Сәрсенбі, 29 ақпан 2012 7:43
Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 20 жыл толып отыр. Тәуелсіздіктің елең-алаңында еңсе көтерген қазақ әскері осы жылдар аралығында қуатты елдің құрыш қайратына айналды. Қарулы Күштердің алдында алғашқы күннен жауынгерлік дайындықты нығайту мен оны одан әрі жетілдіру тапсырмалары тұрды. Қазақстан халқы бүгінгі күні өздерінің қауіпсіздігі берік қолда екеніне сенімді.
Сәрсенбі, 29 ақпан 2012 7:43
Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 20 жыл толып отыр. Тәуелсіздіктің елең-алаңында еңсе көтерген қазақ әскері осы жылдар аралығында қуатты елдің құрыш қайратына айналды. Қарулы Күштердің алдында алғашқы күннен жауынгерлік дайындықты нығайту мен оны одан әрі жетілдіру тапсырмалары тұрды. Қазақстан халқы бүгінгі күні өздерінің қауіпсіздігі берік қолда екеніне сенімді.
Қазақстан заманауи, жинақы да ұтқыр, жауынгерлік дайындық деңгейі жоғары армия құру жолын таңдады. Cол себепті де Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлік деңгейін көтеру мемлекеттің әскери қауіпсіздік саласындағы басты тапсырмаларының бірі болып қала бермек.
Әлемдік қоғамдастық соңғы жылдары айтарлықтай ауыртпалықтарды бастан кешірді. Бұл мемлекеттің ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлерге дер кезінде төтеп беріп, оған сындарлы жауап беру сынағына дайындық кезеңі, ел басшылары үшін дағдарыс жағдайында белсенділік пен төзімділік қабілетін көрсетуге арналған сынақ болды. Қазақстан бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, прогресті дамудың даңғыл жолына түсті.
Қазақстан Республикасы әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылық саясатын ұдайы қолдайтын, сенім мен қауіпсіздік шараларын нығайтуды қалайтын, жаппай қырып-жою қаруларын шектейтін және оны таратпау жөніндегі келісімдерді тиімді орындауды бақылауға айрықша маңыз беретін мемлекет ретінде танылды.
Ел басшылығы барлық күш-жігерін шекара периметрі бойынша қауіпсіздік белдеуін құруға, ұжымдық қауіпсіздіктің аймақтық жүйесі негіздерін жасауға, ядролық қатерді азайтуға жұмылдырды.
Баршаға белгілі, Кеңес Одағы күйрегеннен кейін біздің елімізде қуаты жағынан әлемдегі төртінші ядролық мұра қалды. Семей полигонын жабу және ядролық қарудан бас тарту Тәуелсіз Қазақстанның адамзатқа берген алғашқы игілігі болды. Біздің еліміз әлемдегі ауқымы жөнінен төртінші ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартты. Әлем алдындағы жаћандық жауапкершілігімізді сезіне отырып, мемлекетіміз, өмірдің өзі көрсетіп бергеніндей, бірден-бір дұрыс шешім қабылдады. Қазақстан ТМД-да алғашқылардың бірі болып Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа және Ядролық сынақтарға баршаны қамтитын тыйым салу туралы шартқа қосылды. Еліміздің аумағынан соңғы ядролық оқтұмсықтар біржолата әкетілді және әлемнің ядролық державалары біздің еліміздің қауіпсіздігіне кепілдік беретін меморандумға қол қойды. Қазақстанның бастамасы бойынша 2006 жылы Семейде Орталық Азияда ядролық қарудан ада аймақ құру туралы шартқа қол қойылды. Осынау тарихи актілер халықаралық қоғамдастыққа Қазақ елінің күш қолдану мен әскери қатерден ада бейбітшілікті жақтайтынын көрсетіп берді.
