• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 15 Ақпан, 2019

Украинада сайлауалды науқан қызып тұр

490 рет
көрсетілді

Украина өзінің 7-президент сайлауын биыл 31 наурызға белгілеп отыр. Оны жеңген адам бұл елді алдағы 5 жылда басқарады. Осы қызметке үміткер ретінде қазір 44 азамат тіркелді. Бұл - Украина тарихында рекордтық көрсеткіш. Орталық сайлау комитеті тағы 47 кандидатты түрлі себеппен тіркеуден бас тартты. 

Кандидаттар. Сайлау додасына қатысатындардың қатар­ын­да 16 Парламент депутаты бар, қал­ғандары да әлсіз емес. Профессор, кәсіпкер, тележурналист, партия жетекшісі, қауіпсіздік қызметінің басшысы және басқалары бар. Бірақ түрлі рейтингтерге қарасақ, үш кан­дидаттың жұлдызы жануы мүмкін. Ол қазіргі президент Петр Порошенко, экс-премьер Юлия Тимошенко және комик Вла­димир Зеленский. Бұл жолы президенттікке үміткерлердің саны неге соншалық көбейді? Бірнеше себеп бар екен. Біріншіден, Украи­нада өзге елдердегідей жүз мың­даған қол жинаудың қажеті жоқ, оның орнына 100 мың доллар жарна төлеп, құжат өткізу керек. Екіншіден, жақында парламент сайлауы келе жатыр. Көпшілік саясаткерлер осы жолы өзін ең бол­мағанда көрсетіп қалғысы келеді. Үшіншіден, арнайы тіркелгендер де бар. Негізгі кандидаттар оларды бас қарсыластарына қарсы қолда­нады. Мәселен, тізімде Юрий Ти­мошенко есімді азамат бар. Ер­тең дауыс берушілер оны Юлия Ти­мо­шенкомен шатастыруы мүмкін. Яғни, экс-премьер біраз дауыстан қағылады. 

Ресей. 2014 жылдан бері Украи­наның Ресеймен қарым-қатынасы күрт суып кеткен соң бұл елдегі президент сайлауы халықаралық маңызға ие. Оған қоса, жақында бұл елдің Жоғарғы Радасы Еуроодаққа және НАТО-ға мүше болуды стратегиялық мақсат ретінде анықтаған заңды қабылдады. Ресей бірден 31 наурыздағы сайлауға өз бақылаушыларын жібермекші болды. Алайда, Парламент «агрессор мемлекетке» сайлауға келуге тыйым салатын заңды қабылдап қойды. Ал Петр Порошенко: мен жоғарғы бас қолбасшы ретінде шекара қыз­ме­тіне Ресейден бақылаушыны кір­гіз­беу туралы бұйрық бердім деп мә­лімдеді. Яғни, Мәскеу осы сай­лау­­дың сапасына баға бере алмай­ды. 

Не өзгерді? 2014 жылғы соңғы сайлауда 54 пайыз дауыс жиған Петр Порошенко жеңіске жеткен еді. Юлия Тимошенко 12 пайызбен екінші орын алған. Ол кезде жағдай мүлдем басқа еді. Экс-президент Янукович елден қашып, еуромайдан жеңіске жетіп, оны қолдаған ірі кәсіпкер П.Порошенко абыройға ие болды. Бірақ 5 жылдан соң елдің саяси көңіл күйі өзгерді. Порошенко ұлы реформатор атана алмады, жемқорлық азаймады. Киев күнделікті саяси қақтығыстардың алаң­ына ай­налды. Жұрт жаңа тұлғаларды күтті. Бәл­кім сол үшін актер, комик Зе­лен­­скийдің танымалдығы артып кет­­кен болар. Кандидаттардың қаң­тар айын­­дағы рейтингісі келесідей: Вла­ди­мир Зеленский – 21%, Юлия Тимошенко – 19%, Петр Порошенко 14,8% қолдауға ие. 

