• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2019

Семейде ауған соғысы ардагерлерімен кездесу кеші өтті

3588 рет
көрсетілді

Ауған соғысы Кеңес Одағы кезіндегі қайғылы тарихи оқиғалардың бірі. Биыл ақпанның 15-і күні Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен толықтай шыққанына 30 жыл толмақ. Осыған орай Семейдегі Абай  атындағы  кітапханада  «Уақыт Сізді таңдады...» атты ауған соғысы ардагерлерімен кездесу кеші өтті.

- Кештің мақсаты ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету, жат жерде көз жұмған жерлес азаматтарды еске алу және жастарға патриоттық тәрбие беру болып табылады,-деді  Абай атындағы кітапхананың дамыту бөлімінің әдіскері   Светлана  Саягуб.

Кездесуге  өмірінің өлшеулі бір бөлігін,  жалындаған жастық шағының жартысын оқ пен от арасында өткізіп, елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан интернационалист-жауынгерлер, атап айтқанда Боранбай Бегатов,  Совет Айтбаев, Виктор Казаков, Еділ Өміртаевтар қатысты. Шара ең алдымен 71 жасында дүниеден өткен, СССР кезінде Ауғанстанда совет күштерінің арнайы мақсаттағы тобын басқарған, «қара майор» лақап атымен әйгілі болған Борис Керімбаевты және ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан боздақтарды 1 минут үнсіздікпен еске алумен басталды.

 Кеш шымылдығын жастар мен өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие берудің ерекше үлгісін көрсетіп жүрген, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері офицерлерінің бір буынын тәрбиелеген әскери офицер Александр Мартынов ашты.

- Ауған соғысының ардагерлері Ауғанстандағы әскери қызметі туралы естеліктермен бөлісті. Әрбір жауынгер-интернационалистің әңгімесі мен дембель альбомынан алынған фотосуреттері көрсетілген бейнероликтер қатысушыларымызға игі әсер етті,-деді Абай атындағы кітапхананың дамыту бөлімінің әдіскері   Светлана  Саягуб,- іс-шарамызға қатысушы Геологиялық барлау колледжі, «Қайнар» колледжі мен «Радиотехника және байланыс»  колледждерінің студенттері деректі очерктермен де танысты. Фотоальбомдарды парақтап көріп, ауған соғысы жауынгерлері туралы мерзімді басылымдардан ұсынылған жазбаларды оқып көрді. Ауған жолдарымен өткен жерлес жас сарбаздардың ерліктері туралы баяндайтын «Ауған соғысы тарихының беттері» атты кітап көрмесі де жастарға ерекше әсер етті.

Кездесу барысында Шоқан Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» ерлер лицейінің тәрбиеленушілері, Татар өнер мектебінің, «Казаки Прииртышья» халық хорының орындауларында бейбітшілік, достық туралы  патриоттық әндер шырқалды.

Көрмені Семей қаласының әскери Даңқ мұражайы ұсынған жауынгер-интернационалистердің жеке құжаттарынан, заттарынан арнайы әкелінген экспозиция толықтырды.

-Ауған соғысы – жүректе жазылмайтын, тарихта орын алатын ерекше беттер,-дейді Светлана Саягуб,- оқ пен оттың ортасынан оралған ардагерлер үшін Ауғанстан жазылмас жан жарасына айналды. Ауған соғысы он екіде бір гүлі ашылмаған боздақтардың қанымен жазылған тарих деп біледі кейінгі жас буын өкілдері. Жылдар жылжып өткенімен, ерлікпен қаза тапқан ержүрек жауынгерлеріміздің ерлігі ел есінде мәңгі сақталады. Сондықтан да жас буынға ауған ардагерлерінің өжеттігін үлгі ету, ауған соғысында опат болған жауынгерлердің рухына тағзым етуге, есімдерін қастерлеуге  тәрбиелеу әрқайсымыздың қасиетті борышымыз.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,   

«Егемен ҚАЗАҚСТАН»

СЕМЕЙ