Сол кездегі біздің элитаның елеулі бөлігі де ядролық әлеуетті сақтап қалуға бейілді болды, олардың пікірінше, бұл бұған дейін ешкімге белгісіз ел әп-сәтте ядролық державалар қатарына қосылар еді. Осыған қарамастан, адамзатты жаппай қырып-жоятын жойқын қарудан біржолата бас тартқан еліміз бейбітшіліктің белдеуіне айналды. Еліміз әлемнің алпауыт мемлекеттерімен терезесі тең жағдайда әріптестік қарым-қатынас орнатты. Кеткеніміз келді, кемісіміз толды, ұлттық құндылықтарымыз ұлықтала бастады.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонда 2010 жылы сәуірде Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте Ядролық қаруларды жалпыға бірдей көлбеу және тігінен таратпау туралы жаңа әмбебап шарт жасау туралы бастама көтеріп, Біріккен Ұлттар Ұйымын Ядросыз әлемнің жалпыға бірдей декларациясын қабылдауға шақырды.
Вашингтонда өткен осы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитте халықаралық қоғамдастық Қазақстанның жасампаз миссиясын мойындап, Елбасына Бейбітшілік және алдын алу дипломатиясы сыйлығының табыс етілуі Қазақстанның алғашқы күннен-ақ дұрыс жолды таңдағанын дәлелдесе керек.
Елбасы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында да Ядросыз әлемнің жалпыға бірдей декларациясын қабылдау мәселесін тағы да атап өтті. Қазақстанның бұл бастамасы ағымдағы жылғы наурыз айында ядролық қауіпсіздік мәселелері бойынша Сеулде өтетін ғаламдық саммитте одан әрі нақтыланып, мақұлданары анық.
Қазіргі қалыптасып отырған халықаралық жағдайда жаппай қырып-жою қаруларын таратпау, қару-жарақты бақылау және қарусыздану мәселелері мемлекеттік қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі болып отыр. Қазақстан Республикасы сенім мен қауіпсіздік шараларын нығайту және қарусыздану жолы арқылы соғыс қаупін сейілту шараларына белсене қатысып келеді.
Сонымен қатар, біздің еліміз қажетті қорғаныс қабілетін сақтай отырып, өз қару-жарағын қысқартуға қатысты да бірқатар шаралар қабылдады.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі өз қызметі шеңберінде қару-жарақты бақылау саласындағы бірнеше халықаралық шарттар мен келісімдерге қатысушы болып табылады. Солардың бірі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) – ТМД мемлекеттерінің Ұжымдық қауіпсіздік шарты негізінде құрылып, 1992 жылы 15 мамырда қол қойылған әскери саяси одақ.
ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекеттер: Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы. Мақсаты – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық күштерінің жедел әрекет ету жасақтарының жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізу дайындығы мен қарулы қақтығыстарды оқшаулаудағы тәжірибелері мен шеберліктерін шыңдау. Бір сөзбен айтқанда, террорға қарсы тойтарыс беру.
Ұлттық қауіпсіздігімізді нығайтудың болашақтағы басым бағыттарының бірі әскери салада халықаралық ынтымақтастықты дамыту болып табылады. Бұл ретте ҰҚШҰ-ның өңірлік халықаралық ұйымдар – ШЫҰ, ЕҚЫҰ-мен халықаралық ынтымақтастығының маңызы арта түсуде. Мұндағы басты міндеттердің бірі қазіргі заманғы қауіп-қатерге, терроризмге, экстремизмге, заңсыз есірткі мен қару-жарақ айналымына қарсы тұратын жүйе қалыптастыру болып табылады.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) еуропалық кеңістікте дағдылы қару-жарақ түрлерін шектеу үдерістерінде жетекші рөл атқарады. Ұйымның тікелей ықпал етуімен қару-жараққа бақылау жасауға бағытталған Еуропадағы дағдылы қарулы күштер туралы шартқа және Қауіпсіздік пен сенім шараларын нығайту жөніндегі Вена келіссөздер құжатына қол қойылды. Бұл құжаттар Ұйымның қару-жараққа бақылау орнату үдерісіндегі ең басты жетістігі болып табылады. Бүгінде Ұйым қол жеткізілген осы келісім-шарттарды жетілдіріп, оларда көрсетілген мәселелерді жүзеге асыруда тұрақты жұмыстар жүргізіліп келеді.
