мамандар бұл геоглифтер осыдан 10-12 мың жыл бұрын пайда болуы мүмкін деген болжам айтады. Тіпті кейбір зерт­теушілер басқадай де­рек­көздерін пайдалана отырып, жоғарыдағы қазақ даласынан табылған мұраларды Маханджар мәдениетімен шамалас б.з.д. 9-6 мың жылдары көлемінде тұрғызылған деген де пікір айтуда. 

Қалай десек те, бұл белгі-бейнелер жер бетіндегі көне мәдениеттің ізі екені анық. Сол себепті, геоглифтер қа­зір жалпыұлттық деңгейлі қасиетті нысандар қатарына алынып, болашақта бұл өл­кені тарихи-мәдени турис­тік орынға айналдыру мүм­кіндігі мол деген пайым жасалуда. 

Аталған тақырып бойынша ізденіп, гео­глиф­­тердің тарихымен шұ­ғыл­данып жүрген зерттеуші Ке­ңесбек Мәулітұлы, мұндай символдарды дүние жүзінің кез келген бұрышынан: құ­рылыстардан, киімдерден, құ­рал­дардан, т.б. кездес­тіруге болады. Бірақ еш жер­­де мұндай дүниелер Тор­ғайдағыдай жер бетінде, алып құрылыс кешендері түрінде кездеспейді дейді. Сондай-ақ зерттеуші гео­глифтердің иесі – Торғай бұғазы ойпатында Атбасар мәдениетін жасаушы про­тотүрік бабалар деген тың пайым ұсыныпты.

Соңғы жылдары жаңадан табылып жатқан белгі-сим­волдарды қосқанда қазір бар­лық геоглиф саны он шақты. Олардың ішін­дегі ірілері: Төрттаған (Үштоғай төрттағаны); Свас­тика (Тор­ғай свастика­сы); Екідің және Ащытас крес­тері.

Үштоғай төрттағаны Қос­танай облысы, Аман­гелді ауданы, Үштоғай кен­тінің шығысында 15 ша­қырым жерде орналасса, Торғай свастикасы Аман­гелді ауданы Үрпек кентінің ма­ңында. Нысандар бейнесі төрт­бұрышты сарай тәрізді барлық тарабында тепе-тең үйінді кеңістігі орналасқан. 

«Болашақта жоғарыдағы объектілерді зерделеу арқы­лы Торғай даласының жаңа тарихы, өлкені мекен­деу­шілердің ежелгі өмірі мен мә­дениеті туралы материалдық һәм рухани жаңа ақпармен қанық боламыз», дейді ғалымдар.

Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»