Сенбі, 7 сәуір 2012 8:52
“Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің”, дейді халық даналығы. Бұрынырақта ауыл жігіттері жұмыс іздеп қалаға ағылатын еді. Енді ауылға қайтып, несібесін еңбектен тапқандар көбейіп келеді.
Үлкен қалада оларды күтіп тұрған ешкім жоқ. Жұмыс тапқаны, білімін жетілдіріп қосымша мамандық алғаны сіңеді. Ал, қалғанының айналдыратыны базар.
Сенбі, 7 сәуір 2012 8:52
“Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің”, дейді халық даналығы. Бұрынырақта ауыл жігіттері жұмыс іздеп қалаға ағылатын еді. Енді ауылға қайтып, несібесін еңбектен тапқандар көбейіп келеді.
Үлкен қалада оларды күтіп тұрған ешкім жоқ. Жұмыс тапқаны, білімін жетілдіріп қосымша мамандық алғаны сіңеді. Ал, қалғанының айналдыратыны базар.
Сарыағаш ауданының Қапланбек ауылындағы жылыжайлардың жұмысымен танысып жүргенімізде, сонда жұмыс істеп жүрген Асқар Елубаев деген жас жігіт: “Қалада көп уақытымды жоғалтып алдым”, деп қалды.
Айтуынша, базарда тәшкі сүйреген. Тілемсектеніп, әркімнің жүгін машинасына дейін жеткізіп бергеніне тиын-сиын алған. Былайша айтқанда, ойлы жігіт үшін қорлық. Тапқаны тамағынан, пәтер пұлынан артылмапты. Ауылдағы ағасы шақырған. Жылыжай – пайдалы кәсіп. Біраз қаржының басын құрап үлгеріпті. Енді: “Бас екеу болмай, мал көбеймейді”, деп қояды. Асқардікі дұрыс-ау.
Оңтүстік Қазақстан облысына ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұру үшін келген әлеуметтік сала мамандарына қолдау шараларын ұсыну мақсатында 2011 жылға республикалық бюджеттен «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 644 маманға біржолғы көтерме жәрдемақыға 68,2 млн. теңге бөлінді. Оның ішінде: білім беруге – 405 маман, денсаулық сақтау саласына – 222 маман, мәдениет саласына – 8 маман, спорт саласына – 4 маман, әлеуметтік қамсыздандыруға 5 маман қамтылған.
Ауылдық елді мекенге жұмыс істеуге және тұруға келген әлеуметтік сала мамандарының қажеттілігіне қарай 2011 жылы 209 маманға 427 768 мың теңге сомасында жеңілдетілген бюджеттік несие қаралған. Аталған іс-шаралар ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге баратын жастар қатарын көбейтуге бағытталып отыр.
Оның сыртында «Жасыл ел» еңбек жасақтарының қатарында 3700 қыз-жігіт жұмыспен қамтылды. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық транзиттік дәлізі құрылысында 110 студент жастар жұмыс істеді.
Облыс қыз-жігіттері республикалық және жергілікті деңгейде өткізіліп жатқан ауқымды да маңызды іс-шараларға белсене араласуда. Олар ірі-ірі қоғамдық-саяси іс-шаралардан бастап, елді мекендерді көркейту, абаттандыру мәселелерінде жақсы жақтарынан көрінуде.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов келелі жиындарда жастар мәселесін жиі көтеріп, білімдерін жетілдіруіне, қосымша мамандық алуларына және жұмыспен қамтылуына тиісті сала басшыларынан талап етеді. Қуантатындығы, осы жұмыс жемісін беріп келеді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
Шымкент.