Қазақстан ЕҚЫҰ-ның белді де белсенді мүшесі ретінде қару-жарақ түрлерін шектеу және оларды бақылау мәселесін басты назарда ұстайды. Өйткені, еліміз бастапқы кезде-ақ халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау, қарусыздану және қару-жарақ түрлеріне бақылау орнату өңірлік және ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың негізгі құралы екендігін мәлімдеген болатын. Сонымен қатар, Қазақстан ерекше маңызды құжаттар – Ядролық қаруды таратпау туралы, Ядролық сынақтарға тыйым салу туралы, Еуропадағы дағдылы қарулы күштер туралы, Стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту туралы шарттардың, басқа да халықаралық келісімдердің белсенді қатысушысы. Еліміз бүгінде ЕҚЫҰ-ның үш өлшемінің бірі – әскери-саяси өлшем аясында, сондай-ақ аталған шарттардың, басқа да халықаралық құжаттардың негізінде қауіпсіздік пен сенім шараларын нығайту және қару-жараққа бақылау жасау салаларында белсенді жұмыстар жүргізіп келеді.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен қару-жарақты бақылау саласындағы ынтымақтастығының тағы бір бағыты – 1999 жылы қабылданған Қауіпсіздік және сенім шараларын нығайту жөніндегі келіссөздер туралы Вена құжаты болып табылады. Жалпы, біздің еліміз қару-жарақты бақылауға байланысты халықаралық режімдердің орындалуына ерекше назар аударып келеді. Оның түп негізінде тәуелсіз Қазақстанның әскери-саяси мүдделерін ілгерілету, өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті нығайту мәселелері жатыр. Қазақстан Республикасы Вена құжатында көрсетілген міндеттерді ойдағыдай орындап және жүзеге асырып келеді. Мысалы, еліміз жыл сайын әскери ұйымдармен әскери күштер туралы, қатысушы мемлекеттер арасындағы негізгі қарулар мен техникалар жөнінде дипломатиялық арналар арқылы ақпараттар алмасып отырады.
Тағы бір айта кетерлік ең маңызды шаралардың бірі Қазақстанмен шекаралас жатқан Ресей, Қытай және жаңадан құрылған Орталық Азия мемлекеттерімен аумақтық келісімдер жүргізіп, шекара мәселесін шешу болды. Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстанға шекараға қатысты аумақтық дауларды өркениетті түрде шешуге қол жеткізілді. Осыған байланысты саяси, экономикалық және гуманитарлық сипаттағы мәселелерді шешетін жаңа мемлекетаралық ұйым құрылымын құру қажет болды. Туындап отырған қолайлы саяси ахуал негізінде, сондай-ақ, халықаралық терроризмнің кенеттен кең етек алуы себепті, Орталық Азия аумағындағы елдерді жекелеп тұрақсыздандыру қаупі туындады. Сол себепті Қытай, Ресей, Қазақстан, Тәжікстан мен Қырғызстан 1996 жылы «Шекара маңында әскери сенімді нығайту жөніндегі шараларға» қол қойды. Бес серіктес-мемлекеттің тағдырындағы бұл оқиға Шанхайда жүзеге асты. Содан бері жаңа мемлекетаралық құрылым «Шанхай бестігі» аталып кетті.
1997 жылы Мәскеуде «Шанхай бестігіне» мүше елдердің саммитінде шекаралық аудандардағы қарулы күштер мен қару-жарақты қысқартуды тәртіпке келтіру туралы маңызды құжат қабылданды. Бұл құжат «Шекаралық ауданда қарулы күштерді өзара қысқарту келісімі» деп аталады. Келісімнің қабылдануы мен «Шанхай бестігі» елдерінің бір-бірімен жақындаса түсуіне, бірінші кезекте, шекаралық аймақтардың қауіпсіздігіне қатер төнуі мәжбүр етті.
Маңызды екі құжат қабылданған соң, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша «Шанхай бестігіне» мүше елдердің жыл сайын бірлескен саммитін өткізіп тұру келісілді. Бұл саммиттер 1998 жылы Алматыда, 1999 жылы Бішкекте, 2000 жылы Душанбеде өткізілді. Өткізілген саммиттерде өзара сенім мен татулық жайлы баса айтылып, кейін ол «Шанхай рухы» аталып кетті. Шанхай ынтымақтастық ұйымының органдарында шешімдер барлық елдер түгелдей қарсы болмағанда ғана қабылдануы тиіс.