Ал енді осы жолы негізгі үш канди­дат дауыс беретін электоратқа не ұсын­бақ? Петр Порошенко өз елін­де әскери жағдай жариялап, шір­кеуін Мәскеуден бөліп, халықтың патриоттық сезімін пай­даланғысы келеді. Тимошенко оп­по­зиционер ретінде билікті сынап, арзан газды уәде етіп жатыр. Ал актер Владимир Зеленский өзі бас рөл­де ойнайтын «Слуга народа – Ха­лық қызметшісі» сериалының ауди­то­рия­сына үміттенеді. Ал әлеу­меттік сауал­намаға қарасақ, Ук­раи­на халқына керегі қарапайым дү­ниелер. Шы­ғыстағы соғыс аяқталса, экономика кө­терілсе, жемқорлық жойылса, комму­налдық төлем азайса дейді. Яғни, ТМД елдерінің көпшілігіне тән сұраныс.

Петр Порошенко. Ал енді осы үш кандидаттың әрқайсысын бөлек-бөлек қарастырып көрсек. Олардың осы сай­лау­да президент атану мүмкін­дігі қандай? Петр Порошенко қазіргі пре­зидент, миллиардер. Рошен корпора­ция­сының иесі. Майдан жеңіске жеткен соң Украина халқы, халықаралық қауым­дастық Порошенкодан үлкен ре­формалар күтті. Иә, біраз же­тістігі бар. Жақында өзі бір сұх­батында 144 реформа жүргізгенін айтты. Полиция мен банк секторын өзгертті, электронды декларацияны енгізді, Еуропаға визасыз кіру құқығына қол жеткізді, православ шіркеуін Ресейден бөліп алды. Алайда, оның орындалмаған уәдесі де, сайлаушылардың ақталмаған үміті де жетіп артылады. Мәселен, Украинада жемқорлық кең тарап кеткен. Жемқорлық индексінде бұл ел әлемде 120-орында. Ком­му­налдық тарифтер де халықты жиі мазалайды, себебі оның бағасы үнемі өседі. Биыл 1 қаңтардан бастап ол орта есеппен 24% қым­бат­тады. Ресей үнемі газымен үркі­теді. Экономика өсімі 3 пайыз ға­на. Украина Еуропадағы ең ке­дей елдің бірі есептеледі. Поро­шен­коның миллиардер болуы, Қырым түбегін қайтармауы, Донбасстағы қақтығысты тоқтата ал­мауы, олигархтардың саясатқа жиі ара­ласуы және басқа да шешілмеген сұрақ­тар оның халық арасындағы қолдауын азайтып жіберді. Сол себепті ол рейтингте үшінші, халықтың 14%-ы ғана оны келесі президент ретінде көргісі келеді. 

Юлия Тимошенко. Тимошенко – 2004 жылғы Украинада болған қызғылт-сары революцияның же­текшілерінің бірі. Сол кездегі президент Ющенконың жақтасы. Осыған дейін Украинаның екі рет премьер-министрі атанып, бір рет сотталып шыққан тәжірибелі сая­саткері. Батькивщи́на партия­сы­ның басшысы. Бұл партия Тимошенконың асығы алшысынан түсіп тұрғанда Жоғарғы Раданың ең ірі саяси күштерінің бірі еді. Алайда, оның түрмеге түсуі партияның елдегі ықпалына да кері әсер етті. Тимошенко осымен үшінші рет президент сайлауына қатыспақ. Ол премьер кезінде экономиканы түзеген, олигархтарға қарсы күрескен, Ресеймен газ мәсе­лесін шешкісі келген саясат­кер ретінде есте қалды. Осы жо­лы электоратқа жаңа конституция, жаңа экономикалық курс, жа­ңа қоғамдық келісім ұсынбақ. Әзір­ге рейтингте екінші. Егер был­тыр күзде Грузия ел басшысы ретінде Саломе Зурабишвили се­кіл­­ді азаматшаны президент сайла­ға­нын ескерсек, онда Юлия Тимо­­шен­­коның да елбасшы атану мүм­кін­дігін жоққа шығаруға болмайды. 

Владимир Зеленский. Актер, комик. Продюсер. Зеленский Украи­наға «95 квартал» шоуы және «Халық қызметшісі» сериалы арқылы танымал болды. Бұдан басқа бірнеше фильмге де түсті. Кезінде ол «Жұлдыздармен би» тележобасында жеңіп шыққан, оның финалдық соңғы көрсетілімінің рейтингісі президенттің жаңа жылдық құттықтау сөзінен де жоғары болған. Бір сөзбен айтқанда, Зеленский Украинада өте танымал медиа тұлға. Бірақ Украина жұрты неге комедиант актерді президент сайлағысы келеді? Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, «Халық қызметшісі» атты сериал саяси жанрда түсірілген. Сериалдың рейтингісі Украинада өте жоғары. Өйткені Зеленский ойнайтын бас кейіпкер Василий Голобородько қатардағы ұстаздан аяқасты президент атанып, елдің естігісі келіп жүрген сөздерді айтады. Сериалда Украинаның ішкі мәселелері анық көрсетіледі. Яғни, бейсаналы түрде аудитория кейіпкер Голобородько мен Зеленскийді байланыстырып отыр. Екіншіден, сарапшылар Украина халқы сонау 2004 жылғы революциядан бері келе жатқан бұрынғы саясаткерлерден шаршады, олар жаңа, тың есімді көргісі келеді дейді. Ал сондай азамат ретінде былтыр қоғам актер Владимир Зеленский мен «Океан Эльзы» рок-тобының әншісі Святослав Вакарчукты атаған. 

Зеленский саяси жоба емес пе? Бәлкім актерді саяси эли­таның кейбір өкілдері қолдап, ар­найы жоба ретінде дайындап жатқан жоқ па деген күдік те бар. Зеленскийдің артында бел­гілі олигарх, миллиардер Игорь Коломойский тұр деген болжам айтылады. Себебі жоғарыда аталған сериал мен шоу Коломойскийге қарасты «1+1» телеарнасында шығады. Ал былтыр Зеленскийдің президенттік сайлауға қатысу туралы мәлімдемесін сол телеарна 31 желтоқсанда түнгі сағат 12-де президент Порошенконың жаңа жылдық құттықтауының орнына беріп жіберді. Миллиардер Коломойскийге бұл не үшін қажет? Себебі президент Порошенко Коломойскийге қарасты банкті тартып алып, үкіметке берді. Енді елінен қашып, Кипрде жатқан Коло­мойс­кий кек алу мақсатында Зелен­­ский­дің танымалдығын артты­рып, По­ро­­шен­коға дауыс бергі­сі келгендер­дің са­­нын азайтуы мүм­кін. Ал егер актердің жо­лы бо­лып қолына билік тисе, Коло­мой­­с­кийдің айы оңынан тууы ғажап емес. 

Бірақ Зеленскийдің президент атануға шынайы мүмкіндігі бар ма? Меніңше, көп емес. Иә, ол танымал, оны қолдайтындар көп, бірақ оның ешбір саяси тәжірибесі жоқ. Ол ертең 44 млн халықтың мәсе­лесін қалай шешпек? Ресеймен Дон­басс, Қырым ісін қалай жүр­гіз­бек? Иә, тарихта Рональд Рейган секілді актерлер президент атанды. Бірақ оған дейін Рейган ірі компанияны, Калифорния штатын басқарды. Ал Зеленский жай ғана актер. Зерттеулерге қарасақ, оған көбіне саясаттан алыс, Киевтегі сая­си у-шудан шаршаған халық бүй­регін бұрыпты. Ал бірақ ертең 31 нау­рыздағы сайлауда негізгі саяси дода бәрібір Порошенко мен Ти­мошенко арасында жүретін шығар. 

Сонымен Украинадағы кезекті пре­зидент сайлауына 1,5 айдай уақыт қалды. Сарапшылар осы жолы сайлауға үлкен ақша бөлі­неді, әр кандидат кемі 150-200 млн доллар қаражат салуы мүмкін дейді. Бірақ не де болса, келесі пре­зидентке істейтін жұмыс же­тер­лік. Қырым, Донбасс, Керчь, жем­қорлық, экономика, олигархия, мем­лекеттік қарыз және басқа да сұрақтар тізіліп, шешімін күтіп тұр.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА,

«Egemen Qazaqstan»