• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
03 Наурыз, 2010

ҚАЗАҚСТАН ­– РУМЫНИЯНЫҢ ІРІ ИНВЕСТОРЫ

692 рет
көрсетілді

Кеше Ақордада Қазақстан  Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Румыния Президенті Траян Басескумен кездесті. Мәртебелі мейманды ресми қарсы алудың барлық рәсімі жасалған соң Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Румыния Президенті Траян Басеску екеуара кездесіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетуге қатысты мәселелерді талқылады. Кездесуде мемлекет басшылары Қа­зақ­стан мен  Румынияның екіжақты қа­тынастары үйлесімді сипатта дамып келе жатқандығын атап өтті. Президенттердің атап өтуінше, екі елдің ынтымақтастығын тереңдетуге бағытталған құқықтық-ке­лі­сімдік база құрылып жатыр. Сауда-эконо­ми­калық және ғылыми-техникалық ын­ты­мақтастық жөніндегі үкіметаралық ко­миссия табысты жұмыс істеуде. Парла­мент­аралық байланыстар да орнығып келеді. Румыния басшылығы Қазақстан­ның саяси және әлеуметтік-экономика­лық салалардағы қол жеткізген жетістік­те­рін жоғары бағалайды, сондай-ақ Ру­мыния біздің елімізді Орталық Азиядағы негізгі әріптесі деп біледі. Ресми Бухарест Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын және биылғы жылы ЕҚЫҰ саммитін Ас­танада өткізу туралы бастамасын қол­дайды. Бүгінде Қазақстан мен Румыния ара­сында қандай да бір мәселеде саяси келіс­пеушілік жоқ. Бұл ­мемлекет басшылары­ның жоғары деңгейдегі кездесулерінде қол жеткізілген уағдаластықтың арқасы. Со­ның нәтижесінде екі елдің саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гумани­тар­лық салалардағы ынтымақтастығы ойда­ғы­дай дамып келеді. Қазақстан мен Ру­мыния қатынастары сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ, тағы басқа халықаралық ұйымдар аясында да үйлесімділік тауып отыр. Ресми Бухарест Қазақстанды ерекше маңызды стратегиялық әріптес деп біледі. Бұл туралы Румыния Президенті Траян Басеску 2008 жылы өз елінде тіркелген шетелдік дипломатиялық корпуспен кез­десуінде арнайы тоқталып өткен болатын. Румыния басшысы, сонымен қатар, өткен жылы Еуропа Одағының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық жобаларды айқындауда Қазақстанмен қатынасты нығайту аса қажет және маңызды екенін атаған еді. Қазақстан мен Румынияның екіжақты ынтымақтастықты дамытуына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2007 жылғы қарашада Румынияға жасаған мем­лекеттік сапары тың серпін бергенін атап өткен жөн. Өйткені, Елбасының бұл сапа­ры Қазақстан сыртқы саясатындағы ба­сымдықтардың бірі ­– Еуропа Одағымен қатынастарды тереңдету мақсатын көздегенімен ерекшеленді. Президенттердің оңаша кездесуінен соң, мемлекет басшыларының қатысуы­мен кеңейтілген құрамдағы келіссөз жал­ғас­ты. Онда маңызды тақырып болып табылатын халықаралық аренадағы ынты­мақ­тастықты нығайту мәселелері кеңінен талқыланды. Президенттердің атап өткеніндей, екі елдің де жаһандық және өңірлік саясаттағы өзекті мәселелерге қатысты көзқарастары ұқсас. Ауғанстан мен Ирактағы жағдайды тұрақтандыру, халықаралық лаңкестікпен күрес, ядролық қарусыздану және оны таратпау мәсе­лелерінде де ұстанымдары бірдей. Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың атап өткеніндей, Румыния Қазақ­станның Орталық және Шығыс Еуро­падағы жетекші әріптесі болып табылады. Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы өткен жылы 878 миллион АҚШ доллары­нан асты. Бүгінде Қазақстанда Румыния­ның қатысуымен 35 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Ал Румынияда 11 румын­дық-қазақстандық кәсіпорын тіркелген. Олар негізінен құрылыс, электртехника­сы, алтын өндіру өнеркәсібі, меди­циналық дәрі-дәрмек өндіру салаларында жұмыс істеп келеді. Келіссөз барысында тараптар екі елдің энергетика, ауыл шаруашылығы, туризм, тағы басқа салалардағы ынтымақ­тасты­ғының перспективасы айтарлықтай екен­дігін атап өтті. Қазіргі кезде Қазақстан мен Румынияның сауда-экономикалық қатынастары орнықты дамып келеді. Екі елдің сауда-экономикалық қатынастарын­да энергетика, мәшине жасау, металлур­гия, көлік және логистика, жеңіл өнер­кә­сіп салалары негізгі болып табылады. Қазақстан Республикасы бүгінде Румы­нияның ірі шетелдік инвесторларының бірі болып отыр. Өйткені, 2007 жылдың қа­рашасында “ҚазМұнайГаз” компания­сы­ның еншілес кәсіпорны “ҚазМұнай­Газ” сауда үйі” АҚ Румынияның “Ром­петрол” мұнай-газ компаниясының 75 пайыз акциясын, ал 2009 жылдың шіл­десінде қалған 25 пайыз акциясын сатып алды. “ҚазМұнайГаз” компаниясының толық иелігіне өткен “Ромпетролдың” Еуро­паның алты елінде 900 автомайқұю стансасы жұмыс істейді. Қазақстандық негізгі инвестиция “Петромидия” мұнай өңдеу зауытын жаң­ғыр­туға және автомайқұю стансаларын дамытуға бағытталған. Бұдан бөлек 2008 жылы Констанца портында жылдық қуаты 90-165 мың тоннаны құрайтын теңіз терминалының құрылысы аяқталды. Жалпы, Қазақстан Румынияда бұдан басқа да инвестициялық жобаларды жү­зеге асыруды жоспарлап отыр. Осы жерде атап өтейік, Қазақстанның жоғарыда аталған “Ромпетрол” компаниясын сатып алуы Еуропа Одағы елдері аумағындағы алғашқы ірі инвестициялық жобасы болып табылады. Қазақстанның бұл елдің экономикасына салған инвестициясының жалпы көлемі 3,5 миллиард долларды құра­ды. Осы жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде Қазақстан Румынияға мұнай жеткізуші жетекші елдердің біріне айналды. Өйткені, Қазақстан бұл елдің мұнайға қажеттілігінің 30 пайызға жуығын қамтамасыз етіп отыр. Кеңейтілген құрамдағы келіссөздің қо­рытындысында Қазақстан мен Румы­ния­ның ынтымақтастығын әрі қарай терең­детуге бағытталған бес құжатқа ­– Қазақ­стан Үкіметі мен Румыния Үкіметі ара­сындағы экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге, Қазақстан Үкіметі мен Румыния Үкіметі арасындағы инвести­ция­ны өзара қорғау және көтермелеу ту­ралы келісімге, Қазақстан Әділет ми­нистр­лігі мен Румыния Әділет және аза­маттық бостандықтар министрлігі ара­сын­дағы ынтымақтастық туралы келісімге, Қазақстан Үкіметі мен Румыния Үкіметі арасындағы туризм саласы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге және Қазақстан Статистика агенттігі мен Румыния Ұлттық статистика институты арасындағы статис­тика саласы бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы мемо­ран­думға қол қойылды. Құжаттарға қол қою рәсімінен кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев пен Румыния Президенті Траян Басеску қазақстандық және румындық БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз мәсли­хатын өткізіп, журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды. Қазақстан мен Румыния мемлекеттері ара­сындағы ынтымақтастықтың үлкен тарихы бар, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл кездесуге біз зор мән береміз. Саяси тұрғыдан алғанда екіжақты қарым-қаты­настардың дамуына қажетті барлық жағ­дайлар бар деп есептейміз. Румыния Президенті Траян Басескудің бұл сапары екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жоғары деңгейге көтереді деп есептеймін. Бұдан соң Елбасы Қазақстан мен Румынияның сауда-экономикалық қаты­нас­тарына тоқталды. Мемлекет басшы­сы­ның атап өткеніндей, Румыния Қазақ­стан­ның Орталық және Шығыс Еуропа­д­ағы жетекші әріптестерінің бірі болып та­былады. Ал бүгінгі қол қойылған құ­жаттар екі елдің сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтас­ты­ғын дамытуға қызмет ететін болады. Румыния Президенті Траян Басеску екі елдің түрлі салалардағы қатынас­та­ры­на жоғары баға бере келіп, оларды әрі қарай дамытудың перспективаларына тоқталды. Румыния басшысының  атап өтуін­ше, Румыния Қазақстанның энерге­тикалық мүмкіндігін пайдалануға мүдделі. Сонымен қатар Қазақстанмен өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, тағы басқа да са­лаларда тығыз байланыс жасауға қызығу­шы­лық танытып отыр. Оның ішінде бір­лесіп көмірсутегін өндіру де бар. Қазақ­стан Румынияның Орталық Азиядағы стратегиялық әріптесі болып табылады, деді әрі қарай Румыния Президенті. Биыл­ғы жылы екі ел арасындағы тауар айналымы өткен жылғыдан едәуір арта­тынына сенімдімін. Өйткені, бұдан екі жыл бұрын Қазақстан мен Румынияның өзара тауар айналымы 2 миллиард дол­лардан асқан болатын. Сөзінің соңында Румыния Президенті Траян Басеску Қазақстан Республика­сы­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде Ұйым­ның жоғары деңгейдегі саммитін Астанада өткізу бастамасына қолдау білдіретінін айтты. Сонымен қатар ол Қазақстан аума­ғында тұратын румын этносына Қазақ­стан басшылығы тарапынан жаса­лып жатқан жақсы жағдайлар үшін Нұр­сұлтан Назарбаевқа алғысын білдірді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.