Соңғы кездерде аталған Ұйымның халықаралық қатынастары едәуір нығайды. Мысалы, Солтүстік Корея, Непал, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және Еуроодақтың мемлекеттері, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы, басқа мемлекеттер мен ұйымдар ШЫҰ іс-әрекетіне зор ықылас қойып отыр.
ШЫҰ қазіргі таңда ірі экономикалық, қаржылық, технологиялық және адами ресурстарға бай, айтарлықтай инновациялық әлеуеті бар қарқынды дамып келе жатқан аймақтық ұйым болып есептеледі. Қазақстан «Шанхай үдерісінің» белсенді қатысушысы болып табылады және Ұйымның мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға, оның тиімділігін арттыру және ШЫҰ-ның қазіргі әлемдегі рөлі мен маңызын нығайтуға барынша пейілді.
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес құру жөніндегі бастаманы да Қазақстан тарапынан 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев көтерген болатын. Ол Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтастықты нығайту жөніндегі халықаралық форум болып табылады.
Оған мүше мемлекеттер: Әзербайжан, Ауғанстан, Бахрейн, Вьетнам, Мысыр, Үндістан, Ирак, Иран, Израиль, Иордания, Қазақстан, Камбоджа, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, ОАЭ, Палестина, Пәкстан, Ресей, Тәжікстан, Тайланд, Түркия, Өзбекстан, Корея Республикасы. Байқаушылар мәртебесіне АҚШ, Жапония, Украина, Индонезия, Малайзия, Катар, Бангладеш, Филиппиндер, сондай-ақ БҰҰ, АМЛ және ЕҚЫҰ ие.
2012 жылы ақпан айында Алматы қаласында аталған кеңеске мүше мемлекеттер әскери-дипломатиялық сарапшыларының бірінші кездесуі өтті. Оған кеңеске мүше 15 мемлекеттің сыртқы істер және қорғаныс министрліктерінің өкілдері қатысты. Аталған шара әскери-саяси өлшем бойынша ынтымақтастықты дамыту және нығайту жұмыстарын тәжірибе жүзінде жандандыру жөніндегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын орындау мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесуде Қазақстан делегациясы кеңеске мүше елдермен әскери-саяси өлшем шеңберінде кейбір сенім шаралары бойынша ынтымақтастықты бастау жөнінде ұсыныс жасады.
Онда әскери лауазымды адамдардың өзара сапарын ұйымдастыру, мәдени спорттық іс-шараларға шақыру, кеңеске мүше мемлекеттердің қару-жарақтарды бақылау бойынша халықаралық шарттарға қатысуы туралы ақпарат алмасу және әскери ведомстволарды басқаратын құрамның өмірбаяны жөніндегі мәліметтермен алмасу ұсынылды.
Ынтымақтастықтың бұл бағыты 2004 жылғы кеңеске мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері қабылдаған Сенім шаралары каталогын тәжірибе жүзінде жүзеге асыру мақсатын көздеді.
Төрағалық етуші түрік тарапы мен кездесуге қатысушылар Қазақстан жағы ұсынған сенім шараларын қолдады және оларды кезең-кезеңімен іске асыруға келісті.
Өз кезегінде Қазақстан Еуропадағы дағдылы қарулы күштер туралы шартқа және Вена құжатына сәйкес шет елдердің аумағында да инспекциялық қызметтерді ойдағыдай жүзеге асырып келеді. Мысалы, еліміздің әскери мамандары 2003 жылдан бастап 10-нан астам мемлекеттің әскери нысандарына инспекциялық тексеру жүргізді. Олардың ішінде Ұлыбритания, Германия, Бельгия, Түркия және Франция бар. Бұл Қазақстан Қарулы Күштерінің әлеуеті мен беделі санаулы жылдар ішінде халықаралық деңгейге көтерілгенін көрсетеді.
Бағдат МАЙКЕЕВ, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор.